Олардың сөзінше, Салтанат Нүкенованың өзі Бишімбаевты қызғанған.
"Нүкенованың өзі күйеуін қызғанған". Бишімбаевтың қорғаушылары сотта мәлімдеме жасады
Фото: kursiv.media
1,037
оқылды

Өз әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары соттың алдын ала тыңдауында бірнеше мәлімдеме жасады, – деп  хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Олардың сөзінше, Салтанат Нүкенованың өзі Бишімбаевты қызғанған.

Олар сонымен бірге абьюз пен қатігездік сотталушының тарапынан болмаған, бұл шындыққа жанаспайтынын айтты.

Экс-министрдің адвокаттары бейнебақылау камераларының жазбалары заңсыз алынғандықтан, оны істен алып тастау керек деп есептейді.

Олар сондай-ақ BAU мейрамханасында тергеу экспериментін жүргізу қажет деп отыр, өйткені "куәгерлердің берген айғақтары әртүрлі" дейді.

Қуандық Бишімбаев та, екінші сотталушы Бақытжан Байжанов та қорғаушыларының талап-арызын қолдайтынын, ешқандай қарсылығы жоқ екенін айтты.

Ал жәбірленуші тарап Бишімбаевтың адвокаттарының барлық талап-арызын қанағаттандырмауды сұрады. Марқұм Нүкенованың тарабы 99-бапты ("Адам өлтіру") 104-бапқа ("Абайсызда кісі өлтіру") деп өзгертуге негіз жоқ екенін айтты.

Еске салайық, бүгін, 12 наурызда Астанада өз әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген экс-ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтіп жатыр.

Журналистер мен операторларды залға тағы да кіргізбеді. БАҚ өкілдері соттың басқа аудиториясында соттың трансляциясын монитор арқылы бақылап отыр.

Алдын ала тыңдау басталмас бұрын соттың баспасөз қызметі журналистерге сот процесінен фотосуреттерді жіберуге уәде берді.