Атыраулық келіншек Нұргүл Зиханова Бейбіт Қорғаннан балаcы бар екенін айтқан соң, әнші ДНҚ тапсыруға мәжбүр болған еді.
«Атыраулық әйелден ұлы бар»: Бейбіт Қорған тапсырған ДНҚ қорытындысы шықты
15,707
оқылды

Сол сот сараптамасының нәтижесі анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Біз бүгін Бейбіт Болатұлы Қорғанға қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бергім келіп отыр. Мен Атырау облыстық қорғаушылар алқасының мүшесі, адвокат Орынгүл Ұзаққалиевамын. Аталған азаматтық іс бойынша келісімшарт негізінде жұмыс істеймін. Бейбіт Қорғанның адвокаты ретінде сот процесіне қатысқан едім. Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне Нұргүл Зиқановадан арыз түскен. Оның тарапынан баланың әкесі екенін анықтау және алимент өндіру туралы талап-арыз келіп түскен. Азаматтық іс қозғалып, соттың тарапынан баланың әкесі екенін анықтау туралы сараптама тағайындалды.  Сот ұйғарымы бойынша 24 қаңтарда Бейбіт Қорған сот биологиялық үлгілерін тапсырды», – дейді адвокат.

Оның айтуынша, 27 ақпанда соттың барлық қатысушысының көзінше сот сараптамасы ашылған. ДНҚ қорытындысы бойынша Бейбіт Қорғанның баланың әкесі емес екені анықталған. Сондықтан Нұргүл Зиқанова өз арызын қайтарып алған. 

«Ол арызын қараусыз қалдыруды сұрады. Сот аталған өтінішті қанағаттандырып, сот шығындарын өндіру жөнінде шешім шығарды. Жеке сараптамаларға бармай, сот сараптамаларына баруымыздың себебі – заңды және күмәнсіз қорытынды алуды мақсат еттік. Сот сараптамасы шықпай, «Астарлы ақиқат» бағдарламасының қатысушылары Бейбіт Қорғанға тегіне, ар-намысына нұқсан келтіретін сөздер айтуына байланысты сотқа жүгінетін боламыз. Менің қорғауымдағы азаматтың қызметтік беделіне, атына кір келтіргені анықталса және жеке өмірінің құпиялығы анықталса, заңды түрде мәселені шешеміз. Бейбіт Қорғанның тілшілер сауалына жауап бермеуі сот шешімінің түпкілікті нәтижесін күту болатын», – дейді Орынгүл Ұзаққалиева.

Бұған дейін атыраулық келіншек «Астарлы ақиқат» бағдарламасында Бейбіт Қорғаннан баласы бар екенін айтқан еді. Нұргүл Зиханова осыдан 5 жыл бұрын әнші Бейбіт Қорғанмен көңіл жарастырғанмын деген. Бағдарлама барысында әншіден «ұлым бар» деген әйел шындығын ақтаруға келгенін жеткізген.