Алматы облысы Таран ауылында 15 ақпанда ер адам төрт баланы байлап, ұрып-соғып, азаптады деген күдікке ілінген еді. Сол күні азапты сәтті басынан өткерген төрт бала оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Төрт баланың анасы дүкенге кеткен сәтте 47 жастағы азамат терезені сындырып, үйге баса-көктеп кірген. Үйдегі бір баланың қол-аяғын байлап, екіншісінің ернін тілген. Ал қалған екі бала сол сәтте мектептен келген. Оқушылар қақпаны ашқан бойда күдіктене бастадық дейді.
"Қақпадан кірдік. Есікті тоқылдатқан кезде ешкім ашпады. Сосын айқайлаған соң есікті ашты. Кіріп бара жатқан кезде оны көрмедік. Аяқ-киімімізді шешейін деп жатқан кезде пеш жақта тұр екен. Кімсіз деп сұраған соң маскасын шешті. Сосын барып таныдық. "Мен сендерді өлтіремін" деді. Есік алдында тұрып басымыздан ұрып, ұшырып жіберді. Сөйтіп ағам ішке қарай кіріп, есікті құлыптап алды. Ол асханада қалып кетті. Мен ұн салатын жәшіктің артына тығылып қалдым", – деді балалардың бірі.
Үйдің үлкені қашып құтылуға тырысқанымен, еңгезердей еркек дес бермеген көрінеді. Алысып-арпалысып, ақырында оқушының сөмкесіне жармасып, арқасына пышақ сұққан.
"Терезені сындыруға кетті. Бір уақытта қашып бара жатқан кезімде сөмкемнен ұстады. Сосын әрі қарай қашайын деп едім, арқамнан 3-4 рет пышақтады", – деді балалардың бірі.
Қалған балалар да күдіктімен арпалысып, қолдарына түскен ыдыс-аяқты лақтырған. Ақырында ашуға әбден булыққан еркек кенже баланың көзін көгертіп, аяқ-қолын кісендепті. Ең сорақысы, қаршадай қызды арғылау бөлмеге апарып, әбден қорқытқан.
"Сен маған жақындама, жақындасаң ыдыс-аяқты лақтырамын деді. Сосын інімді көтеріп, еденге лақтырды. Сосын көзін көгертті. Аяқ-қолы мен мойнын байлап тастады. Сосын жатын бөлмеге апарып маған айтқанымды істесең жіберемін деді. Сосын ағам оның қолын тістеп алды. Сосын екі ағамның бірінің бетін, екіншісінің ернін тілді. Үстіне сұр водолозка, қара джинсы шалбар киген. Бетінде маскасы бар. Біріншісінде ақ қолғап, екіншісінде көк қолғап киді", – деді қыз.
Минут сайын жылаған балалардың дауысын естіген көршілері үйге келген. Бірақ бұл мезетте ер адам сынған терезеден қашып үлгерген.
"Көршімнің үйіне ыдыс-аяқтар келген екен. Сағат 18.05 кеткенде көрші тәте екеуміз үйден шығып кеттік. Ыдысты алып, сағат 18.25-те үйге келіп қалған кезде жанымдағы тәтенің телефоны шырылдады. Ақмарал тәтенің балаларын өлтіріп кетіпті деп айтты. Мен содан ары қарай не болғанын білмеймін. Сосын ыдыс-аяққа не үшін бардым деп өз-өзімді қатты кінәладым", – деді балалардың анасы Ақмарал Жаргубенова.
Балалардың анасы төрт баласына қорлық көрсеткен ер адаммен кездейсоқ TikTok арқылы танысқан екен.
"Сенің нөміріңді Маржан сұрап жатыр деген соң, Шымкенттегі Маржан есімді құрбым бірден есіме түсті. Соның ағасы екен деп ойлап, нөмірімді бердім. Сөйтсем бір күні TikTok-тан екеуміз үйленейік, сені алақанымда ұстаймын деп жазды. Бірақ мен төрт балам бар, ешкімге тұрмысқа шықпаймын, өзім асыраймын деп айттым. Бірақ 6 қазан күні ол қарындасымен бірге туған күніммен құттықтап келді. Бірақ қарындасын мүлде танымадым. Сонда да үйге кіргіздім. Бірге туған күн тойладық. Туған күнім өткен соң бір аптадан кейін Бақытжан үй жаққа пышақпен келіп, мені қорқытты. "Егер менің айтқанымды істемейтін болсаң, қызыңды зорлаймын. Қызыңды зорлап, төрт балаңды көзіңше сойып, саған білгенімді істеп, пышақтап кетемін. Мені ешкім таппайды" деп айтты", – деді әйел.
Төрт баланың анасы ер адаммен мұсылманша неке қиып та үлгерген. Ал 47 жастағы ер адам құрылыс саласында жұмыс істейді. Бұған дейін де бірнеше рет істі болған. 2007 жылы Қылмыстық кодекстің 120-бабы ("Адам зорлау") бойынша 13 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын өтеп шыққан соң алматылық Айгүл есімді әйелге үйленген. Ерлі-зайыпты үш жыл отасып, артынша ажырасқан.
"Үш жыл бірге тұрғанбыз. Бәрі жақсы болды. Маған қолының ұшын да тигізбеген. Арақ ішкен жоқ, темекі шеккен жоқ. Жұмысын істеп жүрді. Мен бала көтере алмадым, сосын ажырастық. Оған бала туып беретін, жақсы әйелге жолық деп тілек білдірдім. 7-8 ай бұрын хабарласып, бір қыз жолықтырдым, 3-4 баласы бар деп айтқан болатын", – деді күдіктінің бұрынғы әйелі.
Ал күдіктінің қарындасы Маржан Исақұлованың айтуынша, ағасының жауыз әрекетке баруына Ақмаралдың түсік жасатуы себеп болған.
"Даудың басы түсік болып тұр. Ағам маған хабарласып "Сүйінші, бұйыртса әке боламын" деп айтты. Екі-үш күн өткеннен кейін ағама баланы алдыртамын, ақша бер деп айтқан екен. Содан екі күн өткен соң Ақмаралдың өзі хабарласып, "ақша бер, баланы алдыртамын" деді. Одан кейін тағы хабарласып "1 миллион ақша керек, омырауымда ісік бар, соны жасатуым керек" деп айтты", – деді күдіктінің қарындасы Маржан Исақұлова.
Қазіргі таңда балаларды қорқытқан күдікті қамауға алынған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу әрекеттері жүріп жатыр.