Үш күнде көші-қон заңнамасын бұзушыларды ел аумағынан шығару туралы 504 сот шешімі шығарылған.
Көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер елден шығарылды
Фото: polisia.kz
1,097
оқылды

Қазақстанда «Мигрант» операциясы аясында көші-қон ережелерін бұзып, сот шешімінен жалтарып жүрген шетелдіктерді анықтау жұмыстары жүріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ІІМ мәліметінше, іс-шараның үш күнінде көші-қон заңнамасын бұзушыларды ел аумағынан шығару туралы 504 сот шешімі шығарылған. Тәртіпке бағынбаған 62 шетелдікті ел аумағынан күштеп шығаруға тура келген. Оларға бес жылға дейін Қазақстанға кіруге тыйым салынды.

«Полицейлер Алматы әкімдігінің көмегімен африкалық жеті тұрғынды елден күштеп шығарды. Олар еліміздің көші-қон заңнамасын бұзып, белгіленген мерзімде Қазақстаннан шықпай, сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасының шекарасынан шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жаза қолданды», – делінген ІІМ хабарламасында.

Шетелдіктерді елге шақырған ұйымдар да полиция тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 90 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, жұмыс беруші ұйымдар депортацияға жұмсалған шығынды өтеуі тиіс.

Көші-қон қызметі елге шетелдіктерді шақыратын қазақстандықтарға олардың елден уақытылы шығуын ұйымдастыру қажет екенін еске салады.