2024 жылы Рамазан айы 11 наурызда басталады. Оразаға түнде ниет етпесе немесе үш күн кешігіп оразаны ұстаса, кәффарат өтей ме? Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы инстаграмдағы парақшасында жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Рамазан айы екенін біле тұра, оразаға ниет етпей таңды атырып бесінге бір сағат калғанша ниет етпесе, оразасы дұрыс болмайды. Шейх Шәмсу әл-Эимма әл-Халуани имам Абу Жағфардан осы риуаятты жеткізген.
Әл-һидаяда: "Рамазанның барлық күнінде оразаға ниет етпесе, оразасы дұрыс болмайды" делінген.
Кәффарат деген не?
"Рамазан айында күндізгі уақытта әдейілеп өзінің әйелімен төсек қатынасын жасаса немесе әдейілеп тамақ ішсе, су ішсе, дәрі ішсе, тіпті, бұршақты жұтып қоятын болса, оның оразасы бұзылады. Соны оның қазасымен қоса, кәффаратын өтейді. Енді кәффарат дегеніміз – бір құлды азат ету, оған шамасы келмесе, 2 ай арасын үзбей ораза ұстау, оған шамасы келмесе, 60 міскінді тойдыру.
Енді бұған байланысты Пайғамбарымыздың хадисінде бір кісі күндізгі уақытта әйеліне жақындап қояды, сонда Пайғамбарымыздан осының пәтуасын сұрағанда Пайғамбарымыз бір құл азат ет деді. Оған шамам жоқ дейді, сонда Пайғамбарымыз екі ай ораза ұста деді. Оған да шамам жоқ дегенде, 60 міскінді тойдыр деді.
Енді әдейі тамақ ішіп қойғанға байланысты хаятта Пайғамбарымыз Рамазан айында күндізгі уақыт әдейі тамақ ішіп қойған адамға бір құл азат етуді немесе 2 ай ораза ұстауды немесе 60 міскінді тойдыруды әмір етті деп келеді", – деп түсіндірді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі "Жауабы бар" хабарында.
Бір Рамазанда бірнеше рет тамақ ішіп қойса немесе әйелімен жақындасса, қанша кәффарат өтейді?
"Бір Рамазанда бірнеше күн, мысалы, әдейі тамақ ішіп қойды, әйеліне жақындап қойған болса, егер ешқандай кәффарат өтемесе, онда оған бір кәффарат жеткілікті. Бір Рамазанға бір кәффарат жеткілікті. Егер мысалы осы Рамазанда әдейі бірнеше рет ашып қойды, одан кейін ешқандай кәффарат өтемеді, тіпті, келесі жылдың Рамазанына келіп қалса, сол Рамазанның ішінде де кейбір күндерін солай әдейі ашып қоятын болса, онда әр Рамазанға жеке-жеке кәффараттан өтейді", – деді Бауыржан Әбдуәлі.