Алматыда бойжеткенді ұрып, бопсалап, интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген екі сотталушыға қатысты сот үкімі шықты.
"Терезеден секіріп кеткен": Алматыда бойжеткенді бопсалаған екі адам сотталды
Фото: Еlitar.kz
1,123
оқылды

Алматыда бойжеткенді ұрып, бопсалап, интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген екі сотталушыға қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тонау, бопсалау және пайдалану мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша Т. және Н.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотпен анықталғандай, былтыр көктемде кәмелет жасқа толмаған қыздар жәбірленушіні ақша бопсалау мақсатында Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің біріне алып келген. Олар қоқан-лоқы, физикалық зорлық-зомбылық көрсету арқылы одан 100 мың теңге талап еткен.

Жәбірленуші ақшасы жоқ екенін айтып, сұраған ақшаларын табуға 2-3 күн сұраған. Бұдан соң сотталушылар С.-ны ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсіру арқылы ақша табуға мәжбүрлеу туралы шешім қабылдаған. Олар өздерінің ойға алған әрекеттерін жүзеге асырған: түн ортасынан кейін пәтерге жәбірленуші С.-мен жыныстық қатынасқа түскісі келген ер адам келген.

«Дегенмен істің бағыты басқаша өрбиді. Жәбірленуші пәтердің есігі құлыптаулы екенін көріп, зорланудан қорқып, екінші қабаттан секіріп кеткен. Салдарынан денсаулығына орташа ауырлықта зиян келді», –  делінді сот отырысында.

Прокурор кінәлілерді 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ.

Сот үкімімен сотталушы Т. кінәлі деп танылып, оған 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал сотталушы Н. 5 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сот сотталушыларды жәбірленушіге моральдық  залал келтіргені үшін 3 миллион теңге беруге міндеттеді. Сондай-ақ адвокаттың қызметіне жұмсалған шығынды өтеу үшін әрқайсысы 600 мың теңгеден төлеу керек. Сот сотталушылардың жасын ескеріп, жазаны жеңілдетті. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.