Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін енді алқабилер қарайтын болды.
Бишімбаев ісіне алқабилердің араласуы жазасын жеңілдетіп жібермей ме? – Заңгер жауабы
Фото: Астана сотының баспасөз қызметі
783
оқылды

Белгілі заңгер Абзал Құспан Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін алқабилер қарауына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Бишімбаев ісін алқабилер соты қарайтыны туралы ақпарат 12 наурыздағы соттың алдын ала тыңдауында белгілі болды.

"Сот сотталушы Бишімбаевтың істі алқабилер сотында қарау туралы өтінішін қанағаттандыру қажет деп есептейді", – деді судья Айжан Құлбаева.

Алайда сот Қуандық Бишімбаевтың ісін прокурорға қайтарудан бас тартты.

Бүгін Мәжіліс алқабилер сотына қатысты маңызды ақпараттарды жариялады.

"Алқабилер сотында шешімді кеңесу бөлмесінде судьяның қатысуынсыз 11 алқаби қабылдайды. Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралып, соңында алқабилер кеңесу бөлмесінде қалады. Депутаттар істі қарап отырған судья алқабилермен бір бөлмеде қалмауы керек деген норманы енгізіп отыр. Судья өзінің кабинетінде отыруы керек, алқабилер судьясыз шешім қабылдап, сол хаттаманы кәсіби судьяға табыс етіп, сол бойынша ол шешім шығаруы қажет. Бұл норма азаматтардың құқығын қорғауға басымдық беру мақсатымен енгізіліп жатыр", – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, депутат, заңгер Абзал Құспан Мәжілісте журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында алқабилер сотына қатысты пікір білдірді. 

"Алқабилер соты дамыды деп айта алмаймыз. Сол себепті де қазіргі таңда дәл осы алқабилер сотына қатысты жұмыс тобында көптеген өзгерту енгізу қарастырылып отыр. Біріншіден, алқабилер сотында қаралатын қылмыстық істердің санатын кеңейту мәселесі тұр. Қазіргі таңда алқабилер сотында қаралатын қылмыстық істер өте аз", – деді ол.

Одан бөлек заңгер "Бишімбаев ісіне алқабилердің араласуы әділетсіздікке жол бермей ме?" деген сұраққа да жауап берді.

"Менің ойымша, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Неге? Алқабилер дегеніміз – ол да осы қоғамның өкілі. Бұл жерде кәсіби судья қатысады. Он судьяның бірі – кәсіби судья, қалғаны алқабилер құрамында. Сұрағыңыздың төркінінде сыбайлас жемқорлыққа апарып соқтырмай ма, қандай да бір жолмен сатып алу деген сөзді айтып отырсыз. Бір адамды сатып алған оңай ма, он адамды сатып алған оңай ма? Қарапайым сұрақ. Бір судьяға сенбейтін болсақ, алқабилерге де сенбейтін болсақ, үкімді кім шығаруы керек? Қоғамның назарында болғандықтан, әділетті сот актісі шығатынына өз басым толық сенемін",  – деді ол.

Айта кетейік, экс-министр Бишімбаевқа әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр. Оқиға Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған еді.

Былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны белгілі болды. Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды.

Айыптау қорытындысы бойынша Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Астанада өткен концертте болғаны айтылды. Концертте олардың арасында жанжал басталған. Кейін олар мейрамханаға бірге барған, ол жерде де жанжал жалғасқан. Нүкенова Бишімбаевтан кеткісі келетінін айтқан, бұл туралы ағасына да хабарлаған.

"Концертте болған Бишімбаев бос сылтауды пайдаланып, Нүкеновамен жанжалдаса бастаған. Концерт аяқталғанын күтпестен екеуі ғимараттан шығып, жаяу Бау мейрамханасына бағыт алған.

Мейрамханада алкоголь ішу барысында жанжал жалғаса берген. Нүкенова Бишімбаевқа бұл қарым-қатынастан шаршағанын және одан кетуге шешім қабылдағанын айтқан. Сондай-ақ, Нүкенова ағасына қонуға баратынын жазып, такси шақыруға тырысқан", – деді прокурор.

Сондай-ақ, мәліметтерге сүйенсек, Бишімбаев мас күйде Нүкенованың басына қатты соққы берген. Кейін ол әйелді аяғымен тепкілей бастаған. Салтанат Нүкенова бөлмелердің біріне тығылмақ болған, бірақ Бишімбаев есікті сындырып, оны қайтадан ұра бастаған.