Иә, оның осыған дейін БАҚ бетіндегі жарияланған жазбалары қазақ тарихындағы сенсацияларға негізделген. Гипербөрі және Атыланты, Ежелгі Шығыс пен Батыстағы қазақы іздер секілді мақалаларын кәсіби тарихшылардың мойындай қоюы – неғайбіл. Десе де, тарихқа қатысты мұндай философиялық, лингвистикалық көзқарастың болғаны да жөн. Бастысы айтылған ойда, пікірде қисын бар. Сонымен, жақында қазақ тарихы, қазақ тарихындағы ежелгі бастаулар туралы философия кафедрасының аға оқытушысы, тарихшы Ерболат Қошқарбаевпен тілдесіп, біраз әңгімелескен. Ендеше, сол сұхбатымызды қадірлі оқырман қауымның назарына ұсынғалы отырмыз!
– Ереке, әуелі сұрағымды мынадан бастағым келіп отыр. Бастапқыда біз қазақ мемлекетінің тарихын 1991 жылдан бастадық, одан кейін 550 жыл бұрынғы Қазақ хандығының құрылуына апардық. Енді міне, оны Алтын Орда дәуіріне дейін созып жатырмыз. Ал сіз тіпті қазақ тарихын һәм түрік тарихын Тигр мен Евфрат, яғни Қосөзенге дейін жеткізіп отырсыз. Жалпы, қазақ тарихын зерттеуді қай кезеңнен бастау керек?
– Негізі қазақ тарихын зерттеуді қазақ жеріне қатысты тарихи артефактілер қай кезге барып тірелсе, сол кезден бастау керек. Қазақ жеріне қатысты артефактілерді былайша көрсетер едім:
1. қазақ жерінен табылған қазбалар;
2. қазақ жерінде жазылған жазбалар;
3. қазақ жеріне қатысты жазбалар;
4. аналогия бойынша қазақ жеріндегіге ұқсас қазбалар мен жазбалар;
5. тарихи сипаттағы мәнділіктер (философиялық рефлексиялар, лингвистикалық, мәдениеттанымдық, өнертанымдық, этнографиялық т.б. зерттеулер);
6. тарихқа қатысты идеографиялық баяндар (эпос, аңыз, әпсана, миф, фольклор, шежіре, салт-дәстүр, т.б.);
7. тәуелсіз тарихшылардың жазбалары.
Әлбетте, бұл тармақтау тек шартты түрде. Бұл жерде қабылданған критерийге сәйкес, тарих мазмұны алғашқы үш тармақ бойынша, яғни қазақ жерінен табылған қазбалар, қазақ жерінде жазылған жазбалар, қазақ жеріне қатысты жазбалар негізінде толығып отыр. Осы үшеуіне де қатысты кейбір проблемаларды назарда ұстаған жөн. Қазақ жерінен табылған қазбалар мен жәдігерлердің көбі қолды болған, басқа елге тасып әкетілген. Мысалы, 1935 жылы Түркістандағы Тайқазан Ленинград (Санкт-Петербург) қаласына үш ай уақытқа иран шеберлерінің ІІІ халықаралық конференциясына жөнелтіледі. Үш айға кеткен тайқазан үш мүшел уақыт өткен соң 1989 жылы әрең елге қайтарылады. Бұл – бір ғана мысал. Осы тектес жан-жақта жатқан қаншама жәдігеріміз бар. Осыларға толық ревизия жасалғаны жөн. Әрине, мұның мүмкіндігі жоққа тән. Артефакт біздікі, бірақ бізде емес. Сондықтан бұған қарамай, тарихтың жазылуын тоқтатуға болмайды. Қазақ жерінде жазылған жазбаларға келсек, идеология мен саясат салқынынан тылсымды жасырған ақтаңдағы көп. Шындық астарында бұғып жатыр. Бұлар жаңа тың серпінмен қарауды қажет етеді. Қазақ жеріне қатысты жазбалар қазір де, бұрын да өзгелер көзімен бізге қарата жазылғандар. Өзгенің көзімен жазылғанды адаптациялап пайдаланған жөн. Тіпті, бізге қаскөй болғанның өзінде у-ды у-мен қайтару принципімен әлетке жаратуымыз керек.
