Ырысты, күрішті Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру күн тәртібінен түспейді.
«AMANAT»: Ауыл шаруашылығының әлеуеті артады
565
оқылды

Ырысты, күрішті Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру күн тәртібінен түспейді. Бұл жайында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында айтылды.

Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен өткен кеңес  отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы кеңінен талқыланды. Оның ішінде  агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы саласында  сыбайлас жемқорлықтың  алдын алу мәселелері жан-жақты қозғалды. 

Негізінен егіс алқаптарындағы өнімді  төкпей-шашпай түгелдей жинап алу үшін ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып отыру басты міндет саналады. Осы орайда Мемлекет басшысы шаруалардың мүддесін ескере отырып, жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасын 8-10 пайызға жаңартып отыру қажеттігін айтты. Бұл тұрғыда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев атқарылған жұмыстарды тізбектеп берді.

«Өткен жылы ауылшаруашылық құрылымдармен құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 253 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, машина-трактор паркі 4,5 пайызға жаңғыртылды. Қолда бар техникалардың әлеуеті көктемгі дала жұмыстарын атқаруға жеткілікті. Көктемгі егін егу және дала жұмыстарына 13,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны да бөлініп отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қажетті жоғары репродукциялы тұқыммен толық қамтамасыз етілген», дейді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өткен жылы ауыл шаруашылығында 220,9 млн теңгенің өнімі өндірілген. Сала қорына 12,2 млн теңге инвестиция салынып, 2022 жылмен салыстырғанда 19,7 пайызға артқан. 2023 жылы ауыл шаруашылығын субсидиялауға 13,7 млрд теңге қаржы бөлініп, өсімдік және мал шарушылығын дамытуға, инвестиция мен сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға жұмсалған. Бұл жұмыстар субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы шаруашылықтар үшін ашық, айқын және тегін автоматты түрде жүргізіліп, оларды бөлу, беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болмаған. Осы жүйе арқылы 4 848 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, субсидия төленген. Сонымен қатар биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, облыстағы шаруашылық құрылымдарының меншігінде 6 600 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар.

Жиын барысында шаруа және фермер қожалықтарының төрағалары көкейде жүрген мәселелерін көтеріп, тиісті ұсыныстар берді. Соның ішінде салаға бөлінген субсидияларды рәсімдеу барысы сөз болды.

Отырыста суармалы егіс алқаптарына су жеткізіп беру мәселесі де қозғалып, атқарылған жұмыстар жөнінде «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалының басшысы  кеңінен түсіндірді.

Кеңестің бірлескен отырысында айтылған әрбір  ұсыныстар хаттамаланып, партиялық бақылауға алынды. Алдағы уақытта өзекті мәселелерді тиісті органдармен оңтайлы  шешуге жұмыс жасалатыны айтылды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы