Аспан астындағы музейлердің ішінде Сарайшық музейінің маңызы ерекше.
Аспан астындағы Сарайшық ұлттық музейге айналады – Аида Балаева
838
оқылды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Атырауда өтіп жатқан үшінші Ұлттық құрылтайдың алғашқы секциясында Сарайшық кешенінің артықшылығы туралы айтты.

«Еліміз бойынша аспан астындағы 12 музей бар. Оның ішінде, Сарайшық музейінің маңызы ерекше. Аспан астындағы музейлерді дамыту, танымдық бағыттағы мазмұнын арттыру, тарихи құндылықтарды әлемге таныту мақсатында шетелдік ғалымдармен бірге жұмыс істейтін боламыз. Қазіргі уақытта Сарайшық музейінің танымдық жұмыстарын арттыру мәселесі де қолға алынды», – дейді спикер.

Атап өту керек, үшінші Ұлттық құрылтайдың «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясында  әдебиет, дін және бірқатар әлеуметтік мәселелері кеңінен талқыланды. 

 

«Үшінші құрылтайдың 30-дан аса мүшесі өзекті мәселелерді көтерді. Әсіресе, облыстардан келген құрылтай мүшелері жергілікті жұртшылық тарапынан көтерілген мәселелерді ортаға салды. Олардың қатарында, ауылдық жерлерде мәдени ошақтар қатарын көбейту, жастар тәрбиесіне қатысты нақты қолға алу керек мәселелер, лудомания проблемасы да бар», – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. 

Министрдің айтуынша, алғашқы секцияда көтерілген мәселелердің барлығы Ұлттық құрылтайдың хаттамасына енгізіледі. 

Баян ЖАНҰЗАҚ