ҚМДБ мамандары дұға ету үшін дәреттің болуы міндетті емес екенін айтты.
Ораза кезінде дәретсіз дұға қабыл бола ма?
Фото: sputnik.kz
21,790
оқылды

ҚМДБ мамандары ораза кезінде дәретсіз дұға қабыл бола ма деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлады massaget.kz.

ҚМДБ мамандары дұға ету үшін дәреттің болуы міндетті емес екенін айтты.

«Дұға ету үшін дәретті болу абзал, бірақ шарт емес», - делінген хабарламада.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында дұғаның қабыл болуының негізгі шарттары ұсынылған:

Бірінші шарт: ықылас-ынта. Ол – дұға мен оған амалды барлық күмән туғызатын нәрселерден таза орындау, барлық істі бір Аллаға тапсыру;

Екінші шарт: ұдайылық. Бұл – тек дұғаның ғана емес, ғибадат түрлерінің барлығының да шарты;

Үшінші шарт: Алла Тағалаға шын сенім мен дұғаның қабыл болуына анық илану;

Төртінші шарт: дұғаны жүректен шығару, Раббыдан қорқу, Алланың алдындағы мол сауаптан үміт етіп, жазаларынан жасқану;

Бесінші шарт: дұғаны нық шешіммен, ыждағаттылықпен, байсалдылықпен тілеу. Мұсылман Раббысына тілеу тілегенде айнымас нық шешіммен, ынты-шынтысымен беріліп дұға қылуы керек. 

Дұғаның қабыл болуына кедергі келтіретін нәрселер:

Бірінші кедергі: харамға бой алдыру, хараммен жеу, ішу, кию;

Екінші кедергі: дұғаның тез қабыл болуына деген шыдамсыздық танытып, ақырында дұғаны тастап қою;

Үшінші кедергі: асылық және тыйым салынған істерге бой ұру. Дұғаның қабыл болуына тыйым салынған шектерді бұзып, күнәларға бару кедергі болуы мүмкін;

Төртінші кедергі: Алла Тағаланың міндеттеген парыздарын орындамау. Құлшылық істерін орындаудың дұғаның қабыл болуының бір себебі десек, керісінше, мұсылманға міндеттелінген парыздарды орындамау да дұғаның қабыл болуына кедергі болып есептеледі;

Бесінші кедергі: Күнә-қателікте болу не туыстық байланыстарын үзу;

Алтыншы кедергі: Дұғаның қабыл болуы Алланың хикметімен кешігуі ықтимал. Бұл туралы бір хадисте айтылған.