Кейінгі 5 жылда салықтық және кедендік әкімшілендіру шаралары мен оларды цифрландыру есебінен, республикалық бюджет қосымша 4 трлн теңгеге толтырылды.
Салық пен кедендегі ақпараттық жүйені оңтайландыру қажет - Үкімет басшысы
558
оқылды

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салықтық және кедендік әкімшілендіру және процестерді цифрландыру шараларын жетілдіру мәселелері қаралды,  деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында осы жылдың наурыз айында Қазақстанда отандық экспорттаушыларға ҚҚС қайтару рәсімдері қайта қаралды. Тәсілдердің өзгеруін ескере отырып, енді растау үлесі ұлғайтылады, бұл қазақстандық тауар өндірушілер үшін елеулі қолдауға айналады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір бұл процедураның жеделдігін қамтамасыз ететін аналитикалық жүйе әзірлеу сатысында. Соңғы екі айда экспорттаушыларға жалпы берешектің жартысына жуығы қайтарылды.

«2023 жылы қосылған құн салығы бизнеске қайтарылғанымен, бизнес субъектілері 600 млрд теңгеге жуық қаражатты ала алмады. Ал бұл – тауарлар экспортын жүзеге асыратын 485-ке жуық компания. Яғни, бизнес айналым қаражатынан айырылып қалды. Бұл – кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу. Осыған байланысты Қаржы министрлігі қосылған құн салығының расталған сомаларын бизнеске қайтарып, қосылған құн салығын қайтару рәсімін оңайлату жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл ретте, қайтарылған қосылған құн салығының сомасын бизнес өз кәсібін жаңғыртуға және кеңейтуге қайта инвестициялауды көздейтін тетіктерді пысықтауды тапсырамын»,  деді Премьер-Министр.

Соңғы 5 жылда салықтық және кедендік әкімшілендіру шаралары мен оларды цифрландыру есебінен, республикалық бюджет қосымша 4 трлн теңгеге толтырылды. Биыл әкімшілендіруге арналған кіріс бойынша 1,6 трлн теңгеге жоспар құрылған. Бұл алдыңғы жылғы деңгейден 173%-ға артық. Үкімет нақты міндетке қол жеткізу мақсатында бірқатар шаралар қабылдауда.

Атап айтқанда, салықтық тексеруді белгілеу кезінде, Тәуекелдерді басқару жүйесінің (ТБЖ) өлшемшарттары қайта қаралды. Енді олар, нақты іріктеу әдісімен жүргізіледі. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда, салықтық тексеру саны 16%-ға азайса да, салықтық өндіріп алу екі есеге ұлғайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық ақпараттық жүйелеріне, тәуелсіз IT аудит жүргізу бойынша жұмыс басталды. Оның нәтижесі бойынша, Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасы қалыптасатын болады.