АҚШ пен Ресейден білім алып, атом реакторларының жұмысын зерттеген ғалым.
Әке жолын қуған ұл –  Эрлан Ғаділетұлы
998
оқылды

Былтыр Қазақстан Рсебуликасы Ұлттық ядролық орталығының бір топ қызметкері әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласы бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Бұл марапат үздік жетістігі үшін екі жылда бір рет беріледі. Ал олардың көтерген тақырыбы – «Қазақстан Республикасының атом-энергетика саласын құруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға арналған әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әзірлемелер».  Міне, сол жұмысқа жетекшілік еткен – Эрлан Ғаділетұлы Батырбеков.

Ол – біздің елде ғана емес, шет елдерде де белгілі физик-ядрошы. Тіпті, реакторішілік эксперименттер мен атом энергиясын оптикалық сәулеленуге түрлендіру саласындағы білікті маман. АҚШ пен Ресейден білім алып, атомдық реакторлардың жұмысын зерттеген жан. Бүгінде Эрлан Ғаділетұлы Ұлттық ядролық орталықтың Бас директоры. Кезінде сол қызметке алғашқылардың бірі болып оның әкесі Ғаділет Батырбеков тағайындалған. Өмірі ғылыммен ұштасып жатқан ғалым бұл саланың өз қызығы мен шыжығын айтып берді.

– Көз ашып, кіндік қаным тамған жер – Алматы облысы Алатау ауылы. Кішкентай ғана ауылдың қалыптасуы, өсіп-өнуі Ядролық физика институтының тұрғызылуымен тығыз байланысты. Себебі, оның негізгі тұрғындары осы институттың қызметкерлері мен олардың отбасылары еді. Бұл жердің тіршілігі де, адамдары да өзгеше. Осы ауылда туып-өскен, Алатауда жұмыс істеген, тағдырын сонымен байланыстырған әрбір жан үшін бұл – еш жерде табылмайтын, қайталанбайтын мекен. Сондықтан мені қоршаған орта ғана емес, тыныс алатын ауаға дейін ғылымға тартты. Оның үстіне әкемнің физика, Ядролық физика институтындағы жұмысы, ВВР-К су реакторын салу жобасын дамыту секілді әңгімелері елітетін. Осының бәрі болашақта кім болатынымды, қандай маман иесі атанатынымды шешпесе де, өзіндік дүниетанымымның қалыптасуына көмектесті, – дейді Эрлан Батырбеков.

Білім көкжиегін физика-математика мектебінен бастап, оны Алтын белгімен бітірген. Артынан Мәскеудегі инженерлік-физика институтына түскен. «Нобель сыйлығының лауреаты Н.Г. Басовтың кафедрасын таңдадым. Ол – кванттық электроника саласындағы халықаралық деңгейде мойындалған ғалым. Әсіресе оның ядролық және термоядролық жүйелерде практикалық қолданысына көбірек көңіл бөлген. Дәл осы жерде ғылымға жол аштым», – дейді Эрлан Ғаділетұлы. Ол оқуын бітіре салып, Ядролық физика институтына жұмысқа тұрған.

Жұмысын инженерліктен бастаған ол, жетекші ғылыми қызметкерге дейін көтерілген. 1992-1994 жылдары АҚШ-тағы Иллинойс университетінің Ядролық инженерия департаментінің зерттеуші физигі ретінде келісімшартпен жұмыс істеп, атом энергиясын оптикалық сәулелену энергиясына айналдыру бойынша реакторішілік зерттеулер жүргізді. Кейін, он жылдай ҚР ҰЯО Атом энергиясы институтының Ядролық-энергетикалық қондырғылар физикасы зертханасын басқарды. Ал 2004 жылы бұрынғы Семей ядролық полигонын конверсиялау жөніндегі үкіметаралық келісім және «ядролық қаіп-қатерді бірлесіп азайту» бағдарламасы шеңберінде ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен АҚШ қорғаныс кәсіпорындары қоры құрған «КК Интерконнект» бірлескен қазақстандық-америкалық кәсіпорнына басшылық етті.

Оның айтуынша, елімізде атом саласының қарқынды дамуына барлық мүмкіндік бар. Өйткені біздің ел – әлемдегі ең ірі уран өндірушісі.

– Бізде уран өндіру және уран өңдеу өнеркәсібі жақсы жолға қойылған. Оған қоса, BN-350 жылдам нейтронды реакторды пайдалану бойынша 25 жылдық тәжірибені жоққа шығаруға болмайды. Қазақстанда ғылыми-зерттеу базасы да қарымды дамыған. Атап айтсақ, үш зерттеу реакторы пайдалануда. Сонымен бірге Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында орналасқан бірқатар басқа да ядролық қондырғыны қосыңыз. Осы қондырғыларда атом энергетикасын дамыту және оны қауіпсіз пайдалану жағдайын қамтамасыз ету бағыты жағынан әлемдік деңгейде ғылыми міндеттер шешіліп жатыр. Бүгінде басқарылатын термоядролық синтез технологияларын дамыту секілді жаңа бағыт демып келеді. Осы мақсатта біз қазақстандық материалтану токамагын (КТМ) салдық. Бұл – Қазақстандағы болашақ термоядролық реакторлар үшін ғылыми зерттеулер мен сынақтар жүргізуге арналған алғашқы қондырғы. Сол себепті еліміз болашақ термоядролық энергетика құруға өз үлесін қосып жатыр деп нық айта аламыз. Бүгінгі таңда атом саласы үшін білікті кадрлар даярлаудың дамыған жүйесін пайдалана білуіміз керек, – дейді ол.

