Қоғамда «Қазіргі заманның Сәтбаевтары, Есеновтары, Марғұландары қайда?» деген сауал туындап отыр.
Ғылымды дамыту стратегиясын дұрыс құруымыз керек – Ақылбек Күрішбаев
853
оқылды

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев ғылым саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Оның айтуынша, әрбір қоғамның даму қарқынын ғылым мен білімнің даму деңгейі анықтайды. Оны біз алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тәжірибесінен анық көріп отырмыз. Олай болса, біз бүгінгі таңдағы қоғамымыздағы ғылым мен білім саласына деген қалыптасып қалған көзқарасымызды түбегейлі түрде өзгертуіміз тиіс.

«Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында біз отандық ғылымды ұйымдастырудың заманауи жүйесін құра алмадық. Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдардың жұмысының негізгі қағидаты – жылдам жеңістерге және жоғары жаққа табысты есеп беру үшін тез нәтижелерге қол жеткізу болды. Мемлекеттің басты басымдықтарынан тысқары қалған отандық ғылым мұндай жағдайда, әрине, тиісті түрде дами алмады. Қоғамда қазіргі заманның Сәтбаевтары, Есеновтары, Марғұландары қайда? деген сауал туындауда. Егер қажетті технологияларды шет елден сатып аламыз деп, жылдар бойы өзіміздің ғалымдарымызды мойындамасақ, егер бізде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру дамыған елдерге қарағанда 10, 20 және 30 есе аз болса, олар қайдан пайда болмақ?!» - дейді.

Ақылбек Күрішбаев соңғы уақытта ғана ғалымдарға тиісті назар аударыла бастағанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді ұстанымының арқасында елімізде ғылым мен білім беруді дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп жатыр.

«Енді біз ғылымды дамыту стратегиясын дұрыс құруымыз керек. Ол басқа елдердегідей экономиканы дамытуға бағытталған шын мәнінде прагматикалық болуы тиіс. Бұл ретте Ұлттық ғылым академиясына ерекше рөл беріледі. Ол ғалымдардың үстінен қарайтын, тағы бір әкімшілікке айналмауы керек. Оның өзіндік бірегей миссиясы мен пайымы бар: тәуелсіз ұсыныстарын беретін автономды, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу және ғылымды басқару саласында жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыру. Ең алдымен, ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын дұрыс анықтау қажет. Өкінішке қарай, біздің дамыған елдерден айырмашылығымыз, басым бағыттар көбінесе елдің қажеттіліктеріне емес, ғалымдардың мүмкіндіктеріне негізделген. Осыған байланысты академия базасында экономиканың, ғылымның нақты жай-күйімен және ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтерін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесі енгізілетін болады. Екіншіден, конкурстық негізде қаржыландырудың үш жылдық кезеңімен ғылымның барлық бағыттарына қолданылатын шаблондық тәсіл ғылымда, әсіресе іргелі зерттеулер саласында нәтижеліліктің төмендеуіне әкеліп соқты. Осы уақытқа дейін Қазақстанда заманауи базалық құзыреттерді дамытуға ықпал ететін және қолданбалы әзірлемелердің тиімділігін арттыруға негіз болып табылатын, елдің зияткерлік әлеуетін тұрақты түрде қамтамасыз ететін іргелі (фундаменталды) ғылым үшін тиісті жағдайлар жасалмады. Сондықтан біз іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру форматын түбегейлі өзгертуіміз қажет», - деді Ақылбек Кұрішбаев.

Академия жетекші ғалымдармен бірлесіп, іргелі негіздерді қалыптастырудан бастап практикалық қолдануға дейінгі барлық аспектілерді қамтитын, тігінен интеграцияланған нысанда құрылатын заманауи цифрлық және геномдық технологияларды пайдаланады. Сол арқылы ел дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған ірі пәнаралық мегажобаларды іске асыру бойынша ұсыныстар енгізетін болады.

«Қазір біз осындай бес стратегиялық маңызды бағдарламаны әзірлеуді бастадық. Мәселен, әлемге танымал ғалым, академияның вице-президенті Дос Сарбасовтың жетекшілігімен елімізде ауыл шаруашылығындағы заманауи биотехнологияны дамыту жөніндегі жобаны дайындау басталды, бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ауқымды аумағы бар Қазақстанда экономиканы теңгерімді түрде дамыту үшін өңірлік ғылымды дамыту өте маңызды. Технологиялық дамыған елдердің табысының құпиясы неде? Мысалы, АҚШ-тың әр штатында дерлік ірі зерттеу университеттері бар, олар сол өңірдің экономикасын дамытудың инновациялық орталығы, «ми хабы» болып табылады. Бұл жұмысты тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады.  Ал бізде болса, мүлдем басқа жағдай. Ғалымдар өңірдегі мәселелерді білмейді, ал өңірлер ғалымдардың мүмкіндіктерінен хабарсыз. Тіпті көптеген әкімдіктерде ғылыми салаға жауапты мамандар да жоқ. Бұл мәселені шешу үшін келесі ұсынысымыз бар. Академия өңірлік университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарды жан-жақты қолдайтын болады. Қажет болған жағдайда академия мүшелері мен шетелдік серіктестерді тарта отырып, өңірлер үшін ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл жұмысты өңірлік университеттер базасында облыс әкімінің орынбасарының басшылығымен Ғылым және технологиялық даму жөніндегі кеңесті құрудан бастауды ұсынамыз. Кеңес құрамына жетекші ғалымдар, академиктер, қоғамдық ұйымдардың, ірі кәсіпорындар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіреді. Кеңестер өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтайды және оларды шешудің қолайлы параметрлерін ұсынады. Өңірде ғылымды дамыту жөніндегі жұмыс көрсеткіштерін әкімдердің рейтингіне қосу қажет. Бұл жобаны өзара іс-қимылға дайын әкімдермен, 2-3 облыс мысалында пилоттық режимде бастауды ұсынамыз. Академияның бұл «Өңірлік ғылым өңірлер үшін» атты бастамасы – мен осыған дейін айтқан ғылым саласындағы прагматикалық тәсілдің мысалы. Бұл ғылыми, ғылыми-техникалық саясаттағы жүйелі «олқылықтың» орнын толтырып, ғылымды практикаға және нақты өндіріске жақындатып, осылайша елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайта отырып, өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуына мүмкіндік береді. Осы жұмыстың тағы да бір ерекшелігі, біз өзгерістерді әдеттегідей жоғарыдан төменге емес, төменнен, яғни дұрыс бастап отырмыз», - деп сөзін қорытындылады.