Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Мақсұт Исаховқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды қызметкеріне 200 мың доллар пара берді деп айып тағылып отыр. Бұған күдіктіні қорғаушы тараптың айтар уәжі бар.
Шымкент әкімінің экс-орынбасарына қатысты дерек қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Тергеу материалдары 21 томға жинақталды.
Мақсұт Исахов мемлекеттік қызметте жүрген кезде дене шынықтыру және спорт саласынан бастап, жер пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауға да жетекшілік етті. 2020 жылы әкімдік магистральдық жылу желілерін жаңғырту бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізген. Ұтқан мердігер бастапқы жарнасын алып, жұмысын бастайды. Алайда тендерге қатысқан екінші мердігер мұнымен келіспей, сотқа арызданады. Көп ұзамай әлгі мекеме жұмысшылары жылу құбырларын жаңартуды жалғастырған.
«Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына «Старт-Строй» компаниясымен келісімшарт жасаудың сәті түспеген. Себебі бастапқыда мемлекеттік тапсырысқа есептелген қаржы толық көлемде болмай шыққан. Яғни, тендерді бірінші ұтқан «Корпорация Сити-Строй» серіктестігі ол ақшаны кері қайтармаған. Сол себепті айыптаушы тарап бас прокуратураға арызданды», – деді қалалық прокуратураның аға прокуроры Мұхтар Арыстанов.
Тергеу мәліметінше, Исахов қаланың жылу желілерін жаңғыртуға қатысты істі жабық күйде қалдыру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды қызметкеріне пара ұсынбақ болған.
«Департамент бастығының бірінші орынбасары: «Сізді қамауға жоғарыдан бұйрық келді», – деді. Егер де қызмет орным қажет болса, мен кетемін десем, «бұл әрекетіңіз бәрібір құтқармайды», – дегенді алға тартты. Мені қорқытып, пара беруімді сұрады», – деді қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исахов.
Осылайша, күдікті өзіне тағылған кінәні мойындаудан бас тартты. Айтуынша, ол ешкімге пара бермеген. Бұл істің ақ-қарасын енді сот шешеді. Қылмысқа қатысы бары дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары шенді қызметкері де жауапкершіліктен жалтара алмады. Қазір ол қамауда отыр.