Эрлан Батырбеков – Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі болып сайланды. Тіпті, физика саласының профессоры атанды. 2013 жылы әке жолын қуып, Қазақстан Ресбуликасы Ұлттық ядролық орталығының бас директоры болды.

«Әкем көрнекті ғалым, талантты ұйымдастырушы, көреген жан. Ол маған әке ғана емес, өмірдегі әрі ғылымдағы тәлімгерім бола білді. Сырласым, досым, сүйенішім еді. Өз мақсатыңа жетерде шыдамды әрі табанды болуды үйретті. Қандай да бір істі қолына алса, барын салып, басымен кіріп, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын қасиетіне тәнті ететін. Оның адамға деген қамқорлығы, достыққа деген адалдығы мен принципіне деген табандылығы қашан да таңдандыратын», – деп ғалым әкесінің өмір жолын еске алды.

– Әкем 1934 жылы дүниеге келген. Қаншама қиындықты басынан өткерді. Ұлы Отан соғысы басталғанда бар-жоғы 7 жаста болған. Бірақ әрқашан «Соғыстың зардабын біз де бір кісідей тарттық. Әкем соғысқа кеткені сол, екі айдан кейін Сталинград түбіндегі «Красный Октябрь» зауытының аумағында қаза тапты деген хабар келді. Кейіннен қандай да бір ақпарат іздестіріп едім, ештеңе таппадым. Алайда әкем көзі ашық, оқыған адам болған. Сол уақыттағы Ортаазиялық мемлекеттік университетін бітіріп, филолог ретінде сабақ беріп, балаларды оқытқан. Ал анам болса, соғыс жылдарында жүн комбинатында тігіншілік етті. Арасында түскі уақытта үйге келіп, бізге тамағын істеп, беріп кететін. Кейде сабақтан соң оның жұмысына барып, тамақтанып аламын. Бізді өсіріп, жеткізген анам. Мені адам қылған да сол. Мүмкін өзі оқымаған соң бізді де оқымай қалмасын деді ме, мені тек оқуға салды. Тіпті, бүкіл жұмыстан босатып, үйдің тірлігіне де араластырмады. Тек оқуымды талап етті. Өзіміз үш ағайынды едік: мен, әпкем және інім. Бірақ інім кішкентайында шетінеп кеткен» деп айтып отыратын, – дейді Эрлан Ғаділетұлы.

Оның айтуынша, әкесі Ғаділет Әндиянұлы мектептен кейін Мәскеу энергетикалық институтында білім алған. Елге оралған соң қайта даярлаудан өтіп, ядролық энергетикалық қондырғылар маманы атанды. Алматыда Ядролық физика институтының негізін қалауға атсалысты. Ол кезде мұндай оқу орны мүлдем болмаған соң, Физика-техникалық институттың базасында құрылған.

Ғаділет Батырбековтің естелігінің бірінде былай дап жазылған: «Ұлттық ядролық орталықтың директоры болуды ұсынғанда ойланбастан келістім. Әрине, орталықты аяғына тұрғызу, оны жүргізу оңай болмады. Әсіресе, алғашқылардың бірі болу өте ауыр. Өйткені Ұлттық ядролық орталықтың және жұмыс құрамының құрылуы бәрі көз алдымда өтті. Ең әуелі Полигондағы қауіпті жерлерді оқшаулай алдық. «Асықпай жүріп, анық бас» демекші, жұмысты жолға қоя білдік. Артынан Радиациялық қауіпсіздік және экология институтын ашып, радиациялық зерттеулер жүргізе бастадық. Әйтпесе, әу басында Курчатовқа келгенімде Ұлттық ядролық орталық болған да жоқ. Полигон еді. Ресейлік әскерилер мен ғалымдардыңы бірлескен «Луч» экспедициясы зерттеу жүргізіп, сынақтар өткізіп жатқан. Қазақстанды бұған мүлдем жібермейтін. Сол кезде полигонды басқарып отырған генерал Коноваловқа «Бомбаларды жарып тастағансыңдар, тоқтатыңдар! Жерді босатыңдар!» дедім. Онымен жаға ұстасып, бет жыртысқанымыз жоқ. Ешқандай жанжалсыз тарқасып, полигонға қатысты біраз мәселені бірлесе шешкенбіз».

1992 жылы Президенттің Жарлығымен құрылған орталықтың директоры Ғаділет Әндиянұлы болған. Көзі тірі болса, биыл 10 қаңтарда 90 жасқа келер еді. Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы – ең ірі мекеменің біріне айналды. Олар Қазақстан Үкіметінің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы саясатына ғылыми-техникалық қолдау көрсетіп отыр.