Жалпы жиналған қаржы сомасы 6 млрд теңгені құраған, оның 33%-ында (2 млрд) алаяқтық белгілері бар.
Жалған көмек сұраған алаяқтарға 660 мыңнан астам қазақстандық ақша жіберген
Фото: baigenews.kz
895
оқылды

Қазақстанда түрлі күмәнді мақсаттарға ақша жинауға 138 банктік карта (краудфандингке) тартылған. Сәйкесінше, жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам қазақстандық ақша жіберген, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл туралы ҚМА алаңында Дмитрий Малаховтың төрағалығымен өткен Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) алдын алу және терроризмді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруын тарату мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті отырысы барысында белгілі болды.

«Жалпы жиналған қаржы сомасы 6 млрд теңгені құраған, оның 33%-ында (2 млрд) алаяқтық белгілері бар. Әлеуметтік желілерде ұжымдық қаражат жинаудың қауіптері және оларды одан әрі мақсатсыз пайдалану анықталды», - делінген ҚМА баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

ҚМА басшысы Д. Малахов жосықсыз азаматтар «ем» және «жағдайы төмен адамдарға көмек көрсету» үшін қайырымдылық қызметі мен көмек көрсету түріндегі қаражат жинауды кедергісіз және бақылаусыз жүзеге асыратынын атап өтті.

«Зиянкестер ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелдегі қымбат пәтерлерді жалға алуға жұмсайды.  Жанашыр азаматтардың жақсы ниеті «жалған» мұқтаждар үшін оңай табысқа айналуы мүмкін», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Отырысқа қатысушылар – АХҚО, қаржы реттеушілері және екінші деңгейлі банктердің өкілдері - краудфандингтік қызметті реттеу бойынша заңнамалық шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Краудфандинг – бұл жобаларды, бастамаларды және стартаптарды қаржыландыру үшін қолданылатын ақша жинаудың инновациялық тәсілі.