Су құбырларында апат биыл қыста тіпті жиілеп кетті.
Қарағандыда су құбырларында апат жиілеп кетті
538
оқылды

Қарағандыда су құбырларында апат жиілеп кетті, - деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Қала тұрғындары екі күннің бірінде сусыз қалатындарын айтып, жиі шағымданатын болған. Тұтынушыларды ауыз сумен қамтамасыз ететін «ҚарағандыСу» мекемесі ескірген су жүйесін жөндеп үлгермей жатырмыз,- дейді. Шаһардағы құбырлар жүйесінің 61% - ескі. Ал жергілікті әкімдік бұл салаға миллиардтап қаржы бөлінгенін айтып есеп берген. Ендеше ол ақша қайда кетуі мүмкін?

Су құбырларында апат биыл қыста тіпті жиілеп кетті. Осы айдың өзінде бірнеше көпқабаты үй мен жеке сектор тұрғындары он шақты рет сусыз қалды. Әсіресе Сұрыптау, Михайловка, Майқұдық ықшамаудандарында су жиі өшеді.

- Тұрғындар өтініш жасады, ыстық су, жылу болмай қалды. Құбырлар ескірген шығар, ескісі ескі ғой көрініп тұр ғой. Енді ақша бөлу керек қой. Бірақ оны бөлгенмен бәрібір жеп қояды ғой.
- Не істеу керектігін білмеймін, суды үнемі өшіріп тастайды. 30 жыл ештеңе істелмеді, біз уақытымен төлеп отырмыз ғой, төлемесек дереу ағытып тастар еді, ақша алады ал қызмет сапасы өте нашар, - дейді блиц сауалнамаға жауап берген тұрғындар.

Тұтынушыларды ауыз сумен қамтамасыз ететін «ҚарағандыСу» мекемесінің мәліметінше, құбырлар жүйесі 61%- ға тозған. 1958 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жыл сайын оның 2%-ы ғана ауыстырылады. Одан артық айырбастауға қаржы жетпейді, - дейді. Оның үстіне қатты аязда жердің тоңы 1 жарым метрге жетіп әрі сынғыш, әрі онсыз да ескі шойындарды істен шығарған.

«Тарифты да көтеру керек жаңағы адамдардың көзқарасын менталитетін өзгерту үшін, сосын мемлекет тарапынан біздің құрылыс комитетінің тарапынан қаражат бөліну керек. Сол кезде екі жақтап бөлінгенде біз 2-ақ пайыз емес, 5-6 пайызға дейін көтереміз », - дейді "Қарағанды су" ЖШС бас директоры Ербол Төлеуов.

Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, су құбырларына былтыр 10 миллиард теңгедей қаржы бөлінген, ал биыл 4 миллиард теңге жоспарланған. Алайда тұтынушыларға пайдасы шамалы. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі осы салада біраз былықтың бетін ашты. Мәселен, мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізу барысында су құбырының жекеменшік жерге тартылғаны анықталды. Бұл жемқорлық тәуекелдерінің барын көрсетеді дейді.

"Жеке өзіміз мемлекеттік сатып алуды қарағанда жекеменшік жерде 500 млн-нан астам осы су құбырын салу фактісін анықтадық. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы енді құбырлар салынғаннан кейін осы құбырларды мемлекеттің еншісіне алу процедурасы жүргізіліп жатыр. Арнайы орталықтандырылған қызмет құру қажет. Көрдіңіз бе, әкімдіктер, мысалы сатып алады ол жерде техникалық мамандар жетіспейді, білімі төмен мамандар бар. Ал егер де арнайы орталықтандырылған қызмет болса ол жерде нақты қадамдар болады»", - дейді "Әділдік жолы" РҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Рустам Танишбеков.

Қалалық әкімдікке сауал жолдаған болатынбыз. Алайда «ҚарағандыСу» мекемесіне сілтеп тиісті маманмен сұхбастастырудан бас тартты. Айта кетейік, су жүйесі қалада ғана емес облыста да мәз емес. Бүгінде аймақтың 117 елді мекенінде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Оның ішінде 5- еуі суды көрші ауылдардан тасып ішеді. Тіпті Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларының өзінде су тартылмаған көшелер бар.