Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына қатысты пікір білдірді.
Ұлттық құрылтай – ұлт болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, шешім іздейтін бірегей алаң – Ерлан Қошанов
649
оқылды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына қатысты пікір білдірді.

Айтуынша, Ұлттық құрылтай – ұлт болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, шешім іздейтін бірегей алаң. Кезінде хандарымыз бен билеріміз бас қосқан келелі кеңестерде тұтас елдің тағдыры шешілген. Бүгінгі біздің Құрылтайымызда да ел ертеңіне қатысты салиқалы пікірлер айтылды.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Алдыңғы жылы ұлт ұясы Ұлытауда бастау алып, былтыр киелі Түркістанда жанданған ата дәстүріміз бүгін тамыры терең Атырау өлкесінде жалғасын тапты.

Ұлттық құрылтай – ұлт болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, шешім іздейтін бірегей алаң. Кезінде хандарымыз бен билеріміз бас қосқан келелі кеңестерде тұтас елдің тағдыры шешілген. Бүгінгі біздің Құрылтайымызда да ел ертеңіне қатысты салиқалы пікірлер айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев идеологиялық, рухани бағыт-бағдарымызды айқындап, жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде өз ойларын, пайымдарын ортаға салды. Мемлекетіміздің ертеңі не болмақ? Елімізді жаһандық сын-қатерлерден алып шығудың, тұрақты дамудың жолдары қандай? Міне, осы сұрақтарға Президентіміз нақты жауап берді.

Әрине, тіл, дін, тарих пен мәдениет, салт-дәстүр – әр ұлттың басты байлығы. Сөз жоқ, біздің де тамырымыз тереңде жатыр. Сан ғасырлық шежіреміз тасқа қашалған. Өшкенімізді тірілту, өткенімізді жаңғырту – бабалар алдындағы перзенттік парызымыз. Бүгін Мемлекет басшысы осыған ерекше назар аударды.

Қазақтың түп-тамыры сонау сақ-ғұндардан басталады десек, бертіндегі Жошы ұлысы мен оның заңды мұрагері саналатын Қазақ хандығының да тарихымыздан ойып алар орны бөлек. Президент болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет екенін атап өтті.

Бүгінгі Құрылтайдың отырысы да сол Жошы ұлысының 800 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысы мұндай мерейлі даталарды құр той тойлау емес, тағылымды етіп өткізуге, құнды зерттеулер жүргізуге арнауға шақырды. Осы орайда Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өту керек.

Президент Тәуелсіздік, Республика, Бірлік мемлекеттілігіміздің мызғымас тұғыры екенін дөп басып айтты. Біз бұл ұғымдарға ерекше мән беруіміз керек. Әр азаматтың жүрегіне ұялайтын басты құндылығымыз да осы. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз десек, мықты ұлт, іргелі мемлекет құруға күш салуымыз қажет.

Бұл тұрғыда елдің мәдени дамуына, рухани кемелденуіне баса назар аударған жөн. Оған да бүгін Мемлекет басшысы кеңірек тоқталды. Осы орайда зиялы қауым өкілдеріне зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Қазір жеке бастың қамын ойлайтын заман емес. Ел мүддесі бәрінен биік. Сондықтан тұғырлы тұлғаларымыздың басын біріктіріп, ортақ мақсатқа, ел игілігіне қызмет етуге шақырды. Аталарымыз «Бөлінгенді бөрі жейді» деген. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Оны зиялы қауым өкілдері де, әрбір азамат та естен шығармауға тиіс.

Ұлттық бірегейлігімізді нығайту – негізгі мәселе. Бұл орайда Мемлекет басшысы ұлтымыздың салтында жоқ киім үлгілерінен аулақ болу керек екенін айтты.

«Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Баларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруге үндеді. Біз мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруге тиіспіз. Бұл жаһандану заманындағы қауіпті кеселдерге төтеп беруге септігін тигізері сөзсіз. Ол қандай қатерлер? Есірткі саудасы, жастар арасында «вейптердің» таралуы, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм қоғамның дертіне айналды.

Бұл кеселдермен кешенді күрес басталып та кетті. Олар бойынша Президенттің нақты тапсырмалары бар. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылданды.

Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою үшін «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен тиісті заң жобасы әзірленді. Президент оны осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм бойынша да үлкен қадамдар жасалып жатыр. Ең бастысы, Президент айтқандай, елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталып, қоғамда заң үстемдігі салтанат құруы қажет.

Мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеудің кілті неде? Әрине, тәрбиеде деп ойлаймын. Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына адами құндылықтар мен қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа келбетін айқындайтын сол негізгі құндылықтарды да атап өтті. Ол – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.

«Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Сондықтан бәріміз оны дәріптеуге атсалысуға тиіспіз. Ең бастысы, бұл құндылықтардың барлығы біздің төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашақ ұмтылысымызға негізделген.

Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашақ бейнесін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттап берді. Біздің беттеген бағытымыз да, таңдаған жолымыз да осы. Осы жолда баршаңызды Мемлекет басшысының маңайына топтасып, жұмыла қызмет атқаруға шақырамын.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – дейді ол.