Деректеме әркез динамикада болуы керек. Алғашқы табылған не бастапқы жасалған зерттеулер кейінгі табылған не кейіннен жасалған зерттеулермен толығып, өзгеріп, түзетіліп отыратыны – заңдылық. Демек, тарихта бұл мәселе зерттеліп кетті, нүктесі қойылды, болды, бітті жабық деп айта алмаймыз. Осыған ұқсас «беделді» тұжырымды негіз етіп алып, соны айналсоқтап тегін жүре алмаймыз. Сондықтан сонау ХІХ ғасырдағы, ХХ ғасыр басындағы мәліметтерді, одан кейінгі сол мәндегі мәліметтерді ескерместен, негіз етіп ала беру объективтілікке жатпайды. Тарихи артефактілер материалдық (тарихи ескерткіштер, археологиялық қазбалар, қирандылар), идеалдық (тарихи жазбалар, фактілер, деректер, құжаттар, мәтіндер) рухани-құндылықтық (көркем тарих, өнер, эпос, аңыз, әпсана, миф, фольклор, жылнама, шежіре) жәдігерлерден тұруға тиіс-ті. Алайда объективтілік өлшеміне келмейді деп академиялық тарихта соңғысы қамтылмайды. Есесіне, академиялық тарих саясатпен шарттасқан, түрлі гипотезалармен өрілген. Қай жағынан алсақ та, академиялық тарих толық объективті деп пайымдай алмаймыз. Олай болса тарих рухани-құндылықтық бағдардан алшақтамай, ілгеріде берілген 4-7 тармақтарды да қамтығаны абзал.
Бізді арғы кезеңге прототүркі атаулары алып барады
– Бірақ «қазақ» атауының орныққаны беріде ғана ғой.
– Қазақ тарихында қазақ этнониміне, болмаса қазақ атауы генезисіне байланып қалмаған жөн. Басқа байланыстарды іздеп, субстанциялықтан релятивтілікке өту керек. Қазбалармен ілесе, жазбалар жүруі, жер қойнауы археологиясы ғана емес, білім археологиясы қатар жүруі қажет. Сақ атауын негізге алып, сақ дәуіріне, ондағы Хас Сақ атауына тірелсек, ендігі бағыт этрускілер аталып кеткен тұрсақтарға қарай беттеу. Хас Сақ секілді Тұр Сақ-тан мән іздеу. Қазба тарих апара алмаса да, осындай Тұрсақ секілді рухани-құндылықтық бағдарлы мәнділіктер бізді ретроәлемге алып барады. Қазақ этнонимін төңіректей беру әрі қарай жүруге, ілкілікке бойлауға, мәселеге тереңдете індете енуге тұсау, абстрактілі барьер, әрі қарай аттауға имену дегенімнің мәні – осы. Бұдан қазақ болуымыз тоқтап қалмайды, қайта тамырымыз тереңдейді.
Мысалы, немістер – прус, неміс, герман, джеман, дойче атауларымен тұспа-тұс қана тарихын матамады ғой. Қазақ этнонимі тарихымызды хандық дәуірден әрі ұзатпайды. Ал одан бұрынғы кезеңдерге келгенде мәселе туындайды. «Ол кезде қазақ деген болмаған» деп бетімізге басады, басып та жатыр. Батыс пен Ресейді айтпағанның өзінде, алысқа бармай-ақ жанымыздағы қырғыз бауырлардың өзі өздерін ежелгі санап, бізді мұнда ғана пайда болған деумен келеді. Сондықтан қазақ атауы бізді хандық дәуірден әрі ұзатпаса, одан арғы кезеңге түркеш, қыпшақ, қимақ, қарахан, ғұн, үйсін, сақ атауларын қоспағанда, оғызақ, арғықазақ, протоқазақ, прототүркі атаулары алып барады.
Кешегімізді місе тұту – тура мағынадағы ертеңгі күнге қараудай ғана. Ал неғұрлым қадым заманға көз салу – ертеңге ғана емес, алыс болашаққа көз жүгіртумен бірдей ассиметриялық мәнде. Міне, сондықтан да алыс болашаққа көз салу үшін тарихымызда да алысқа көз жіберуіміз керек. Бұл тарихты зерттегендегі уақытпен шектелмеу.
Кеңістікпен шектелмеуді орнықтыру керек
– Жақсы, егер уақытқа байланбайтын болсақ, тағы қандай шектеулерді санамыздан ысырып тастаған жөн?
