Мұны KAZINFORM қазақ тіліне аударып жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– 2022 жылдың тамыз айында Сіз Әзербайжанға ресми сапармен бардыңыз, бұл, әрине, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың даму динамикасына серпін беретін тарихи сәт болды. Екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайын қалай сипаттар едіңіз?
– Біздің байланыстарымыздың табысты дамуының іргетасы, ең алдымен, қазақ және әзербайжан халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланысы, мемлекеттеріміздің көп жылғы жемісті ынтымақтастығы, халықаралық аренадағы өзара қолдауы.
Және, әрине, маңызды аспект – Әзербайжан президенті Ильхам Гейдар оглы Әлиевпен қалыптасқан жеке, сенімді және достық қарым-қатынас. Бұл екіжақты және көпжақты мәселелерінің барлық кешені бойынша өзара түсіністікті нығайтуға көмектеседі.
Менің 2022 жылғы Әзербайжанға жасаған ресми сапарым белгілі бір деңгейде Баку мен Астана арасындағы әріптестік үшін серпіліс болды.
Біріншіден, бұл менің Әзербайжанға Мемлекет басшысы ретінде бірінші сапарым. Екіншіден, бұл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында өтті. Үшіншіден, сапар қорытындысы бойынша, стратегиялық қарым-қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы бірлескен Декларацияны қабылдау ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңінің бастауы болды.
Қазіргі қазақ-әзербайжан қарым-қатынасы өркендеу үстінде. Саяси, сауда-экономикалық, транзиттік-көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда байланыстарды нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Президент Ильхам Әлиевпен кездесуіңізде қазақ халқының Қарабақты қалпына келтіруге қосқан үлесі туралы маңызды шешім қабылданды. Қазақстан тарапы Әзербайжан халқына сыйлық ретінде Физули қаласында қазақтың көрнекті композиторы Құрманғазының есімімен аталатын балалар шығармашылық орталығын салуды ұсынды. Бауырлас Қазақстан алдағы уақытта елімізде тағы қандай жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр?
– Біз қазірдің өзінде Қарабақтың қаншалықты серпінді түрде жанданып жатқанын көріп отырмыз. Бұл өңірде көптеген жасампаз жұмыстар атқарылып жатыр. Көлік, әлеуметтік және туризм инфрақұрылымы белсенді дамып, әуежайлар, қонақүйлер, тұрғын үйлер мен мектептер салынуда.
Әрине, бұл игілікті істен біз де қалыс қала алмадық. 2022 жылдың тамыз айында Бакуге барған сапарымда мен қазақ халқының Әзербайжанға тартуы ретінде Физулидегі Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығының құрылысы туралы хабарлаған болатынмын.
Менің қазіргі сапарымның бағдарламасында осы орталықтың ресми ашылуы қарастырылған. Бұл мекеме елдеріміз бен халықтарымыз достығының, бауырластығының және өзара қолдауының тағы бір символына айналары сөзсіз.
Мен біздің компанияларымыздың Қарабақты жаңғыртуға қатысуға дайын екенін айтқым келеді. Мен Әзербайжан басшылығына қазақстандық компанияға Физули қаласындағы орталық аймақтық аурухана құрылысының жобасын ұсынғаны үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта Қазақстан компанияларының қатысуымен осындай жобалар көп болады деп күтеміз.
– Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев өзінің ұлықтау рәсімінде түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы жұмыстың басымдығын атап өтті: «Біздің отбасымыз – Түркі әлемі. Біз өзімізді керемет сезінеміз». Президент мырза сондай-ақ Әзербайжанның ТМҰ-ға мүше барлық мемлекеттермен бауырластық қарым-қатынаста екенін және елдің саясаты ұйымды нығайтуға бағытталғанын айтып, «Біз түркі мемлекеттерінің ұйымын маңызды факторға және жаһандық аренадағы күш орталығына айналдыруға ортақ күш салуымыз керек. Бұған біз тек бірге қол жеткізе аламыз», – деді. Осы құрылым шеңберінде Әзербайжан мен Қазақстанның ТМҰ болашағы мен ынтымақтастығын қалай бағалайсыз?
– Әңгімені Қазақстан мен Әзербайжан Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылар екендігінен бастайын. Құрылымды құру бастамасын Қазақстан көтеріп, келісімнің өзі Әзербайжан жерінде жасалған. Осы сәттен бері 15 жылға жуық уақыт өтті, содан бері біздің ортақ ұйымымыз институттандыру жолында ұзақ жолдан өтті. Оның үстіне, халықаралық аренада танымал болып, беделді ойыншыға айналып келеді.
Түркі мемлекеттері ұйымының тарихи миссиясын бағалауда Әзербайжан басшысының пікірімен келіспеу қиын. Шынында да, бұл интеграциялық бірлестіктің рөлін асыра бағалау қиын. Салыстырмалы түрде қысқа тарихи кезеңде біздің мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы өзінің өміршеңдігін көрсетіп, жаңа геосаяси шындық ретінде түркі әлемінің контурын айқындады. Біздің міндетіміз – ұйымның дамуын қамтамасыз ету.