Күйшілік өнерде жаңа бағыт қалыптастыратын, сан ғасыр өтсе де тарих сахнасынан ойып тұрып орнын алған тұлғалар көп емес.
Күйші Дәулеткерейдің Мәскеу мен Петерборға сапары
shoqan.kz
2,526
оқылды

Әр ғасырда бір қолдың саусағымен ғана санарлық өнерпаз ғана болады. Осындай күйшілердің бірі Дәулеткерей Шығайұлы.  Күйшінің өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген мақала жазылды. Қайталаудың керегі жоқ. Десе де, өмірінің бір сәті көп айтылмайды, жазылмайды. Ол – Мәскеу мен Петерборға сапары. Сөзсіз, ел арасында бұл сапар туралы біршама аңыз әңгіме сақталған. Біз болсақ, бұл жазбамызды нақты дерекке сүйеніп жазып көрмекпіз. Ал дереккөз ретінде ұзақ жыл консерватория кафедрасын басқарған Петр Аравиннің 1983 жылғы Дәулеткерейге арналған монографиясын алдық.

1859 жыл. Александр Катенин есімді Орынбордың жаңа губернаторы қазақ басшыларының көңілін тауып, өзіне деген ықыласты жақсарту үшін оларды империяның астанасына апармақшы болады. Бұл ойын Петербордағы басшылармен ақылдасып, онға жуық рубасшысын сапарлатуға келісім алады. Келісімге сәйкес, бірнеше аймақтан адамдар іріктелді. Ішкі Ордадан ноғай билеушісі Едіге Сүйінішқалиев пен Дәулеткерей Шығайұлы бекітілді.

Бұл жарлық шыққанда Дәулеткерей Бөкей ордасында жоқ еді. Басқа да сұлтандармен бірге, Жәңгір ханның қызы Хадишаның тойына кеткен болатын. Хадишаның ұзатылған жері – қазіргі Башқұртстан астанасы Уфа қаласынан 200 шақырымдай жердегі Белебей қонысы, атақты Тевкелев әулеті. Осы тойдан қайтар жолында Орынборға азын-аулақ аялдаған кезде, Дәулеткерейге Петерборға шақыру қағазы табысталыпты.

Сонымен 1859 жылдың 4 тамызында делегация жолға шығады екен. Жол-жоспары келесідей: Орынбор Самара Симбирск Арзамас Нижний Новгород Владимир Мәскеу Петербор. Бәрі де уақытымен жоспарланып қойған. Қай жерде, қанша уақыт аялдайтыны да бекітілген.

Асыға-асыға 16 тамыз күні топ етіп, Мәскеуге де жеткен екен. Мәскеуді көру мерзімі – бір апта. Сол кездегі құжаттарға сәйкес, Дәулеткерей бастаған топ Гренадер корпусының әскери шеруін тамашалаған. Бұл жерде Дәулеткерей өзіне таңсық үрмелі аспаптар оркестрінің музыкасын тыңдайды. Домбыра, қобыз, сыбызғы үніне ғана үйренген адамның үрмелі аспаптардың салтанатты дыбысына таңғалғаны анық.

(shoqan.kz сайтынан алынды. 1859 жылғы Петерборға сапардан) 

Сөз басында айтылған губернатор Катенинге жеткен хатта Мәскеу күндері туралы толық баяндалған.

«Қазақтарға Мәскеудің кереметін толыққанды көрсету үшін жергілікті билік арнаулы көмекші тағайындады. Оларға тігін фабрикасын, парфюмерия, Гучков отбасының кілем тоқу өндірісін, Сухарев мұнарасындағы бассейнді, Николаев теміржол стансасындағы вагондар мен телеграфты көрсеттік. Сонымен қатар екі рет Үлкен театрға және бір рет орталық бақтағы жалпықалалық сауық-сайранға қатысты. Қазақтардың таңданысында шек болмады. Әсіресе, фабрикалар мен телеграфқа аса қызықты. Және қайта-қайта сұрап, түсіруге тырысты».

Дәулеткерей жайлы толық зерттеу жасаған Петр Аравин, осы уақытта Үлкен театрда қандай спектакль қойылғанын да тауып алған екен. Оның жазуынша, делегация қойылымдарды тамыздың 17 және 18 күндері ғана көре алған. Аталған айдың басқа күндері театрда ештеңе өткізілмеген екен. 17 күні италиялық Цезарь Пунидің «Қарақшы қызы Катарина» балеті, ал 18 күні Вердидің «Травиата» операсы көрсетіліпті. Ал 20 тамыз күні «Эрмитаждың» жазғы бағында ішекті аспаптар оркестрінің орындауында Иоганн Батист Штраус, Иозеф Ланнер, Даниел Обер, Карл Райсигер секілді танымал композиторлардың шығармаларын тыңдаған.

Біздіңше, Дәулеткерей опера-симфония музыкасын тыңдап, көкейіне көп дүние түйіп алды. Мысалы, күйшінің «Жігер» мен «Топан» күйлері осы сапардан кейін дүниеге келгені анық. Әрине, аталған күйлердің шығу тарихы түрлі айтыла берер. Бірақ скрипка мен флейта, виолончель мен фагот қосындысын естіген өнерпаздың дүниетанымы өзгереді. Ол өз жанынан шыққан күйлерге де әсер етеді. Бұрынғы қалыпты ырғақ пен дала еркіндігінің орнына, қос ішекке байланған қайғы келгендей... Бұл әсіресе «Жігер» күйінен анық байқалады.

24 тамыз күні қазақ делегациясы пойызбен Петерборға келеді. Келесі 15 күн ішінде олар өнер ордалары мен өндіріс ошақтарын аралаған екен.  Атап айтқанда, «Эрмитаж», «Ақша сарайы», Технология институты,  қару-жарақ қоймасы, ботаника саябағы, орталық кітапхана және шыны зауыты болған. Аравиннің пайымдауынша, делегацияның уақыты жеткілікті болғандықтан, өзіне керекті мәліметті алаңсыз іздеп, көкейлеріне түйген.

8 қыркүйек күні Дәулеткерей бастаған топ Ресей императоры Екінші Александрдың тақмұрагері, царевич Николайдың кәмелеттік жасқа толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысады. Іс-шара балға (яғни биге) ұласып, барлық шақырылған қонақтар көңіл көтерген екен. Қонақ қазақтар үшін бұл да бір таңсық әрі тамаша дүние болғаны анық.

Осы күні және келесі күні бүкіл Петерборда той болып, көше ойын-сауыққа айналған. Осы кезде Дәулеткерей тек сарай өнерін ғана емес, дала орыстары, қарапайым шаруалардың да өнерін тамашалай алған. Жанына серіктерін алып, сол кездегі «Марсово поле» атанған орталық алаңда алаңсыз халық музыкасын тыңдаған көрінеді. Шамамен осы уақытта А.Муренков есімді фотограф қазақ делегациясын фотоға түсіріп алған екен.  Дәулеткерей сол суретте үстіңгі қатардың сол жағында тұр.

Ойын-сауық аяқталады. Бәрі тарқай бастайды. Қазақ би-сұлтандары да елге қайтуға қамданады. Осылайша, жаңа ел мен жер көрген Дәулеткерей Шығайұлы келген ізімен үйге қайтады. Қазан айының басында Орынборға жетеді. Аздап демалып, айдың соңында Бөкей Ордасына ат басын тірейді.

Рүстем Нүркенов,

күй зерттеушісі