Белгілі журналист Қымбат Досжан бельгиялық отбасы асырап алған қазақ баласы Жәнібекке қатысты соңғы ақпаратты жария етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Достар, Жәнібек балам жайлы соңғы ақпарат. Астана-Ыстамбұл-Барселона-Мальорка-Малага бағытына шыққан Түркіш ұшағы Астанадан кешігіп ұшып, Жәнібек қалған рейстердің бәрінен кешігіп қалған. Бірақ баламыз өзі айтқандай, жолы болғыш бала екен, түрік авиакомпаниясы үш рет ұшақ ауыстырып жететін жеріне бір ғана ұшақпен жететіндей етіп жағдай жасап, тамағын беріп, Ыстамбұлдан Малагаға бір-ақ жететін етіп билетін ауыстырып берген. Адамға адам секілді қараған түрік ағайынға мың алғыс!", – деп жазды журналист.
Оның айтуынша, енді бағдарлама қызметкерлері Жәнібектің әкесін іздемек.
"Баламыздың анасы немесе әкесі (енді әкесін іздейміз деп нақты шешім қабылдап отырмыз) осылайша тез табылса екен деп тілеймін. Баланы әр көрген сайын, сөйлескен сайын «тегі жақсы, тіпті мықты тектен» екендігіне көз жеткіземіз Әсел екеуміз", – дейді Қымбат Досжан.