– Уақытпен шектелмеуді айтқан болсақ, ендігі кезекте кеңістікпен шектелмеуді орнықтыру керек. Тарихты бүгінгі шекарасындағы Қазақстан аумағымен ғана шақтап және шектеп зерттеу – тарих емес. Ол бар болғаны өлкетану тарихындай ғана. Шекарадан бір метр әрі Ресей жері не Өзбекстан жері деп, зерттеуіне нүкте қойған ресмилік қамытына оранған тарихшы тарихқа не бере алар екен? Өзге елде қазақ тарихын зерттеуге не кедергі? Әлбетте, халықаралық жанжал, түсінбестік туындау қаупі кедергі. Тарих саясатпен етене байланысты болғандықтан, саясат, геосаясат, қала берді өзге елдің мүддесі кедергі. Кедергілер жетіп артылады. Кедергіні жоймақ үшін не амал керек? Оның амалы бар. Ол – жаңа кешенді зерттеу салаларын қалыптастыру. Зерттеулерді соның аясында жүргізу. Міне, бұл істер мәселенің шешімі болар еді. Ол саланы «Релятивтік тарих» не «Трансшекаралық тарих» деп ұсынған абзал болар. Лингвистикалық, географиялық, тарихи, ономастикалық зерттеулерді бір арнаға тоғыстырып, Лингеотарих (Лингеоистория), Экстраономастика, Метатопонимика, Антропогенетикалық тарих кешендерін түзіп, солар арқылы зерттеу жөн болар еді. Тарихты қандай да бір мәдениеттанымдық, этнологиялық, антропологиялық, т.б. «ықпалдастықтар», «қатынастар», «байланыстар», «сабақтастықтар» тұрғысынан шекараға бағынбай зерттеу орнығатын болса, көптеген көмбе ашылар ма еді?.. Бұларға қоса тарих факультеттері мен оқу орындарында арнаулы «Тарих философиясы» курсы, «Тарихи антропология» кешенді курсы көзделуі керек екені өздігінен сұранып тұрған сияқты. Ал бұл болса, кеңістікпен шектелмеу.
Демек, қазақ тарихын зерттеуді қазақ жерінен табылғандай тарихи артефактілер басқа қай жерден табылса, сол жерден де зерттеу керек. Екеуі де – философияның болмыс категориясының уақыт және кеңістік деген іргелі атрибуттары. Қазіргі ғылымдардың дифференцияланып, ал қайсыбірінің интеграцияланып жатқан тұсында тарих ғылымы да қарап қалмауы керек. Кешенді зерттеулерді үйлестіріп, басқа да ғылымдар әдісін өзіне алып қолдану жемісін молынан берер еді. Мысалы, конституциялық құқық пен халықаралық құқық ғылымында азаматтық алуға қатысты қандастық принципі, топырақ принципі бар. Міне, осы тектес принциптер мен икемді әдістерді өзінде орнықтырса, көп мәселе шешімін табар еді.
– Дегенмен академиялық бағыттағы тарихшылардың көзқарасы басқашалау сияқты...
– Жоғарыда айтқан тәуелсіз тарихшылар деген тіркеске тоқтала кетейін. Жасыратыны жоқ, академиялық тарихшылардың тарих жайлы жазып жүрген басқа сала өкілдеріне психологиялық жақтан алғанда қырын қарауы үнемі айқын аңғарылып тұрады. Мұндай стереотиптен арылғанымыз дұрыс-ау. Қайта оларды «серіктес» деп қабылдауы қажет. Қолынан келетін адамнан да, істегісі келетін адамның көп тындырары шындық қой. Қарап тұрсақ, тарих жайлы өнімді деген еңбектерді ақын, жазушылар, математик, физиктер, тіпті энергетик, инженерлер мен басқа да түрлі сала өкілдері жазған екен. Осы ретте альтернативті тарих, яғни балама тарих деген тіркес қалыптасқан. Альтернативті тарихты ә дегенде академиялық тарихқа шынымен балама болар деп пайым жасауға болады. Ал арнаулы сөздік, анықтамалықтарға жүгінсек, балама тарих – қиял, фантастика болып шыға келеді. Бұл түбірімен әділетсіздік, оның үстіне ХХ ғасырларда орныққан шикі тұжырым.
