Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Швейцария конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Салман Балмен кездесті.
Инвестициялық ынтымақтастық табысты дамуда
фото: Жаслан ЖҰМАБЕКОВ
421
оқылды

Кездесуді ашқан Ерлан Қошанов Елшіге былтырғы жылдың күзінде басталған Қазақ­стан­дағы дипломатиялық жұмысына табыс тіледі.

Мәжіліс Cпикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси-экономикалық серіктесі екенін және елімізге инвестиция салу­дан көшбасшылардың үштігіне кіретінін атап өтті.

– Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған отыз жыл ішінде сенімді саяси диалог жолға қойылды. Сауда-экономика­лық және инвестициялық ынтымақтастық табысты дамып, мәдени-гуманитарлық бай­ланыстар арта түсуде. Қазақстанның жаңа эко­номикалық бағыты шетелдермен іскерліктің кең мүмкіндіктерін ашады. Осыған байланысты біз Қазақстан нарығына швейцариялық серік­тес­терімізді шақырамыз, – деді Ерлан Қошанов.

Палата Cпикері Елшіге Мемлекет басшы­сының саяси реформалары туралы айтып, соның нәтижесінде бүгінде Мәжілісте алты партия мен бір мандатты округтен сайланған депутаттар бар екеніне назар аударды.

Елші Қазақстан мен Швейцарияның эко­номикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық білім беру саласындағы өзара іс-қимылының әлеуетін толығымен пайдалану керектігімен келісті. Оның айтуынша, парламентаралық ынтымақтастық біздің байланыстарымызды нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Осы тұрғыда тараптар Мәжілісте және Ұлт­тық Кеңесте құрылған парламенттік достық топ­тарын, сондай-ақ комитеттер мен саяси пар­тия­­лардың фракцияларымен жұмыс істеуге уағ­даласты.

Елші екі елдің депутаттары тығыз ынтымақ­тастықта жұмыс істей алатын бірқатар бағытты ұсынды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, суды үнемдеу, логистика және білім беру салалары бар.

– Швейцария жоғары кәсіби техникалық қызметкерлерді даярлауға мүмкіндік беретін дуалды білім беру жүйесімен танымал. Біздің тәжірибеміз Қазақстанға пайдалы болар еді, – деді Салман Бал.