Жақында танымал тележұлдыздың көлігінің тежегіші оқыс істен шыққаны туралы BBC News сайты хабарлады. Aikyn.kz бұл оқиғаның қандай салдары болғанын британдық басылымға сілтеме жасап түсіндіреді.
Jaguar I-Pace электр көлігі. Фото autoexpress.co.uk сайтынан алынды
Бүкіл әлем көретін Big Brother (Үлкен аға) реалити-шоуының бұрынғы жеңімпазы Крейг Филлипс өзінің Jaguar I-Pace электр көлігінің тежегіштері жол үстінде кенеттен істен шыққан кездегі қорқынышын BBC News басылымының журналистеріне айтқан. Филлипс мырза дәл сол күні көліктің ішінде өзінің отбасы мүшелері болғанын және тежегіштің істен шығып, көліктің «басқарусыз» қалғанын сезіну «қорқынышты» болғанын айтады.
Бұған дейін де дәл осы модельдің тежегіштердің істен шығуы туралы бір оқиға болған еді. Jaguar компаниясы оқыс оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатқанын және екі жағдайдың да мұқият тексерілетінін мәлімдеп, сынды байыппен қабылдаған.
Тежегіші істен шыққан I-Pace көлігін тоқтату үшін жол полициясы өзінің қызметтік көлігін соқтығыстырған. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: North West Motorway Police
Осы аптаның басында тағы бір I-Pace жүргізушісі автожолда көлігін тежей алмағанын, көліктің жылдамдығы артып, оны жол полициясының көмегімен ғана тоқтата алғанын жеткізген.
«6 наурыз күні түстен кейін M62-дегі Jaguar I-Pace көлігіне қатысты оқиғадан кейін біз бұл мәселені шұғыл түрде қарап жатырмыз. Осы оқиғаның себебін анықтау үшін толық тергеу жүріп жатыр, себебі әлі анықталмады. Біздің тұтынушыларымыз бен көліктеріміздің қауіпсіздігі JLR-дің ең жоғары басымдығы болып саналады», – дейді Jaguar Land Rover (JLR) өкілі.
Jaguar келесі жылы өзінің алғашқы электромобилі I-Pace өндірісін тоқтатуы керек еді. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Автомобиль өндіруші компания Филлипс мырзаның айыптауларына да мән беретінін мәлімдеген. Алғаш рет Daily Mail хабарлаған Филлипс мырзаның ісі 2023 жылдың Жаңа жыл қарсаңында болған.
Ол BBC News-ке: «Мен түстен кейін әйелім мен балаларымды көліктің артына отырғызып үйден шықтым. Мен үйден бір мильдей алыстап, бағдаршамға 48 км/сағ жылдамдықпен келе жаттым. Менің алдымда үш көлік болды. Мен тежегіш педалін бастым, бірақ гидравлика менің аяғымды итеріп жібергендей болды. Менің бүкіл салмағыммен тежегішті басуға күш салдым. Бақытымызға орай, бағдаршам жасыл түске ауысып біз өтіп кеттік.
Бұдан кейін мен бірден үйге өте баяу оралдым. 15-20 км/сағ жылдамдықпен үйге әрең жеттік. Мен басқа біреудің дәл осындай жағдайда болғанын қаламас едім, әсіресе көлікте отбасымен, балалармен болғанда».
Крейг Филлипс тежегіштері істен шыққан Jaguar I-Pace көлігін жүргізіп келе жатқанда отбасымен бірге болған. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Крейг Филлипс
Осы оқиғадан кейін үш жыл жүргізген көлігін қайтарып берген. Ол Jaguar компаниясын сақтық шарасы ретінде осы модельдерді толығымен кері қайтарып алуға шақырды.
Jaguar Land Rover өкілі: «Біз Филлипс мырзаның соңғы айыптауларына өте байыпты қараймыз және оның шағымын қарап жатырмыз. Сонымен қатар, біз Филлипс мырзаның біз көрсеткен жоғары деңгейдегі қамқорлықтан бас тартқанына алаңдаймыз. Клиенттеріміздің ыңғайлылығы және біздің тұтынушыларымыз бен көліктеріміздің қауіпсіздігі – JLR үшін ең жоғары басымдық».
Көптеген электромобильдер сияқты, Jaguar I-Pace регенеративті тежеуді ұсынады, онда автомобиль тежеу кезінде пайда болатын энергия қайтадан аккумуляторды қуаттауға қолданылады. 2018 жылдан бері Ұлыбританияда құны 70 000 фунт стерлинг болатын мыңдаған Jaguar I-Pace көлігі сатылған. 2019 жылы кейбір Jaguar I-Pace көліктері жүйедегі ақаулықтарға байланысты Солтүстік Америкада кері қайтарылды. Jaguar өзінің алғашқы I-Pace электромобилінің өндірісін келесі жылы тоқтатуы керек.
Қысқаша анықтама
Big Brother (Үлкен аға) – алғаш рет 1999 жылы Нидерландыда көрсетіліп, кейіннен бүкіл әлемге тараған голландиялық реалити-шоудың телевизиялық франшизасы. Шоуға сыртқы әлемнен оқшау, арнайы салынған үйде бірге тұратын «көршілер» немесе «қонақтар» деп аталатын сайыскерлер қатысады.
Шоу кезінде көрермендер «Үлкен ағаға» қатысушылардың әрбір қимылын, сөзін тікелей эфирден көріп, естіп отырады. Байқау барысында жалғыз жеңімпаз қалғанша апта сайын бір қатысушы дауыс беру арқылы шоудан шығарылып отырады. Шоуда қалған соңғы қатысушы жеңімпаз деп танылып, қомақты ақшалай сыйлықты ұтып алады.
2023 жылдың 5 тамызындағы жағдай бойынша «Үлкен ағаның» 508 маусымы франшизаның 63-тен астам елдері мен аймақтарында көрсетілді. Бағдарламаның ағылшын тіліндегі нұсқалары көбінесе «BB» бас әріптерімен, испан тіліндегі нұсқаларда Gran Hermano (GH) деп белгіленеді.