Венера Тұрғанова – каратэден төрт дүркін әлемнің абсолюттік чемпионы, Азия чемпионы.
Каратэден төрт дүркін әлем чемпионы шығыс жекпе-жегінің құпиясымен бөлісті
1,954
оқылды

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Венера Түркия, Грузия, Өзбекстан, жақында ғана  Жапонияда өткен әлем чемпионатынан олжалы оралды. Әлемді мойындатқан қазақ қызы каратэде ең басты құндылық жеңіс емес екенін айтты.

«Каратэ – бұл өмір стилі. Бұл спорт түрінде шығыстың тұңғиық философиясы, тәлім-тәрбиесі, өмірлік даму қағидалары қоса берілген. Жеңіс, медаль, диплом, қандай да бір атақ оның барлығы негізі қосымша бонус. Басты құндылық – мінез қалыптастыра алуда», – дейді чемпион қыз.

Чемпион қыздың спорт әлеміне келуіне үйдегі ата-анасының тәрбиесі әсер еткен. 

«Ата-анам бала күнімнен түрлі үйірмелерге апаратын. Қайда қатыссам да, нәтиже шығаруға ұмтылатынмын.

Ал көп таңдаудың ішінен нақты каратэге бет бұруыма өзіме ұнайтын, өзімді тұлға ретінде қалыптастыру жолындағы ізденісім мен айналамдағы достарым әсер етті деп айта аламын. Және осы жолға саналы түрде келуіме ықпал еткен бапкерім  Ерікқали Сайынұлы Қойшекеновті ерекше атап өткім келеді», – дейді чемпион қыз. 

 

Әлемді мойындатқан Венера қазір шәкірт тәрбиелеп жатыр. Қазіргі уақытта «Жолбарыс» клубында жаттықтырушы болып еңбек етіп жүр. 

«Шәкірттерімнің арасында кішкентай балалар, жасөспірімдер бар. Тіпті, жақында әйел адамдарға арналған сабақтарды да бастадым. Оған себеп шетелдерге сапарлап шыққан кездегі көрген дүниелерім болды. Біздің қоғамда спортпен кәсіби тұрғыда айналысу «тек жас буынның ісі» деген стереотип қалыптасқан.

 

Шет мемлекеттерде жарыстарға 30-40 жасты былай қойғанда, зейнет жасындағы ересектер де қатысып жатады. Сондықтан  өзін жаңаша қырынан танығысы келетін әйел адамдар үшін ашқан арнайы сабағымның алға қарай үлкен сұранысқа ие болатынына сенемін», – дейді чемпион.  

Баян ЖАНҰЗАҚОВА