Кездесуде мемлекеттік қызметке қабылдауға қойылатын біліктілік талаптары, облыстық маңызы бар қалалар мен ауылдық өңірлерді білікті жас кадрлармен қамтамасыз ету, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктер, мамандарды әлеуметтік қолдау және басқа да мәселелер талқыланды.
Мемлекеттік қызметке елге жанашыр, қоғамға адал еңбек ететін креативті жастар қажет – Дархан Жазықбай
1,134
оқылды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Абай университетінде бітіруші курс студенттерімен, магистранттар және докторанттармен кездесті.

Кездесу барысында МҚІА төрағасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан «Қазақстан – барша азаматтарымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал» деген сөзіне тоқталып, бүгінде мемлекеттік қызметке елге жанашыр, қоғамға адал еңбек ететін креативті жас мамандар қажет екенін айтты.  

Агенттік төрағасы жастар үшін мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндіктерін айта келе, жоғары оқу орындарының үздік түлектерін аудандық және ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тікелей тағайындауға мүмкіндік беріліп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылдың басынан бері жоғары оқу орындарының 124 түлегі мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданып отыр. 

Дархан Жазықбай биылғы наурыз айынан бастап еліміздің барлық өңірінде жас басқарушылар пулын қалыптастыруға бағытталған Өңірлік кадр резервтеріне іріктеудің басталғанын айтты. 

МҚІА төрағасы үміткерлерге 24/7 онлайн режимінде, кез келген уақытта және кез келген жерден конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін «e-Qyzmet» жүйесіндегі мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы туралы баяндады. Өткен жылы онлайн жүйе бойынша бір орынға қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адам болып, қолданыстағы (1,7 адам) іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есе артты. Бұл азаматтардың жаңа жоба аясында мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы біршама артқанын көрсетіп отыр. 

Кездесуде мемлекеттік қызметке қабылдауға қойылатын біліктілік талаптары, облыстық маңызы бар қалалар мен ауылдық өңірлерді білікті жас кадрлармен қамтамасыз ету, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктер, мамандарды әлеуметтік қолдау, мансаптық өсу моделі, кадрлардың жұмысын бағалау жүйесі,  олардың біліктілігін арттыру, кадр резервіне іріктеу, жас мемлекеттік қызметшілер мектебі, студенттердің өндірістік іс-тәжірибеден өтуі, мемлекеттік басқару саласында магистранттар мен докторанттардың тағылымдамадан өту мәселелері талқыланды. 

Ректор Болат Тілеп қонаққа ризашылығын білдіріп, болашақ мамандардың мемлекет игілігіне қызмет ету жолын саналы түрде таңдап, өз ісіне адал және жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін атап өтті.

Кездесу болашақ мамандар мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тәжірибелі өкілдері арасында өзара тәжірибе мен білім алмасуына ықпал етті.