7 жасар бала досымен өзен жағалауына серуендеуге барып, ойнап жүріп құлап кеткен.
Астанада балықшылар Есіл өзеніне құлап кеткен 7 жастағы баланы құтқарды
703
оқылды

Астана қаласында жарылған мұздың астына түсіп кеткен 7 жасар баланы балықшы құтқарып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«102» жедел арнасына Есіл өзенінің жағалауында балықшылар баланы судан алып шыққаны туралы хабар түсіп, оқиға орнына бірден полиция қызметкерлері жіберілді.

«7 жасар бала досымен өзен жағалауына серуендеуге барып, ойнап жүріп, екі баланың бірі мұз астына түсіп кеткен. Жақын жерде балықшыларды көрген досы олардан көмек сұраған. Балықшылар баланы құтқарып, кейін жедел жәрдем шақырылған. Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы», – делінген хабарламада.

Осы ретте Астана қалалық Полиция департаменті мұзға шығудың қаупі туралы ескертеді.

«Ата-ана баланың бос уақытын қайда өткізетінін қадағалап, оның қауіпсіз аймақта жүргеніне көз жеткізгені абзал. Сондай-ақ, мұзда серуендеуден бас тартқаны дұрыс», – деді департаменттен.

Сарыарқа ауданы Полиция басқармасының бастығы Қадыр Малғаздаров досының суға батып бара жатқанын көріп, балықшыларды көмекке шақырып үлгерген 7 жасар Пусь Дарханға ризашылығын білдіріп, марапаттады. Сонымен қатар судан баланы құтқарған балықшы Абдужапбар Абдураимовқа бағалы сыйлық (қол сағаты) табысталды.