8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанатының Bir Tolqynda диалог алаңында «Қыз бала денсаулығы – ұлт денсаулығы» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды.
«Ұрпақтың саулығы – ұлттың болашағы»: ашық диалог алаңында әйел денсаулығы талқыланды
536
оқылды

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанатының  Bir Tolqynda диалог алаңында «Қыз бала денсаулығы – ұлт денсаулығы» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды. Оған Мәжіліс депутаттары, Астана медицина университетінің өкілі, «Болашақ» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы және студент қыздар қатысты. Диалог алаңында қыз-келіншектердің денсаулығы мен отбасында туындайтын түрлі мәселе талқыланып, мамандар тарапынан пайдалы кеңестер берілді.

Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамда жиі талқыланатын өзекті мәселе. Соның салдарынан соңғы төрт жарым жылда 869 адам көз жұмды. 2 086 адамның денсаулығына ауыр зиян келді. Бұл ретте Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова отбасындағы агрессорларға қолданылатын жаза күшейтілетінін жеткізді.

«Өткен аптада Мәжілісте әйелдердің құқықтарын қорғауды, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін заң қабылданып, Сенатқа жолданды. Өз кезегінде Мемлекет басшысы да қоғамдағы кез келген тәртіп бұзушылыққа қатысты жазаны қатаңдату туралы тапсырма берді. Мәселен, бұған дейін «денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ұрып соғу» баптары ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінде болды. Яғни, жаза да осы Кодекске сәйкес тағайындалды. Енді осы екі бапты Қылмыстық кодекске  енгізуді көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, осыдан бір жыл бұрын «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатын құрды. Оның негізгі мақсаты – еліміздегі ер мен әйелдің  жалпы құқықтық, саяси, экономикалық теңдігін қалыптастыру. Әйел денсаулығы – тұтас ұлт денсаулығы. Сондықтан да дүниеге дені сау ұрпақ алып келу өте маңызды. Осы ретте «AMANAT» партиясы депутаттарының бастамасымен  ауылдағы дәрігерлер жетіспеушілігі мәселесі оң шешімін тауып отыр. Енді ауылдық жерге дәрігерлер баратын болса, оларға үстемеақы ретінде 10 миллион теңгеге дейін көтермеақы төленеді», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктілік мәселесін төменгі палата қабырғасында  жиі көтеріп жүр. Статистикаға сүйенсек, бұл мәселеде Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарының көрсеткіштері көш бастап тұр.

  «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының 10 басым бағыты бар. Соның жетінші басымдығы осы әйел денсаулығына қатысты. Ондағы мақсат – әйелдердің өмір сапасын жақсарту, отбасылық құндылықтарды нығайту және әйелдердің денсаулығын тұрақты түрде қадағалау. Осы мақсаттарға жету үшін жүйелі жоспар жасалды. Қазіргі таңда бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу, интимдік мәселерді талқылау, дұрыс тамақтануды қалыптастыру сияқты түрлі маңызды бағыттар да қамтылған», – деді Гүлдара Нұрымова.

Бүгінде әйелдердің бала көтере алмауы, ер азаматтардың бедеулікке ұшырауы денсаулық саласында жиі талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Жиын барысында Астана медицина университетінің профессоры Жанерке Ажетова репродуктивтік денсаулық туралы көкейкесті сұрақтарға жауап берді.

«Бүгінде дамыған елдердегі зерттеулер бойынша, болашақ аналар шылым шегетін болса, оның дүниеге әкелетін ұлы келешекте бедеулікке ұшырауы мүмкін. Жалпы,  бедеулікке ұшыраған жас отбасылар саны жылдан-жылға көбейіп барады. Соңғы үш жылда Экстракорпоральды ұрықтандыруға 7 мың мемлекеттік квота бөлінді. Сондай-ақ ЭКО-ның ақылы түріне де өтінім беріп жатқандар көп. Оның ішінде 23-25 жастағы қыз-келіншектер де бар. Олардың бала көтере алмай жүргендеріне 2-3 жыл болған. Сонымен қатар мектепте оқитын көптеген қыз бала дәрігерге баруға ұялады. Біз анонимді сауалнама жүргіздік. Сонда оқушы қыздардың көбі ақылы клиникаға қаралғысы келетіндерін немесе керек ақпаратты интернеттен іздейтіндерін айтты. Бұл дегеніңіз, әлі де мына біздің медицинаның көмегі толық тиімді емес екендігін дәлелдеп отыр», – деді Жанерке Ажетова.

Партия хатшысы Шолпан Каринова жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығының қалыптасуы – халықтың демографиялық көрсеткішінің маңызды ресурсы саналатынын айтып, осы салада қабылданып жатқан тиімді шараларды атап өтті.

«Бұл бағытта мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар аз емес. Мәселен, ел аумағында Жастар денсаулық орталықтары құрылды. Онда дәрігерлер, психолог және гинеколог мамандар, әлеуметтік жұмыскерлер қызмет етеді. Орталықтың басты мақсаты – жастарға кез келген уақытта психологиялық не дәрігерлік көмек көрсету. Мұның бәрі анонимді түрде жүргізіледі. Бірақ бұл орталықтар туралы және көрсетілетін қызметтер туралы ел жастарының басым көбі біле бермейді. Осы мәселе бойынша ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізу қажет. Сонымен қатар атап өткім келетін бір мәселе – қазіргі таңда Әйелдер қанатының жұмысы аясында Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, жастардың репродуктивтік денсаулығын нығайту бойынша жоба әзірленіп жатыр, сондай-ақ міндетті түрде жас жұбайларға некеге тұрар алдында бедеулікке медициналық тексеруден өтуді қарастырып жатырмыз. Осы жұмысқа атсалысамын деген жандар болса бірлесе жұмыс атқаруға әзірміз», – деді Шолпан Каринова.

Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, құнды кеңестер алды.