Күн тәртібінде Мемлекет басшысының Жолдауда және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері, Сенаттың өңірді дамытуға ықпалы және Палата мен мәслихаттардың өзара іс-қимыл барысы талқыланды.
Өңірдің мәслихат депутаттарымен және жұртшылығымен кездесуде саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды іске асыруға, сондай-ақ, облысты дамытудың келешегіне баса мән берілді. Палата Спикерінің айтуынша, көздеген барлық мақсатқа қол жеткізу үшін бірлескен кешенді жұмыс қажет. Мұндай тәсіл – еліміздің сапалы экономикалық дамуының және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың кепілі.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет және салық саясатының тиімділігін арттыру салаларында атқарылуға тиіс маңызды міндеттерді белгілеп берді. Бұл басымдықтар депутаттардың назарында болуға тиіс, сондай-ақ, жұмыс барысында және Салық кодексін әзірлеу кезінде ескерілуі керек. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын қаржыландыру дәйекті түрде артады. Ақмола облысы аграрлық сала дамыған өңір болғандықтан, мұндай бастама аймақ тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы көтерген әлеуметтік саланы реформалау да ауқымды жұмысты талап етеді. Елдің игілігіне арналған осы бағыттарда барлық мемлекеттік орган бірлесіп жұмыс істеуі керек», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы экономиканы кешенді түрде ырықтандырудың негізгі басымдықтарына тоқталды. Бұл ретте мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан бас тартудың, мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйелерін өзгертудің мәні жоғары. Кездесуде Мемлекет басшысының республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу және инфрақұрылымды дамытуға қатысты бастамалары да талқыланды. Олар өңірлердің өркендеуі үшін өте өзекті екені анық.
«Ел экономикасын дамытуда және елорданы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде Ақмола облысының маңызы айрықша зор. Өңірде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың, оның ішінде, ауылдық жерлерде мектептердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Дегенмен, аймақта жетістіктермен қатар, шешімін күткен проблемалар да бар. Әсіресе, инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі өте өзекті. Щучинскі-Бурабай демалыс аймағында экологиялық түйткілдер де жоқ емес. Біз өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде осы бағыттарда мәслихаттармен байланысты арттырып, маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы облыстың мәслихат депутаттарын заң шығару жұмысына, парламенттік тыңдаулар, үкімет сағаттары, дөңгелек үстелдер мен көшпелі отырыстар сияқты Палата ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды. Бұл жиындарда белгілі бір мәселелерді шешуге арналған тұжырымдамалық ұсыныстар талқыланып, әзірленеді. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Парламенттік комиссияның және Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес, «Өңір» депутаттық тобы секілді Сенат жанындағы алаңдардың жұмысына назар аударып, бұл бағыттар бойынша да ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік мол екенін айтты.
Облыстың белсенді жастарымен кездесуде реформаларды іске асыруда және аймақтың әлеуетін арттыруда жас буынның атқаратын рөлі талқыланды. Сенат Төрағасы өз сөзінде қазіргі таңда елімізде жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келе жатқанын, осы бағытта кешенді реформалар іске асырылып, стратегиялық бағдарламалар және мемлекеттік жобалар әзірленгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жастардың сапалы білім алуына, оларды баспанамен қамтамасыз етуге және қызметте өсуіне барлық жағдай жасалып келеді. Өңір жастарының кәсіпкерлік бастамаларына көмек көрсету және оларды жұмыспен қамту мәселелерін жүйелі шешу бағытында да іргелі істер атқарылып жатыр. Президенттік жастар кадрлық резервінің арқасында талантты, білімді, білікті жас мамандарға жауапты қызметтерге келудің жаңа бір жолы ашылды. Алдағы уақытта Ақмола облысында да жергілікті кадрлық резервке іріктеу басталады. Облыс жастары өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің дамуына үлкен үлес қосады деп сенемін», – деген Мәулен Әшімбаев Мәжіліс және мәслихат депутаттарының қатарында жастардың болуын қамтамасыз ететін заңнамалық нормаларға да тоқталып өтті.
Палата Спикері Сенатта белсенді жастарды қолдауға арналған Талдау мектебі, Жас сарапшылар клубы сияқты нақты жобалар қолға алынғанын да тілге тиек етті. Аталған бастамалардың мақсаты – талантты жастарға жаңа мүмкіндіктер беру.
Айта кетейік, осы сапар алдында Көкшетау қаласында Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері Ақмола облысының сарапшылар қауымдастығымен кездесті. Онда өңірді дамыту мәселелері және облыстың сарапшылар қауымдастығының Клубпен өзара іс-қимыл жасау тетіктері талқыланды. Мұның бәрі Сенаттың өңірлермен, оның ішінде жергілікті сарапшылармен жүйелі байланыс орнату бағытындағы кешенді жұмыстың нақты нәтижесі екені сөзсіз.
Сапар аясында сенаторлар Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Сондай-ақ «Бота-2015» соя, күнбағыс, рапс майларын шығаратын зауыттың және «Макинск құс фабрикасының» қызметімен танысты. Еңбек ұжымдарымен кездесулерде өндірістерді одан әрі дамыту, қаржыландыру және кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелері сөз болды.
Одан бөлек, сенаторлар «Viamedis» емханасы бар клиникалық-оңалту орталығына барды. Бұл нысан заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған және өңірдің 20 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді.