Газет бес жыл бұрын өзінің 15 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматыдан Астанаға қоныс аударған еді. Содан бері екі қалада да ауқымды істерге ұйытқы болып келеді. Бұған дейін өңірдегі, елдегі біраз мәселенің халық пен билікке жетуіне себепкер болған басылымның бүгінде жеткен жетістігі аз емес. Әсіресе аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуде әжептеуір ықпал етті. Ал қоғамдық мәселелерден бөлек, газет жеке азаматтардың да мәселесін оңынан шешуге атсалысты.
Бұл туралы «Литер» газетінің бас редакторы Жанна Ойшыбаева халықаралық "Түркістан" газетіне берген сұхбатында:
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауға Ішкі істер министріне 9 жастағы қыз келді. Оның ата-анасы – Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтар, алайда олар көші-қон заңнамасын бұзғандықтан ҚХР-ға қуылған. Қыз Қазақстанда қалып, туыстарымен бірге тұрды. Осы кездесуден кейін қыздың ата-анасына виза алуға және тарихи Отанына оралуға рұқсат берілді. Ұжымдық мәселені шешуге келетіндер де болды. Білім және ғылым министрінің қабылдауына Есіл ауданындағы мектептердің ұстаздары келіп, жалақыларының мардымсыз екенін айтып шағымданды. Мәселе оңынан шешілді, – дейді.
Сонымен қатар газет «Депутаттың бір күні» деген атаумен арнаулы айдарды да тұрақты жүргізіп келді. Соның негізінде қазір депутат пен халық арасындағы сенім нығая түскен.
Өткен жылдың соңында енгізген «Депутаттың бір күні» атты айдарымыз да көпшіліктің көңілінен шықты. Біздің мақсатымыз – Мәжіліс депутаттарының нақты қандай жұмыспен айналысатынын көрсету, халық арасында тараған «депутаттар ұйықтап отырады» деген көзқарасты өзгертуге атсалысу. Жаңа жобаның халықтың жүрегінен жылы орын табуына тілшіміз Миргүл Жылқышинованың жұмыс уақытын толығымен, тіпті кейде артығымен депутаттардың жұмысына арнауы, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, істеген жұмысын әдемі әрі әсерлі етіп жеткізуі де ықпал еткендей. Осындай ерекше мақаласының бірі «Болат Керімбековпен өткен 12 сағат» деп аталды, – дейді Ж. Ойшыбаева.
Қазақстандық БАҚ арасында өзіндік қолтаңбасы, тарихы бар «Литер» газетінің көздеген мақсат-мұраты да жетерлік. Себебі оның айғағы – журналистика саласында тынбай, дамылсыз еңбек етіп келе жатқан 20 жылдық мұқалмас еңбек. Сондықтан мерзімді басылымның алдағы уақытта қоғамды һәм қоғамдық сананы ағартуға бар күшін жұмсайтынына, бұқараға ресми, дәлелді, дәйекті мақала мен сараптамалар ұсынатынына, өз оқырманына адал болатынына кәміл сенеміз.