Бота Қартбаева учаскелік полицейдің қателігінен қайтыс болғандардың тізіміне еніп кеткен.
Ақтөбе тұрғыны 2 жылдан бері тірі екенін дәлелдей алмай жүр
Видеодан скриншот
797
оқылды

Ақтөбе тұрғыны екі жылдан бері өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр. Бота Қартбаева учаскелік полицейдің қателігінен қайтыс болғандардың тізіміне еніп кеткен. Енді ол емдеу мекемелеріне қарала алмайды, соның кесірінен жұмысқа да орналаса алмаған, деп хабарлайды Aikyn.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

38 жастағы келіншектің жеке куәлігі де, басқа құжаттары да түгел. Алайда қазір қайтыс болған адамдардың тізімінде. Айтуынша, екі жыл бұрын Темір ауданында болған жол апаты кезінде қаза тапқан әйелдің орнына мұның жеке мәліметтері тіркеліп кеткен.

«Учасковыйлардың қатесі. Жеке мәліметті толтырғанда, менің жеке мәліметімді толтырып жіберген. Менің фамилияммен бірдей, қайтыс болған кезде менің жеке мәліметімді тіркеп жібереді. Жұмысқа тұра алмаймын. Медосмотр өте алмаймын. Ауруханаға барсам өлгендердің қатарында тұрсың деп қарамайды»,  – дейді Өрлеу ауылының тұрғыны Бота Қартбаева.

Ботаның алты баласы бар. 2022 жылдың басында мемлекеттен берілетін жәрдемақы да уақытша тоқтап қалыпты. Дегенмен оны кейін қалпына келтірді. Ал медицина мекемелеріне әлі күнге дейін тіркеле алмай жүр. Қарғалы қалалық ауруханасының мамандары да оған көмек қолын созбақшы болыпты. Денсаулық сақтау басқармасына, министрлікке бірнеше рет хат жазған. Алайда әзірге нәтиже жоқ.

«Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінен келген жауап бойынша, Қартбаеваның туыстарына, жеке жолдасына айтқан болатын, қайтыс болғандығын алып тастау үшін әділет орындарына жүгінуі тиіс немесе мәселені сот арқылы шешуді сұрадық», – дейді Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күмісай Байболатова.

Алайда Бота Қартбаева "басқаның қателігі үшін мен неліктен қорғаушы жалдап, қаржым мен уақытымды жоғалтуым керек" дейді. Облыстық Полиция департаментінің өкілдері барлық инстанцияларға нақты сауалнамалық деректер жіберілгенін хабарлады. Көпбалалы ананың жеке деректеріне өзгеріс енгізу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолданған.