Рейд барысында 100-ден астам сауда нысаны тексерілді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Вейп пен насыбай сатушылар жауапқа тартылды
www.gov.kz

Астанада барлық бес ауданда шегілмейтін темекі өнімдерін (насыбай, снюс) сату және өткізу фактілерін анықтау, сондай-ақ ашық жарнама арқылы вейптер мен электрондық темекілерді сатудың жолын кесу мақсатында рейдтер жүргізіліп жатыр.

Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шегілмейтін темекі өнімдерін сату мен таратудың 50-ге жуық фактісін анықтады. Мысалы, Байқоңыр ауданында 100 келіге жуық насыбай тәркіленді.

«Заңды бұзған дүкен иелеріне хаттама толтырылып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, бұл – 92 300 теңге. ҚР ӘҚБтК 441-бабы бойынша темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін 598 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Есіл ауданы Полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторы Ерзат Көкенов.

Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте шегілмейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу көзделген. Шегілмейтін темекі өнімдері заңсыз сатылғаны үшін 25 АЕК немесе 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынады.

Рейдтер барысында қоғамдық орындарда шегілмейтін темекі өнімдерін пайдаланатын адамдарға түсіндіру жүргізіледі. Жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде шегілмейтін темекі өнімдері және электронды буландырғыштарға арналған сұйықтық (вейп) пен пакеттер, хош иістендіргіштер, химиялық заттар – глицерин, пропиленгликоль тәркіленді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қазақстандықтардың денсаулығына зиянды есірткі мен басқа да заттардың зияны туралы айтқан болатын.

«Қазір тиісті заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатыр. Олар тек вейптер үшін ғана емес, сонымен қатар насыбайды пайдалану үшін де қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Бұл шаралар насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Президент.