Қазақстанда ұлттық спорт бірінші қатарға шығуы керек.
Ұлттық құрылтай: Мереке Құлкенов Бейбарыс пен Махамбет ғылыми орталығын ашуды ұсынды
1,311
оқылды

Бұл туралы ол Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы секциясында Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов айтты. 

Оның пікірінше,  елімізде ұлттық спортымыз бірінші қатарға шығуы керек.

«Мәселен, жеті номинация бойынша «Құлагер» бәйгесі жарияланып жатыр. Яғни, ұлттық ойындарымызды, ата-бабадан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді ұлықтау үшін қазақ әдебиетінде жаңа көркем шығармалар анықталады. Ал  біз, жазушылар, Қазақстанда көркем шығарманың деңгейін көтереміз. Сіздердің де пікірлеріңізді білсек дейміз. Бүгінде қазақ әдебиетінің басқа әдебиеттерге қарағанда кемшін жері көп. Әсіресе, проза, поэзия шет тіліне дұрыс аударылмай жатыр. Осы мәселелерді де назардан тыс қалдырмауымыз тиіс», – деді ол. 

 

Сондай-ақ ол Бейбарыс пен Махамбет ғылыми орталығын ашуды ұсынды. 

«Көненің көзі саналатын Сарайшыққа ұдайы маңыз беріп отырамыз. Десек те, Сарайшықтың зерттелу жағы, құндылықтарын дәріптеу жағы әлі жетіспейді. Жалпы, мұнайлы өлкеде екі нәрсе қолға алынуы тиіс. Оның бірі – Бейбарыстың ғылыми орталығы болуы қажет деп есептеймін. Былтыр біз араб елінде болған кезімізде сондай орталық құрылған еді. Сол кезде арабтық әріптестер оны Қазақстанмен бірлесіп құруға ынталы болды. Өйткені, ғалымдарды жіберу, қаржыландыру жайы да қамтылған еді. Күні бүгінге дейін бізде Абайды, оның шығармаларын зерттеуге байланысты көптеген орталық ашылды. Дегенмен  біз дауылпаз ақын Махамбетті жадымыздан шығарып алғанымыз өкінішті. Сол себепті, оған да бір орталық керек сияқты. Меніңше, Атырау өңіріндегі жоғары оқу орындары осыған жете көңіл бөлуі керек. Әрине, тек университеттер емес, облыстағы мәдениет басқармасы, басқа да орталықтар осы мәселені қолға деген ұсынысымыз бар», – деді Мереке Құлкенов. 

Баян ЖАНҰЗАҚ