Астанадағы Қараөткел зиратында Кенесары ханның 200 сарбазы мен 50 жасауылы жерленгені жайлы талай айтылды.
Кенесары ханның 200 сарбазы жерленген – Қараөткел зираты
Orken Zhoyamergen
4,080
оқылды

 Сол кезде тарихшылар арасында пікір екіге жарылып, бірі бұл мәліметті растаса, енді біреуі жоққа шығарып, елді асығыс шешім айтпауға шақырды. Не десек те, кейіннен «Сакралды Қазақстан» картасына еніп, қасиетті ескерткіштер тізіміне ілікті.  Осының анық-қанығын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Археология және этнология кафедрасының доценті Марал Қалымжанқызы Хабидулина айтып берді.

Негізі, зират қаланың қақ ортасында, Асан қайғы мен Жәнібек Тархан көшесінен Александр Кравцов пен Бараев қиылысында орналасқан. Ресми мекенжайы – Александр Кравцов 3. Көлденең өткен-кеткеннің көзіне түспес үшін  елорданың ең ескі моласын берік қақпамен қоршап тастаған.

«Біз оны өз ортамызда  мұсылмандардың ұлттық пантионы деп атаймыз. Зират аумағы 2011 жылы зерттеле бастады. Онда да біздің оқу орнының мамандары сондағы құлпытастар мен қабірлердегі жазбаларды зерттемек болған. Сөйтіп, сол жердегі арабша, татарша, төте жазумен жазылған тастардың бірінде «Кенесары ханның 200-ден астам батыры мен сарбазы жерленген. 1838 жыл» деп жазылғаны анықталды. Ал тарихта дәл сол уақытта Кенесары ханның көтерілісі болғаны белгілі. Ол қабір зираттың солтүстік-батыс бөлігінде табылған. Өзі жартылай жерге кіріп кеткен екен. Содан 2012 жылы елімізге маңызы бар дүние ретінде «Қасиетті Қазақстан» картасына енді. Бірақ бұған ілігудің өзі бізге оңайға түспеді. «Ұлттық ескерткішті сақтап қалуымыз керек» деген мәселені ғалымдар көтеріп, талай рет бұқаралық ақпарат құралдары жазып, қозғау салды. Әйтпесе, моланың тең жартысы жойылар еді. Өйткені ол жерге көпірден бірден сол жағалауға өтетін жол түсіру ойластырылған» деген тарихшы зиратты қала әкімшілігінің сақтап қалғанын айтты.

Зерттеушілердің айтуынша, осы молада 10 мыңнан аса қабір бар. Ең бірінші жерлеу рәсімі XVI ғасырдың аяғы деп белгіленген, ал соңғысы XX ғасырдың ортасында болған.

– Тік төртбұрыш кейпінде болған моланың ауқымы өте үлкен.  Жалпы, аумағы – 17 169 шаршы метр. Ал қоршауы 125 метрден 137  метрге дейін жетеді. Тіпті, кірпішпен қоршалған аймақ  Бараев көшесінің бойымен өткенде көзге түседі. 2011-2012 жылдары Астана қаласының әкімдігі қаржы бөліп, «Археология и экспертиза» деген  алматылық компанияның қызметкерлері зиратты дронмен суретке түсірген. Міне, солар молада 10 мыңға жуық зират барын айтты. Мұндағы ең көне қабір 1609 жылғы екен. Бұл дегеніміз – XVI ғасырдың аяғы мен XVIІ ғасырдың басын көрсетеді. Ал қалалық билік зиратты 1962 жылы жауып тастаған. Соның өзін есепке алсақ, 300 жыл бойы қанша адам жерленген. Мұнда біздің елдің ғана тарихы емес, үш ғасырдың тарихы сақталған. Ондағы қабірдің басым бөлігінде таңбаланып, жазу жазылмаған. Кейбірі жерленген қабір ретінде төмпешік болып жатыр. Қазақтар қабір басына жазуды XІX ғасырдың ортасында бастаған, – дейді Марал Хабидулина.

Оның айтуынша, зиратта қазақтан басқа өзге ұлттың  да азаматтары жерленген. Моланың бір бұрышында соғыс алдында және соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанға депортацияланған шешен, ингуштардың да бейіті бар. Бұған дәлел 2012 жылы ингуш меценаты Кемуртыев ататегіне жасаған жақсылығы деп, «Қараөткелдің» ескі қоршауын жаңартып бергені.

«Оған қоса, зират ішін аралап жүріп, әйел мен балалардың моласын ажырату мүмкін. Беріде, 1950 жылдары темірмен жай ғана қоршалған қабірге дейін кездеседі. Бірінің басында Ай тұрса, енді біреуінде найза бар. Тасқа қашалып жазылған жазбалары да әртүрлі.  Арабшадан басталып, григорияндық және правосландық күнтізбемен таңбаланған. Мұсылмандыққа қатысты қабірдің көпшілігінде «қыпшақ», «найман», «керей» деп руға дейін көрсетілген», – деді ол.

Тарихшы  Марал Қалымжанқызы зерттеу барысында Ақмола облыстық архивте де біраз дереккөздің табылғанын тілге тиек етті. Бұл – XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы енген карта. Онда Ақмола казактары бекінісінің аумағы көрсетілген. 1830 жылы  бекіністі казактардан жаулап алғаннан кейін, 8 жылдан соң, 1838 жылы Кенесары Қасымның көтерісі болды. Сол бекіністі аларда Кенесары ханның 200-ден астам сарбазы жерленген делінген. Ал картада бекіністің жобасы (план) көпбұрышпен белгіленген. Енді бір деректерде бекіністің шығыс бөлігінде, жарты метр жерде қырғыз зираты орналасқаны айталған. Сансыз өткен ресейлік экспедицияның зерттеуі бойынша мола бекіністен жарты метр жерде орналасқаны дәлелденген.

– Ол кезде зират толық салынып бітпеген. Оның қала ішіне кіруі – ХХ ғасырдың ортасы. 1961 жылы қала Целиноград деп атала бастаған. Ал мола ресми түрде бір жылдан кейін жабылды. Міне, осы бекініс – Астананың бастауы, – дейді Марал Хабидулина.

Оның айтуынша, еліміздің солтүстік және солтүстік-батыстағы жерлерін басып алғанда, орыс патшасының  саясатымен бекіністер тізбегі тұрғызылған. Сондағысы қазақты сол сызықтан шығармай, басқаруды көздеген. Ол жерлерде әуелі казактар, кейін жер аударылған орыс шаруалары көшіп келіп, көшпенді халықтың жеріне орналасқан. Кенесары хан жерді сақтап қалу үшін күрескені белгілі.