Әлемнің әндерін қазақша шырқаған

Түрік халқының махаббат символына айналған «Тутамас» әнін естімеген, не болмаса 2000 жылдары көрерменге жол тартқан «Ва-Банк» телехикаясын көрмеген адам кемде-кем шығар.

Бұл әндер өз дәуірінің шедеврі болған. Қазір осындай әлемдік әндер қазақша шырқалып та жүр. Ағылшын, француз, тіпті корей тіліндегі әндерді қазақшаға аудару үшін сауатты аудармашы, шумақ­тарды ұйқастыра білу қабілеті мен әсем дауыс керек. Осы қасиеттердің бәрін бір бойына жинап, өнер әлеміне жаңа леппен кіріп келген Мөлдір Байбуринованың тыңдарманы күн сайын артып келеді. 

Ән мен әуенге тіл де, сөз де, ше­кара да бөгет емес. Қай елдің әуенін тыңдасаңыз, сол елдің мәдениеті, өнерге деген көзқарасы айқын кө­рінеді. Қазіргі аға буын өкілдерінің жас кезін есіне түсіретін небір әндер бүгін қазақша шырқалып, мазмұны тыңдарман назарына жол тартып жүр. Бірқатар әнші өзге елдің әнін аударып, қазақ тілінде айтып та жүр. Дегенмен әр тілдегі әнді қазақшаға аударып айтуды хоббиге айналдыр­ған Мөлдір талай жұртты өз өнері­мен тән­ті етіп, таңдайын қақтырып үл­гер­ді. Әлеуметтік желіге жүкте­ген әр әнінің астына «Бұл әннің мағына­сын енді біліп отырмын. Жастық шағым есіме түскендей болды» деген пікірлерден көз сү­рінеді. Сонымен қатар парақшада әннің қазақша нұсқасын ғана жүк­теп қоймай, сол әннің шығу тарихынан да дерек береді. 

«Өзім Журналистика факультетін тәмамдадым» деп бастады әңгімесін Мөлдір. Кішкентайынан шет тілінде шырқалатын әндердің мағынасын білуге қызыққанын, соларды қазақшаға аударғысы келгенін айтты. 

– Әдебиетке жақынмын, қы­зығу­шылықпен журналистика маман­дығын таңдадым. Бұрыннан өлең жазамын. Мектеп қабырға­сын­да жүрген кезде ақындық клуб­тарға қатысқаным бар. Ал қазір түрлі монолог жазып, аудармалармен айналысамын. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін еркін білсем де, кейде әнге аударма жасайтын кезде өзімнің аудармаларыма көңілім толмағанда кәсіби маман­дардың көмегіне жүгініп, ақыл-кеңес сұрайтыным рас. Қазақ­шаға аударылған әндерімнің ішінде корей, жапон тіліндегі әндер бар. Олардың ағылшын не орыс тіліндегі мағыналарын түсі­ніп, тіл маманына аудартқан соң шу­мақ қатарын өзім ұйқастыра­мын. Өзім аудара беремін, – дейді желі жұлдызы. 

Айтқан әнінің барлығы тың­дар­манның оң көзқарасына ие бол­ғанына қарағанда, аударылған әнді тыңдарманның өзі ұсынған деген ой келеді. Бірақ барлық әнді Мөлдірдің өзі таңдап, ешқандай талаптарсыз-ақ қазақша нұсқаға айналдырады. Мысалы, «Бес жұлдызды қонақүй керек емес» деп басталатын әні қазіргі жастар арасында кең таралды. Осы сияқты әлем­дік трендтегі әндерді қазақша сөйлеткен Мөлдір бұл идеяның жүзеге асуына досы себепкер болғанын айтты.

Сонымен қатар ол шетел өне­рінің, ән жанрындағы мәдение­тімен бүгінгі қазақ жастарының ойлау қабілетін арттырып, бойына шетелдік әндерді тек қазақы әуенмен сіңіруді мақсат еткен. Мазмұнын естімей айтқан әнге қарағанда әуені сақталған қазақша нұсқасын тыңдағаны әлдеқайда артық деп аз уақыттың ішінде бірнеше шетел әндеріне аударма жасаған. Мұндай әндер жайлы тізім жасап, қозғай берсек, түбіне жетпейміз. Қазақтың есті әуен­деріне әуес адамдар өзге елдің өне­рі­мен де сусындап өсуі – заң­ды­лық. Ал автордың рұқсатын­сыз айтылатын әндер «ұрлық» саналатыны тағы бар. Бірақ «Шетелдің шедеврлерін қазақшаға аударып айту әннің негізгі орындаушыларына аса қызығушылық тудырып, плагиат үшін күресуіне алып келмейтін сияқты. Бұл әлемдік әндер бол­ғандықтан, жаңа нұсқаларын шығару, керісінше әннің тыңдар­мандарын арттырады» дейді. 

Ән қоржынында оннан аса ау­дарма әні бар Мөлдір алдағы уа­қыт­та өз репертуарында да жаңа туындылардың болатыны жөнінде жоспарымен бөлісті. Бойындағы қасиеті мен білімін жұрттың пайдасы үшін жұмсайтын қазақ жас­тарының қай салада да көрініп жат­қаны әлем жастарымен мәдени бәсекеге төтеп бере алатынын білдірсе керек. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