Кеше Атырау қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­ға­лығымен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ат­ты үшінші отырысы өтті.
Іргелі құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет
579
оқылды

Онда Құрылтай мүшелері секцияларда айтылған ұсы­ныстар мен бастамаларды ортаға салып, өз ойларымен бөлісті. Мемлекет бас­шысы Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында сөз сөйледі. 

Мемлекет басшысы, ең алдымен, биыл­ғы Құрылтай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келгенін айта келіп, үшін­ші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті.

– Әйгілі Сарайшық қаласы осы жер­ге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыс­тың, кейін Қазақ хандығының маңыз­ды әкім­шілік және сауда ор­талығы болғаны та­рих­тан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостра­тегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың эко­номикалық, саяси, мә­дени қарым-қатынасына ерекше ық­пал еткен. Атақты хандарымыз осы жер­ге орда­сын тігіп, ел билеген. Бір­қа­тары Са­рай­­­шықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауын­ша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айнал­дыр­ған Қасым хан осында жер­ленген. Бір сөз­бен айтсақ, Сарайшық – төл ше­жіре­мізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, халықтың береке-бірлігін сақтау елді­гі­міз үшін аса маңызды. Елдің тұтасты­ғы зиялы қауымның бірлігінен бас­талады.

– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты тал­қылау көбейіп барады. Қа­лам­герлеріміз, тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дү­ние­танымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни сол за­манның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Бұған қоса, кітапхана ісін өр­кен­детуге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді.

Мемлекет басшысы бола­шақ­қа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәде­ни мұрамызды сақтап, оны дәріп­теуі­міз қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өр­кениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.

– Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың санғасырлық даму бағдарын ай­қындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа дең­гейге көтерді. Оның Рим им­периясымен ұқсастығы да осын­да. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл тол­ды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақ­станның мемлекеттілік дәс­түрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұра­сымен тығыз астасып жатыр. Ендеше Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа ака­демиялық тарихын жазу жұ­мыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев был­тыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайлан­ғанын еске салып, еліміздегі қай­таланбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жерасты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығу­шылығын туғызған Үстірт қо­рығын ЮНЕСКО-ның Дүние­жүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауыс­қан­­дық сайларындағы дала өр­ке­­ниетінің сан мыңжылдық ше­жіресі саналатын таңбалы тас­тарды (петроглифтерді) қор­ғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы өз сө­зінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша тоқталды.

Президенттің пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге ай­рықша назар аударған жөн деп санайды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.

Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқын­дайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Со­нымен бірге бұл Әділетті Қазақ­стан идеясымен үндесіп жатыр.

– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажы­рамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық құрылтайда жұрт­шы­лық атынан Парламент Мә­жі­лісінің депутаты Еділ Жаң­быршин, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, Парламент Сена­тының депутаты, «Воз­рож­­дение» қазақстандық не­міс­тер бірлестігі» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Евгений Больгерт, адвокат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрыл­тайшысы Айман Омарова, Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда айтылған жаңа идеялар мен ұсыныстар мұқият қаралып, нақты шара­лар қолға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар Ұлттық құрыл­тайдың төртінші отырысын келе­сі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынды.