Еліміздегі ең сұлу бойжеткенді анықтайтын аталмыш байқау 1997 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл – ақылына көркі сай аруларды анықтайтын сұлулық бәйгесіне айналды. Байқау тәжін киген арулардың кейбірі экран арқылы халыққа жаңа қырынан танылып жатса, енді бірқатары өзі қалаған іспен айналысып кеткен. Бүгінге дейін өткен байқаулардың жеңімпазы атанған аруларымыз қазір қайда, немен айналысып жүр? Аруларымызға хабарласып көрдік.
– «Қазақ аруы» атағын алғаннан кейін менде өзіме деген сенімділік артты. Бұл сезім бүгінгі күнге дейін жалғасып отырғанын жасыра алмаймын. Байқаудағы жеңісім өміріме де, жұмысыма да оң ықпалын тигізді десем болады. Жалпы, мұндай сұлулық байқауы жас арулардың өзіне деген сенімін арттырып, өздерін ең ақылды, ең сұлу қыз ретінде сезінуге мүмкіндіктер береді десем болады. Шынымды айтсам, ең алғашқы конкурстың талабы қазіргі болатын байқаулардан әлдеқайда ерекшеленетін сияқты. Өйткені сол уақыттарда қыздардың бойына байланысты шектеу болған жоқ. Қазіргі қатысушыларға қарасаң, байқауда бұрын болмаған талаптар қосылған. Әрине, байқауға сыртқы көрінісі ерекше қыздардың қатысқаны да дұрыс қой. Дегенмен, алғашқы конкурстың талабы да, әсері де ерекше болады ғой. Тіпті, кастингтің өзі кең көлемде өтіп, байқаудың жарнамасы жер жаратын, ал қазір болатын байқауға кастингтің өтіп жатқанын да естімейтін сияқтымыз. Шыны керек, қазір «Мисс Қазақстан» атанған қыз әртүрлі өнерге ие. Бірақ оларды бақылап көрмеппін. Жалпы, бұрынғы мен қазіргі байқау арасында жер мен көктей айырмашылық болса да, ұқсастығы бар. Ол – тек сыртқы сұлулықты ғана емес, ішкі сұлулықты да таңдап алу. Сондықтан қазылар осылардың бәріне мән береді деп ойлаймын, –деді тұңғыш «Қазақ аруы» байқауының жеңімпазы Сәуле Рахметова.
Ал кейінгі жылдары «Қазақ аруының» тәжін киген қыздардың арасында «Әлем аруы» байқауында бақ сынап, еліміздің атынан қатысып жүргендері де болды. Олар «Қазақ аруы–1999» жеңімпазы Әсел Исабаева, «Қазақ аруы-2003» жеңімпазы Сәуле Жүнісова, «Қазақ аруы–2006» жеңімпазы Гауһар Рахметалиева, «Қазақ аруы–2007» жеңімпазы Альфина Насырова және «Қазақ аруы–2012» жеңімпазы Айнұр Төлеуова. Ал биыл «Әлем аруы» халықаралық сұлулық байқауына «Қазақстан аруы –2022» байқауының жеңімпазы Томирис Кәкімова қатысатын болады. Қазір аруларға модель болудың құпиясымен бөлісіп жүрген «Қазақ аруы» 9 наурызда Мумбайда өтетін халықаралық байқауға қызу дайындық үстінде екен.
Аталмыш байқау кез келген арудың болашағының жарқын болуына әсер ететіні рас. Байқаудағы жетістіктерін әрі қарай жалғастырған нәзік жандылар да бар. Мәселен, «Қазақ аруы–2014» сұлулық байқауындағы жеңімпаз Гүлназ Жоланова түрлі отандық кинода басты кейіпкерді сомдап, өнер саласында қызмет етіп жүр. Ал 2019 жылы Қазақстанның «мисі» болған Сәния Темірханова Atameken-Business телеарнасында тележүргізушісі болып қызмет атқарады.
2011 жылы Қазақстанның әр өңірінен жиналған 500-ге жуық бойжеткеннің ішінен суырылып, «Қазақ аруы–2011» байқауының жеңімпазы атанған Ләззат Қалдыбекова болатын. Ару байқауға дейін Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына қабылданған екен. Қазір де осы театрдың актрисасы. Жақында режиссер Болат Атабаевтың «Мәңгілік бала бейне» пьесасының желісімен қайта жаңарып қойылған спектакльде Шөміш рөлін ойнады.
