Сәбидің қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, кешенді сараптама тағайындалды.
Қостанайда екі жастағы сәби ауруханада көз жұмды
572
оқылды

Қала тұрғыны Мақпал Баймұхаметова баласының өліміне дәрігерлерді кінәлайды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аstana.tv арнасының жазуынша, былтыр желтоқсан айында екі жастағы Асан ларингит ауруымен облыстық ауруханаға жеткізілген. Бір тәуліктің ішінде бүлдіршіннің тамағындағы дерт, өкпе қабынуына ұласады да беймәлім жағдайда жан тапсырады.

"Медициналық және фармацевтикалық бақылау мекемесінің тексеріс нәтижесімен келіспейміз. Өйткені олар қызметкерлердің түсініктемелері негізінде қорытынды жасаған. Дәрігерлердің жазғанына жүгініп отыр", - деді қала тұрғыны Мақпал Баймұхаметова.

Қабырғасы қайысқан қала тұрғыны тергеу амалдары әділ жүргізілгенін қалайды. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Облыстық балалар ауруханасы мен нөмірі төртінші емханаға, жедел жәрдем қызметіне қатысты кешенді сараптама тағайындалған.

"Осы факті бойынша Қостанай облысының ПД қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында бірқатар қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазіргі таңда 3 медициналық мекемеге қатысты кешенді сараптама тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша тиісті шешімдер қабылданатын болады", - деді облыстық Полиция департаменті Тергеу  басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Құсайынов.