Астанадағы мейрамханалардың бірінде адам қолынан қаза болған Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов Динара Сатжанның YouTube арнасына берген сұхбатында қарындасының ата-енесімен қарым-қатынасы қандай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Massaget.kz тілшісінің жазуынша, Салтанат алғашында енесімен өте жақсы қарым-қатынаста болған.
"Салтанаттың енесімен қарым-қатынасы басында өте керемет болды. Ол тіпті қарындасыма "Салта, үй тазалап, тамақ пісірудің қажеті жоқ, сенің басты міндетің жай ғана әдемі болып, дүкен аралау" дейтін. Яғни, бастапқы уақытта ешқандай мәселе болмады. Оған қоса, Салтанат пен оның ата-енесінің пәтерлері бір тұрғын үйдің екі қабатында орналасқан еді, сондықтан Салтанат енесін қонаққа жиі шақыратын. Ал Бишімбаевқа анасының үйіне көп келетіні ұнамай, алғашқы жанжалдың бірінің себебі болды.
Бірақ бұл ол кезде жай кішкентай ғана жанжал болған еді, яғни ешқандай үлкен мәселенің бастауы болмады", - дейді Салтанат Нүкенованың ағасы.
Еске салайық, былтыр 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмған. Болжам бойынша, әңгіме экс-министрдің әйелі туралы. Бишімбаевтың ұсталғаны туралы хабарламамен қатар Астана полициясы ер адамның ұсталғаны туралы пікір білдірді. Бірақ оның аты-жөнін нақтыламады.
Сондай-ақ сағат 19.54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету стансасы пультіне қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол - Қуандық Бишімбаевтың әйелі.
11 қарашада Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.