ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, іздеу орнында жедел штаб құрылды.
Алматы облысында жоғалып кеткен 3 жасар қызды іздеуге тікұшақ тартылды
Фото: Алматы облысы ПД баспасөз қызметі
594
оқылды

Алматы облысында үш жасар баланы іздеуге «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, іздеу орнында жедел штаб құрылды.

«Іздеу жұмыстарына ТЖД, РЖҚЖ, ПД, ҰҰ  әскери бөлімі, аңшылық шаруашылығы қызметкерлері, жергілікті тұрғындар, еріктілер арасынан 300-ге жуық адам және 80-ге жуық техника, тепловизоры бар 4 пилотсыз ұшу аппараты, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды»,  делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 17 наурызда сағат 21.44-те Алматы облысының ТЖД-на Еңбекшіқазақ ауданының Безымяное көлі Күш ауылының маңында 2021 жылы туған қыз баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Бүлдіршін сағат 16.30-да ересектердің қарауынсыз қалып, үйден шығып, осы уақытқа дейін оралмаған.

Бірінші күннен бастап құтқарушылар тізіліп қарау әдісімен жерүстінен іздестірді. РЖҚЖ құтқарушылары 30 метр қашықтықта орналасқан су айдынына сүңгіп іздестіруде, сондай-ақ тартылған күштер мен құралдармен оқиға орнында және су айдынының жағалау сызығы бойынша кинологиялық есептоптарды пайдалана отырып, жерүсті іздеу жұмыстары жүргізілуде.

«Бала болуы мүмкін делінген барлық жер тексеріліп жатыр. Үздіксіз байланысты қамтамасыз ету үшін іздеу жұмыстары орнында ТЖД командалық-штабтық машинасы орналастырылып, жұмыс істеуде. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», делінген хабарламада.