Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Сенат қарауына жіберді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған заңға сәйкес, жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторлық агенттікке беруге 2026 жылға дейін мораторий енгізілмек.
Мораторий аяқталған соң екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін қарыз алушыға қатысты берешекті реттеу жөніндегі рәсімдерді жүргізіп, қарыз алушы өзінің қарызы бойынша берешегін өтей алатын, тараптар үшін өзара қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету шартымен мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 24 ай ішінде жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес кредиттерін коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеулер енгізілетін болады.
PDL микрокредиттерін немесе жалақыға дейін деп берілетін шағын несиелерді реттеудің ерекше режимі алып тасталады.
Сонымен бірге банк омбудсманына тек банктік қарыздар бойынша дауларды қарау жөніндегі өкілеттікті бекіту туралы және микрокредиттер бойынша дауларды қарау жөніндегі құзыретін бере отырып, микроқаржы омбудсман институты енгізіледі.
«Көптеген қарыз алушы-жеке тұлғалардың қаржылық сауаттылығының төмендігін ескере отырып, омбудсмандардың жұмысы проблемалық кредиттерді реттеу бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге әкелетініне сенімдіміз», – деді депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев.
Оның айтуынша, енді бірінші немесе екінші топтағы мүгедек адамдар тұратын отбасыларды жылыту маусымында шығаруға тыйым салынады. Сондай-ақ банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жеке тұлғаға жұбайының немесе зайыбының келісімінсіз банктік қарыздар беруге тыйым салынады, әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне қарыз бойынша төлемдерді кейінге қалдыру процесі автоматтандырылады.