BMW шығарған жаңа электрлі жол талғамайтын көлік Tesla-мен бәсекелесуге дайын екенін көрсетті. BMW Vision Neue Klasse X деп аталатын көліктің алғашқы суреттері жарияланды.
Бұндай BMW электр көлігі бұрын болмаған
Жаңа көліктің интерьері басқаларға ұқсамайды. Фото bmwgroup.com сайтынан алынды
2,086
оқылды

BMW автомобиль концерні алғашқы электр көлігін таныстырғаны туралы businessinsider.com сайты арнайы мақала жариялады. Aikyn.kz жол талғамайтын көлік Tesla Model Y моделімен бәсекелесуге қаншалықты дайын екенін талдайды.

Vision Neue Klasse X нарықта Tesla Model Y көлігімен бәсекелес болатын сияқты. Фото bmwgroup.com сайтынан алынды

BMW-ның Vision Neue Klasse X атты жаңа электр көлігі нарықта Tesla Model Y сияқты электр көліктерімен бәсекелес болатын сияқты. Автокөлік 2025 жылы жаппай өндіріске еніп, BMW электромобильдерінің ауқымын кеңейтеді деп күтілуде.

Vision Neue Klasse X моделін алғаш көргенде компанияның 2025 жылы жолға шығатын электр көліктерінің футуристік және кербез дизайнын байқаймыз. Өткен жылы BMW компаниясы Vision Neue Klasse жаңа седан электромобилінің алғашқы бейнелерін желіде жариялаған болатын.«Vision Neue Klasse X – бұл Tesla Model Y сияқты электр көліктерімен бәсекелесетін үлкенірек жол талғамайтын көлік» деп хабарлайды Bloomberg. 

«Бұл BMW брендін қайта құру», – дейді BMW Басқармасының Төрағасы Оливер Зипсе. Жаңа электромобильдерде BMW өзінің классикалық торын және заманауи жаңартылған қос фараларын сақтайды.

Көліктің шатыры панорамалық болады деп жобаланған. Фото bmwgroup.com сайтынан алынды

BMW өзінің жаңа бағдарламалық құралын Super Brain деп атайды. Көлікке орнатылған бұл супер ми жүргізуді тегіс және тиімдірек етуге арналған өнімділігі жоғары компьютерлік жүйеге енгізілген.

Автокөлік екі жақты зарядтайды, яғни ол электр қуатын қабылдай алады және оны үйді немесе желіні толтыру үшін сақтай алады. Кемпинг кезінде «электрлі велосипедті зарядтау немесе электр жабдықтарын қуаттандыру үшін пайдалануға болады» делінген компанияның баспасөз мәлімдемесінде. Зарядтау жылдамдығы да 30%-ға жақсартылған. Жүргізушілерге көлігін 300 шақырымға дейін зарядтау үшін бар болғаны 10 минут қажет.BMW Panoramic Vision жүйесі маңызды ақпаратты алдыңғы шыныға шығарады. Жүргізушілер дауыстық басқару арқылы панорамалық көруді қоса алады және орталық басқару экраны арқылы көлікті басқара алады. Көлік арнайы жарық пен дыбыс әсерлерімен жабдықталған.

Пайдаланушылар рөл дөңгелегін пайдаланып жеке автокөлік дыбыстарын орната алады. Яғни, сіздің электрлі көлігіңіз дәстүрлі көліктердің дыбысын шығарып жүреді. Бұл үнсіз қозғалатын электр көліктерін жаяу жүргіншілер, құлаққап тағып алған жастар алыстан сезуі үшін, қауіпсіздік үшін маңызды техникалық қасиет. 

Алғашқы BMW Vision Neue Klasse X электрлі көліктері 2025 жылы Венгриядағы Дебрецен зауытынан шығатын болады. Компания көліктің қанша тұратыны туралы ақпаратты әлі жариялаған жоқ.