Бұл бізге бірлескен күш-жігер арқылы Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді.
Сұлтанбек Мәкежанов: Жас ұрпаққа бағыт-бағдар беру қажет
453
оқылды

Парламент Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежанов Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы туралы  Facebook әлеуметтік желісінде пікірін білдірді.

Онда былай делінген:

"Атырау қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы өз сөзін халық бірлігін нығайтудың маңыздылығынан бастады.

"Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды", деп атап өтті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы зиялы қауымның, әсіресе аға буын өкілдерінің осы бірлікті нығайтудағы ерекше рөліне тоқтала кетті. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы екендігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар  Мемлекет басшысы өз сөзінде елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатынын, яғни, ең алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек екенін көпшілікке жеткізді.  

Бір сөзбен айтқанда, зиялы қауым өкілдері жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі қажет.  Жалпы, Ұлттық құрылтайдың мақсаты  жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Бұл бізге бірлескен күш-жігер арқылы Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді".