Сегіз айға созылған тергеуден соң Ақтау тұрғыны 22 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ақтаудағы спортшы қыздың өлімі: марқұмның сүйіктісіне сот үкімі шықты
Фото: lada.kz
872
оқылды

Маңғыстаулық 21 жастағы Валерия Шальнованы азаптап өлтіріп, денесін каналға тастап кеткен күдіктіге Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

Сегіз айға созылған тергеуден соң Ақтау тұрғыны 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Алайда кінәлі өз айыбын мойындамай, марқұм суицид жасады деп отыр.

Қылмыстық іс бойынша марқұм Валерияның анасы Светлана Шальнова қызының өліміне қатысты әділ үкім шығарылғанын айтты. Ол істі тергеуге атсалысқан барша жанға алғысын білдірді.

"Өткен жылы болған бұл оқиға қабырғамызды қайыстырып кетті. Содан бері біз тергеудің қалай аяқталатынын күтумен болдық. Осы ретте сот судьясы Досетова ханымға, Маңғыстау облысы прокурорының орынбасарына, қылмыстық полицияның жедел тергеу бөліміне, қорғаушыға қызымның өлімінің әділ тергеліп, лайықты үкім шығарылғанына септескені үшін алғысымды жеткізгім келеді. Айта кететін жайт, сот кезінде қызымды өлтірген күдікті өзінің қылмысын мүлдем мойындамады. Соттың үкімімен келіспеді. Одан бөлек, қылмыстық жауапкершіліктен қашып, қызымның суицид жасағанын айтты", – деді Светлана Шальнова.

Оның сөзінше, кісі өлімі қоғамда талқылауға түскен соң айыпкер жазадан құтыла алмаған.

"Сот оған қылмысы бойынша лайықты жаза кесті. Енді ол қатаң режимдегі колонияда 22 жыл жазасын өтейді. Осы жағдай біздің қайғымызға аз болса демеу болды", – деді марқұмның анасы.

22 жылға сотталған айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлімінің 3, 10-тармақшалары және 120-баптың 1 бөлімі бойынша жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, қылмыстық істі тергеу кезінде кедергі келтіруге тырысқан құқық қорғау қызметкерлері тергелетін болады. 

Валерия Шальнованың мәйіті былтыр шілде айының басында Ақтау іргесіндегі каналдан табылған болатын. Іздестіру кезінде оқиғаға кінәлі күдікті бір күннен кейін табылып, ол қыздың бұрынғы жігіті екені анықталған.