Биыл Түркия тарихында елеулі орны бар «Чанаккале жеңісіне» 109 жыл толады.
«Чанаккале жеңісіне» арналған фотокөрме ашылды
1,475
оқылды

Осыған орай Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы мен ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік Әскери-тарихи музейі бірлесе отырып, Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен «Чанаккале жеңісі» атты фотокөрме ұйымдастырды.

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Қорғаныс министрлігі басшылары, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты.

Көрмеде Чанаккале шайқасында қаза болған жауынгерлердің қаһармандығы мен қайсарлығының жарқын сәттерінен сыр шертетін 40-қа жуық фотосурет қойылды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрі маршпен ашып, «Белес» тобы «Чанаккале әнін» көптің назарына ұсынды.

Айта кетейік, 1915 жылы Антанта одақтастары Ыстамбұлды басып алу үшін азаматтық соғыс бастайды. Бұл Түркия тарихында ең қантөгіске толы, қайғылы оқиға саналады. Өйткені Анадолыдан Ыстамбұлға ағылған барлығы 400 мыңға жуық әскердің 250 мыңы тәуелсіздік жолында басын өлімге тікті. Соғыс барысында британ және француз сарбаздары әскери-теңіз шайқастарынан нәтиже болмаған соң, шегінуге мәжбүр болған. Осы жеңістен кейін 1923 жылы Түркия Республикасы құрылған.

Жиын барысында ҚР Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, полковник Тілеухан Басқожаев сөз алып, аталмыш соғыс жайлы баяндады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс тарихында маңызды орын алатын «Чанаккале жеңісі» түрік халқының күші мен сенімінің сарқылмайтынын көрсетті. Сондай-ақ Чанаккале шайқасы кезінде тарих сахнасына Түркия Республикасының негізін қалаушы, саяси қайраткер Мұстафа Кемал Ататүрік шығып, нәтижесінде «Ыстамбұлды құтқарған қаһарман» атағымен халық арасында танымал бола бастады.

Түркия мемлекетімен мемлекетаралық кең көлемді қатынас орнату – Қазақстанның халықаралық қатынас саласындағы басты міндеттерінің бірі. Бұл екі мемлекетті жақындастыратын басты фактор – екі халықтың түбі бір туыстығы, өткен тарихының ортақтығы, этнолингвистикалық жақындығы, геосаяси және экономикалық алғышарттарының бірлігі.

Бұл ретте, екі елдің қорғаныс ведомстволары арасында әскери ғылым, білім беру, жауынгерлік-даярлық саласында өзара ынтымақтастық барын да айта кету керек. Бүгінгі көрме де екі ел арасындағы тарихи-мәдени байланыстың тереңдей түсуіне, өзара ынтымақтастықтың нығаюына өз септігін тигізеді деп сенемін, – деді Т.Басқожаев.

Ал ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, Чанаккале жеңісі – жалпы  түркі жұртының ортақ жеңісі.

- Мен Чанаккале туралы ең алғаш рет мектеп қабырғасында «Жас Алаш» газетінен оқыдым. Сонда Сейіт батырдың ерлігі мені өзіне тәнті еткен еді. Чанаккале жеңісі ол тек қана Түркия мемлекетінің, түрік халқының ғана емес, жалпы түркі жұртының ортақ жеңісі деп айтуға толық негіз бар. Оған мынадай дәлел келтіре аламын. 1915 жылы, яғни жиырмасыншы ғасырдың бастапқы кезеңінде еліміздің батыс өңірінде «Қазақстан» деген газет шықты. Аталмыш газетте Алаш ардақтыларының осы шайқасқа байланысты жазған талдау мақалалары жарияланған. Онда ұлт зиялылары Түркиядағы  азаматтық соғыс жайлы  қамығып жазған, – деді А.Құспан.

Түркияның Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу көрмені ұйымдастыруға көмек көрсеткен Қазақстан Қорғаныс министрлігіне және Қазақстан Қарулы Күштерінің мемлекеттік тарихи-әскери музейіне өз ризашылығын  білдіріп, Чанаккале жеңісі туралы баяндады.

- Чанаккале жеңісі тек біздің ғана емес, Балқаннан Африкаға, Еуропадан Азияға дейінгі 100 миллиондаған бауырымыздың ортақ жеңісі. Бұл даңқты жеңіс – Түркия мен түрік ұлтының, сондай-ақ елімізге көзі мен көңілін аударған жапа шеккен халықтың жеңісі. Бүгінгі көрменің негізі руханиятта. Себебі Түркия мен Қазақстан арасындағы достық және бауырластық байланыс тарихта әрқашанда берік болған. Бүгінгі көрмеде бауырлас қазақ халқының Чанаккале жеңісінің маңызын түсінуі және бұл жеңістің түрік ұлты үшін қаншалықты құнды екенін бағалауы – біз үшін үлкен қуаныш. 18 наурыз – Шейіттерді еске алу күні. Осы ретте батырларымыз бен Ғази Мұстафа Кемал Ататүрікті мейіріммен және құрметпен еске аламын, – деді М.Капуджу.

Дариға Құрманалы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

       ұлттық университетінің 4-курс студенті