Ашық және демократиялық сайлау барысында көпшілік дауыспен Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы болып Мақсат Қизатұлы Жабағин сайланған.
Қазақстанда жас ғалымдар кеңесі құрылып, төрағасы сайланды
585
оқылды

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев жас ғалымдармен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жиында айтылғандай, біздің елімізде ғалымдардың жалпы саны 22 мыңнан асады. Бірақ ғылыми дәрежесі бар ғылыми қызметкерлердің орташа жасы 57 жасты құрап отыр, ал ғалымдардың жалпы санының 15%-ы зейнеткерлік жасқа жеткен.

"Бұл ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдығы, ғылымға жас таланттардың келуі үшін оңтайлы жағдайлар жасау қажеттігін айғақтайды. Ұлттық ғылым академиясының басты міндеті – ел экономикасының дамуына зияткерлік үлес қосуға қабілетті дарынды жастарды тарту орталығына айналу. Бұл оның қызметінің негізгі бағыттарының біріне айналады", - деді Ақылбек Күрішбаев.

Ол осы маңызды жұмысты біз қалай дамытамыз, жас ғалымдардың рөлін қалай белсендіруге болады деген сауалдарға да жауап берді. 

"Өз басым, академия басшысы ретінде жас ғалымдардың өз ұсыныстарын айтып қана қоймай, ғылыми саладағы бар мәселелерді шешуге тікелей атсалысқанын қалаймын. Осыған орай кеше Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Оның құрамына еліміздің танымал көшбасшылары, жас, бірақ қалыптасып қалған ғалымдары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және техника жөніндегі Ұлттық кеңестің, Ұлттық Құрылтайдың, Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері мен жас ғалымдар бірлестіктерінің төрағалары кірді", - деді спикер.

Ашық және демократиялық сайлау барысында көпшілік дауыспен Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы болып Мақсат Қизатұлы Жабағин сайланған. Басқарма президенті бұл ретте Жас ғалымдар кеңесінің құрылымы Ғылым академиясының құрылымымен толықтай ұқсас болатынын мәлімдеді. Яғни, құрылымды президиум басқарады, оның жұмысы департаменттерге бөлінеді және аймақтарда өкілдігі болады.

"Осылайша, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жетекші жас ғалымдардың басын біріктіретін және оның қызметіне барлық қажетті өкілеттіктерге ие тиімді ұйымға айналуы үшін Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мәртебесін көтергіміз келеді.

Айта кету керек, ғылыми басқару саласында алғаш рет жас ғалымдардың құқықтарын қорғау үшін омбудсмен, Президиум, Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, жас ғалымдардың мәртебесін көтеру және нығайту миссиясы ресми түрде енгізілді. Сонымен қатар жетекші жас ғалымдар тәуелсіз аналитикалық ұсыныстар береді, өйткені сарапшылар академияның сараптамалық-талдау қызметіне, ғылымды насихаттауға, форсайттық зерттеулер, ақпараттық-талдау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ Ұлттық ғылыми баяндаманы дайындауға қатысады", - деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның дерегінше, ең маңыздысы ғылыми құрылым өзінің даму бағытын анықтап алды. Қазіргі академияның ғылым жүйеде бірегей орны бар.

"Біз ғылымның кезекті әкімшілігіне айналмауымыз керек. Біздің мақсатымыз – ғылымды басқару саласындағы барлық жүйелі олқылықтардың орнын толтыру. Біздің басты пайымымыз тәуелсіз ұсыныстар беретін автономды, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу. Соңғы кездері Академияның кадрлық құрамының өзі, қатты өзгергенін атап өткім келеді. 

Біз белгілі ғалымдарды, қарапайым сөзбен айтқанда, ғылымды өз қолдарымен жасап жүрген жас және орта жастағы ғалымдарды академияға жұмысқа алдық. Бұл академияның жаңа форматта жұмыс істей бастағанын айқындайды, яғни ғылымның жаңа көшбасшыларына назар аударатынын көрсетеді", - деді спикер.