Дәрігерлер қазіргі уақытта азаматтың денсаулығы бірқалыпты екенін айтты.
Қарағандылық полицейлер инсульт алған жүргізушіні құтқарды
677
оқылды

Қарағандыда тәртіп сақшылары инсульт алып, есінен танып қалған жүргізушіні құтқарды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

8 наурыз күні патрульдік инспекторлар Ақжаркен Мұқажан мен Берік Кеңесовке 19-ықшамауданның қиылысында төтенше жағдай болғаны туралы мәлімдеді.

"Оқиға болған жерге келгенімізде қиылыста жол шетіндегі бордюрға  шығып кеткен көлікті көрдік. Машина оталып тұрды және ол бордюрға шығып кеткендіктен, бір дөңгелегі айналып тұрды. Көліктің барлық есігі бұғатталып қалған екен. Мен көліктің алдыңғы жолаушы отыратын терезесін сындырып ішке кірдім. Әріптесім екеуміз оны сыртқа шығардық. Жүргізушінің денесі құрысып, тілін жұтып қоятындай болып жатты. Біз оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, демала бастағанда қызметтік көлікке салып ауруханаға жеткіздік",  деді Ақжаркен Мұқажан.

Белгілі болғандай, көлік жүргізушісі инсульт алған. Дәрігерлер қазіргі уақытта азаматтың денсаулығы бірқалыпты екенін айтты.