Қанатқақты жобаға тек Қазақстан емес, Орталық Азия елдері де қатыса алады.
Қазақ-қытай шекарасында жаңа сауда аймағы ашылды
Фото: jjtv.kz
291
оқылды

Қазақ-қытай шекаралас аумағында жаңа пилоттық жоба – «Сауда аймағы» іске қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

Қытай нарығында қазақстандық шаруалардың экологиялық таза өнімдеріне сұраныс жоғары. Енді отандық фермерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық алаңда саудалауға мүмкіндік бар.

Қанатқақты жобаға тек Қазақстан емес, Орталық Азия елдері де қатыса алады.

Жаңа жоба Шыңжаң Ұйғыр автономдық ауданындағы Жеменей уезінде ашылды. Бұл Қазақстанға тиіп тұрған өлке. Пилоттық аймақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған. Сонымен қатар халықаралық сауда мен технология алмасуға мүмкіндік беретін алаң. Дәл мұндай жоба Қазақстанмен шекаралас аумақта алғаш рет іске қосылып отыр. Бұл аймақ тек қана сауда ғана емес, ғылым мен технология алмасатын орын болады. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастық пен келісім жасалады.

Сауда аймағының аумағы 14 шаршы шақырымнан асады. Осы арқылы Қытай көрші елдермен сауда-саттықты дамытуды көздейді. Негізінен шекаралас сауда-саттықты дамытуға күш салынады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, оның логистикасы және қойма кіреді. Импорт пен экспорт шикізат тауарларын қайта өңдеуге де басымдық берілмек. Бұл жоба Қазақстан үшін де ерекше тиімді болып отыр. Бірнеше мемлекетаралық байланыс, транзит, логистиканың басым бөлігі Қазақстан арқылы жүргізіледі. Былайша айтқанда, Қазақстан бұл жүйеде алтын көпір рөлін атқарады. Қазірдің өзінде 11 компания 5 бағыт бойынша келісімшарт жасады. Оның ішінде қазақстандық компания өкілдері де бар.

«Жеменей –  барлық жағынан өте ыңғайлы шекаралық округ. Қазақстан арқылы Орталық Азияға импорт пен экспорт көлемін ұлғайту жоспарда. Мұндай жоба Шыңжаңда алғаш рет қолға алынып отыр. Оған ішкі және сыртқы ресурстардың мүмкіндіктерін барынша пайдаланамыз. 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты пен экспортын 139 млрд АҚШ долларына жеткіземіз. Дәл мынадай потенциалмен сауда-саттық сомасы бұдан да жоғары болуы мүмкін», –  деді пилоттық аймақ басқармасының директоры Ду Хунтао.