Байқауда бағы жанған арудың бірі – Кәмшат Қоскелова. 2011 жылы өткен байқаудың жеңімпазы. Айтуынша, байқаудан кейін бір жыл шамасында медиа саласында жүріп, бағдарламалар жүргізген және қысқаметражды фильмдерге түскен.
«2017 жылы тұрмысқа шыққан соң, медиа саласынан мүлде алыстап кеттім. Өзімнің мамандығым бойынша мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргеніме алты жыл болды. Қазақтың қарапайым қыздары сияқты ата-енемен тұратын үлгілі келінмін, аяулы жар, екі баланың ардақты анасымын», – дейді Қоскелова.
Күміспен көмкерілген тәжге таланты мен ажары ұштасатын арулар ғана ие болады. Содан кейін мүмкіндіктер толы қақпаның ашылуы да әбден мүмкін. 2016 жылы «Қазақ аруы» атанғы Альмира Ахатоваға бұйырды. Атыраулық ару байқаудан кейін өмірінің жақсы жаққа өзгергенін жасырмады. «Қазақ аруы» телехикаясында эпизодтық рөлді сомдап, бірнеше бейнеклипке түсіпті.
– Сұлулықты анықтайтын доданың басты талаптары іріктеу кезінен басталады. Негізі олар жыл сайын өзгереді деген сөзге келісе қоймаймын, байқау ережелері тұрақты. Мен сегіз жыл бұрын «Қазақстан аруы» атағын алдым ғой, содан кейін маған әртүрлі ұсыныс келіп түсе бастады. Олардың біразын қабылдағаныммен, қазір оқуымды жалғастыру үшін басқа бағытты таңдадым. Астана медицина университетінің түлегімін, дәрігер мамандығын алып шықтым. Ал қазір косметологиямен айналысамын, нақтырақ айтсам, жеке косметологпын. Үйде қызымның тәрбиесімен отырған анамын, сондықтан осындай жеке жұмыспен шұғылдануға да тура келді десем болады,– дейді А.Ахатова.
«Қазақ аруы» байқауы жеңімпаздардың бағын жағатыны рас, десе де алдағы жолын өзі таңдайтын арулар бәйгенің жүлдесіне ығып қалмай, өзіне ұнайтын іспен айналысып, өмірден өз жолын тапқандар да бар. Мәселен, 2018 жылғы сұлулық бәйгесінде тәж киген Нәбира Рақымжан байқаудан кейін баяғыша қарапайым өмірі жалғасқанын айтты.
– «Қазақ аруы» байқауына ірктеліп өтудің өзі қиын. Қатысушының бойындағы парасаты мен сұлулығы таразыда тең түсуі керек. Осындай сұлулық сайысында 2018 жылы жүлдеге ие болып, сол жылдың «Қазақстан аруы» атандым. Бұл кезде әлі оқуым аяқталмаған студент едім. Байқаудан кейін отбасын құрдым да, әрі қарай оқуымды жалғастыру үшін магистратураға тапсырдым. Магистратураны оқып жүріп бірінші сәбиімді дүниеге әкелдім. Оқуды аяқтаған соң, Ақтау қаласындағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне оқытушы қызметіне орналастым. Әлі күнге дейін осы қызметтемін. Бірақ қазір жыл басынан бастап үшінші сәбилі болуыма байланысты декреттік демалыстамын. Қазір бала тәрбиесімен айналысып отырмын, – деді Нәбира.
Одан кейін «Қазақ аруы–2020» титулын иеленген Нарқыз Айдароваға Сәния Темірханқызы өзінің тәжін табыстаған болатын. Нарқыз бүгінде өнер жолында жүр. Алдағы уақытта прокатқа шығатын отандық киноларда бірнеше рөл сомдап үлгерген.
Еліміздің ең сұлу аруын болашақта түрлі саладан көруіміз мүмкін екені сөзсіз. Қазақтың ақылы мен көркі үйлесіп тұратын аруларын тек байқау ғана анықтамайды, бойында ұлттық тәрбиенің өзегі жатқан инабатты әр қазақ қызы «Қазақ аруы» деп ауыз толтырып айтуға әбден лайықты.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