Есік қаласы маңындағы Үлкен Алматы каналын кесіп өтетін өткелден құлап қайтыс болған 46 жастағы азаматты жақындары кеше жер қойынына тапсырды. Ал осы арна маңындағы халық, тағы да адам өлмесін деп әкімдік өкілдеріне талап қойды. Тұрғындардың айтуынша, бұл қауіпті жерден күніне 100-150 оқушы мектепке қатынайды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Ашынған халық апатты жағдай тағы да бола ма деп қорқады. Өйткені азық-түлікке аттанған азамат осы жерден құлап кеткен.
Сол түні тұрғындар мәйітті осы жерден тауып алғанын айтады. Алайда жұлыны үзіліп, басы жарылған азамат бірден жантәсілім еткен. Ал қалың ел «қылкөпір» деп атап кеткен өткелде өмірін қиған тек жалғыз ол кісі емес, «жылда адам өледі» дейді.
– Құлап барып, сырғанап анау тұрған бетонға басын жарып, үйелеп қалған. Артқа шығуға мүмкіндік жоқ. Үш қызы, бір ұлы бар. Бір үй азаматынан, асыраушысынан айырылып отыр. Нарынқолға әке-шешеміздің жанына жерлеп келдік, – деді марқұмның інісі Елжас Нүсіпов.
Есі кеткен ел «келесі кім?» деп дабыл қағып отыр. Бұған дейін талай адам суға кетіп, денесін әзер тауыпты. Ал Есік қаласына екі аттам жерде тұрса да, ауыл статусын ала алмай жүрген ел «өркениеттен жұрдаймыз» дейді.
– Халық таңғы сағат 05:00-ден 24:00-ге дейін Алматыға қатынап жұмыс істейді. Менің санауым бойынша, солардың он бірін көлік қағып өлтірді. Аудан әкіміне мәселені айтық, ауылдың әкіміне бардық. Тыңдайтын құлақ жоқ. Осы көпірден өтуге мәжбүр болып отырмыз, – деді саяжай тұрғыны Ермек Құралбаев.
– Біріншіден, бұл көпір емес, «ГидроСервис» ЖШС балансында тұрған, үстінен су өтетін құрылғы. Ал басқа мекеменің балансында тұрғандықтан, мемлекет тарапынан қаражат бөліп, көпір салып бере алмаймыз. Демеуші табылған жоқ, іздеп жатырмыз, – деді Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылдық округінің әкімі Асыл Изиев.
Азаматтар әлгі қанды өткелге құзырлы орган өкілдерін шақырып, арыз жазды. Көп ұзамай аудандық прокуратураға да шағым түсірмек.