Сенат депутаттары заңның жекелеген баптарын мақұлдамай, Мәжіліске қайтарып берді.
Сенат бизнес жүргізуге қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Фото: gov.kz
398
оқылды

Сенаттың бүгінгі жалпы отырысында депутаттар бизнес жүргізу мәселелері жайлы заң жобасының  жекелеген баптарын мақұлдамай, заңның кейбір көрсетілген баптарының жаңа  редакциясын ұсынып, Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев заң жобасы алғашқы оқылымда жан-жақты талқыланғанына тоқталды.

«Бас комитет заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды ұсынды. Көрсетілген баптардың жаңа редакциясымен заңды Мәжіліске қайтаруды ұсынып отыр. Осыған орай кестеге 21 түзету енгізіліп отыр. Осы түзетулерді Бас комитеттің ұсыныстарымен дауысқа қоямыз», – деді Әшімбаев.


Сенаттың депутаттары заңның жекелеген баптары бойынша жаңа редакцияны мақұлдады. Мәжіліс қабылдаған қалған баптар бойынша депутаттар дауыс беріп мақұлдады.

«Заңның жекелеген баптарын мақұлдамау және көрсетілген баптардың жаңа редакциясымен Мәжіліске қайтару туралы қаулыны дауысқа қоямын», – деді Әшімбаев.

Сенат депутаттары заңның жекелеген баптарын мақұлдамай, Мәжіліске қайтарды.

«Президент кәсіпкерліктің дамуына үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы берген тапсырмалар негізінде елімізде кәсіпкерлік заңнаманы жаңарту бойынша жұмыстар қолға алынды. Бүгін қаралған заң бизнеске барынша қолайлы жағдай жасауды көздейтін ауқымды түзетулер топтамасын қамтиды. Атап айтқанда, заң аясында бизнеске әкімшілік тексерулерді азайтуға, бизнес үшін негізсіз кедергілерді алып тастауды көздеген өзгерістер бар. Сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалау тәртібін реттейтін нормалар қайта қаралды. Сонымен қатар палата депутаттары заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда мақұлдады. Осы түзетулер арқылы кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңның кейбір нормалары бизнес пен қоғамның мүддесін ескере отырып, өзектендірілді. Жалпы, қаралған заң елімізде кәсіпкерліктің одан әрі дамуына оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы ретте Сенат Қазақстан Парламентінің Мәжілісі қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының кейбір баптарын мақұлдап, қалғанын жаңа редакцияда қайта Мәжіліске жолдады.