Мамандық таңдауда қателеспеген және білімі мен білігін елге қызмет етуге арнаған адам әрқашан өзінің жүрек қалауымен келген кәсіптің немесе қызметтің биік шыңына шығып, халықтың алғысына бөленеді. Алайда мамандықтың да мамандығы бар. Елге етене, жұртқа жақын әрі аса қадірлі де қажетті мамандықтың бірі әрі бірегейі – адам жанының арашашысы дәрігер десек еш қателеспейміз. Кез келген адам тірлігінде денсаулығына байланысты медицина маманына жүгінетіні анық. Жаны қиналғанда, дәрігер іздейтіндердің үмітін ақтап, қалың бұқараның сеніміне ие болу оңай емес. Қызығынан қиындығы көп мамандықты шын жүрегімен қалап, оның қыры мен сырын меңгерсе, адам жанының денсаулығының сақшысы бола алады. Жетісу облысындағы сондай жандардың бірі, медицина саласының майталман маманы, білікті басшысы деп қазіргі кезде Ескелді аудандық орталық ауруханасын басқарып отырған Сәуле Рыспекқызы Құсмолданованы айта аламыз.
Медицинада қызметте жүрген 30 жылдан астам кемелді кезеңде осы саладағы біраз сатыны бағындырып, өзіне жүктелген небір жауапты міндеттерді мінсіз атқара білген, сонысымен айналасын мойындатып, қарапайым халықтың сеніміне ие болған Сәуле Рыспекқызы жақында «Қазақстандағы №1 жыл таңдауы» ұлттық жобасының «Жыл дәрігері» аталымында жеңімпаз атанды. Осыған орай білікті басшы, білгір дәрігерге «Қоғам мойындауы» арнайы жүлдесі табыс етілді. Ұлттық жобаны ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, «Қоғам мойындауы» халықтың алғаусыз алғысы мен мерейлі марапатын білдіретін ең жоғары награда және елдің шынайы таңдауы болып саналады.
– Өткен жылы күзде байқаудың ұйымдастырушылары хабарласып, түйіндемемді жіберуді өтінді. Олар менің жұмысымды және аурухананың қызметін әлеуметтік желілер арқылы бақылап, бағалап отырыпты. Расында, біздің ұжымның жұмысы жұрт көңілінен шығып келеді. Үш жыл ішінде үлкен істер атқарылды. Дәл қазіргі кезде мен біздің аурухана жабдықталу жағынан және қызметкерлердің кәсіби тұрғыдағы біліктілігі тұрғысында облыс орталығындағы ауруханалардан кем емес дегенді сеніммен айта аламын, – дейді «Қазақстандағы №1 жыл таңдауы» ұлттық жобасының жеңімпазы, ШЖҚ «Ескелді аудандық орталық ауруханасы» МКК бас дәрігері Сәуле Құсмолданова.
«Жыл адамы» фестивалінің халықаралық мәртбесі бар. Конкурсты ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздарды іріктеу әлеуметтік сауалнама және еліміз аймақтарындағы халықтың пікірлерін саралау нәтижесіне сай жүргізіледі.
Сәуле Рыспекқызының медицина саласы бойынша екі бірдей жоғары білімі бар. Еңбек жолын 1994 жылы Қаратал аудандық орталық ауруханасының гинекология бөлімінде дәрігер-ординатор болып бастаған. Одан кейін гинекология бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры міндеттерін атқарды. Қазіргі кезде Ескелді аудандық орталық ауруханасының директоры. Білікті дәрігер ретінде шетелдерде өткен халықаралық және елімізде болған республикалық конференцияларға қатысып жүр.
2012 жылы Алматы облысының медицина қызметкерлері делегациясы құрамында Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасуға барды. Сол жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетімен «медицина ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесі берілді.
Әр жылдары «Алматы облысының үздік дәрігері» номинациясын иеленіп, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Шапағат», «Төтенше жағдайды қамтамасыз етудегі сіңірген еңбегі үшін» және тағы да басқа мерейтойлық медальдармен, ҚР Президентінің алғысхатымен марапатталған.
– Түрлі жиындарда «Дәрігердің еңбегін немен салыстыруға болады?» деген сұрақ жиі қойылады. Сонда қатты ойланамын. Дәл немен салыстыруға болатынын білмеймін. Бірақ дәрігерге артылатын жауапкершіліктің өте үлкендігін жан-жүрегіммен сезінемін. Өйткені оған қоғамымыздың басты байлығы адам үшін ең қымбат болып саналатын денсаулықты қорғау міндеті жүктелген. Ауыр халдегі науқасты аман алып қалғанда, сол адамның өзі немесе жақындары: «бірінші Құдайға, екінші аман алып қалған дәрігерге рақмет» деп айтып жатады. Енді дәл осындай күрделі жағдайдан соң Құдайдан кейін, дәрігердің аталып отырғанынан-ақ медициналық мамандық иелеріне қандай үміт артылатынын аңғаруға болады. Қалай болғанда да, барлық мамандықтың өзіндік мәртебесі бар. Алайда дәрігер еңбегі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін, жұрт сыйлайтын мамандық , – дейді Сәуле Рыспекқызы.
Елдің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген дәрігер, «AMANAT» партиясынан сайланған аудандық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясы Ескелді аудандық филиалы Саяси кеңес бюросының мүшесі. Ауданда атқарылып жатқан барлық игі істер, шарапатты шаралардың басы-қасында ұйытқы болып жүреді. Аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарының шағымдарын тыңдап, өтініш иелерінің мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етіп жүрген халық қалаулысы.
Болат Абаған, Жетісу облысы