Ол заманда тарихқа әуестігі барлар тарапынан арнаулы дипломы болмағаны себепті материалдарға, тарихи құжаттарға, архив (мұрағат емес, архив) деректеріне қол жеткізуде қиындықтар болғандықтан, аз-кем қиялға ерік берілген шығар. Бірақ бүгінгі күллі мәлімет, бүкіл архив ақпараттық технологиялар арқылы іздеген жанның бәріне қолжетімді болған заманда балама тарихтың қиял мәніндегі үстемесі алынып тасталғаны дұрыс. Тағы бір тіркеске келсек, ол «фольк хистори». Мұның мәні де паратарих, пратарих, псевдотарих, жалған тарих секілді сипаттармен беріледі. Бұл дегеніміз тарихшы дипломы жоқ былайғы жұрттың қай-қайсысы болмасын мейлі академиялыққа бергісіз еңбек жазса да жазғандары қиял дегенмен бірдей. Осы жердегі әділетсіздікті еңсеру қажет. Бұл ХХ ғасырдағы ғылыми кардиналға тән ескірген әдістер қатарынан болса керек. Тарихшы еместердің жазғаны әлбетте тапсырыспен, тапсырмамен, саясатпен, идеологиямен, партия қарарларымен жазылуға тиіс тарихқа қарама-қайшы келгені түсінікті. Сондықтан да бұл мәселені осылайша «қиялға» шығару жолымен санкциясыз-ақ оңай еңсерді. Бұл КСРО-ға ғана емес, көптеген елге тән әдіс болған. Тағы мынадай аналогия жүргізейік:
«Саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» дейміз. Қаншама саясаткерді, қаншама саяси күрескер мен қайраткерді білеміз. Солардың бәрі «саясаттану» мамандығын оқып бітірген жоқ. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы дейміз. Қаншама сөз зергері, қаншама ақын, жазушы әдебиетте өз есімдерін шегелеп кетті. Солардың бәрі филологияны оқып түгескен жоқ. Қайта филологияны бітіріп екі ауыз сөздің басын құрай алмай жүргендер қаншама немесе филологияны бітіріп -жа, -же, -ша, -ше жұрнағын қайталаудан аса алмай жүргендер қаншама. Әуелеген күй мен әуезді әндер қалдырған қаншама дарабоз бар. Олардың бәрі консерваторияда оқыған жоқ. Журналист, публицистердің бәрі журналистикада оқыған жоқ. Бизнесмен, миллионерлердің бәрі экономика факультетін не «Нархозды» бітірген жоқ. Міне, осы аналогияларды ескеріп, төл тарихын жазып, тамырына үңіліп жүрген әуесқой тарихшыларымыз қайта тарихтың бір жағына шығып, хал-қадірінше жәрдемін тигізіп жатыр деп қарағанымыз дұрыс болар. Әрине, «бұлар кәсіби негізде академиялық білім беру бағдарламасын игерген жоқ» деген пікір жалған емес. Десе де, жоғарыдағы мысалдар аясында тым жалаң пікір. Олар жалақы алмайды, тарихты жазу оларға берілген тапсырма емес, қаншама уақытын сарп етеді. Тарихты жазу – олардың борышы, еліне деген перзенттік парызы. Сондықтан жоғарыдағы аналогияға көз тоқтатып, тарихты жазып жүрген бұл тұлғалардың мәртебесін белгілеп, еңбектері ескерілмесе де, оларға «әуесқой тарихшы», дұрысы «тәуелсіз тарихшы» деп баға берген әділ болар еді. Арнаулы норма көздеп «жүргізуші куәлігі жоқ адамды көлік айдағаны үшін жазалағандай, тарихшы дипломы жоқ адамды тарихпен айналысқаны үшін жазалау» туралы санкция енгізсек те, бұл тұлғалар тарихпен айналысуын тоқтатпайды.
Тарихымыз қай кезге және қай жерге барып тірелген болса, сол кезден, сол жерден бастауымыз керек
Практикалық тарихшы бүкіл ұмтылысын нақты бір кезеңге, нақты бір проблемаға арнап, сонымен жоғалып кетсе, тәуелсіз тарихшы кеңінен қарап, бәрін сиғызам деп шайылып кетуі мүмкін. Ешбір жағдайда «толық» нәтиже бола бермейді. Оған адамның өресі жетсе де, өмірі жетпейді. Ең болмаса, үзік фрагментарлық ойлар мен нәтижелер, іздер қалады. Бірақ бұл да болса дәтке қуат. Философиялық тілмен айтсақ, бұл – эклектика. Керек тастың ауырлығы жоқ. Кезі келгенде ретін табады.
– Сонда қай кезден бастауымыз керек?
– Осылайша, қазақ тарихын зерттеуді тарихымыз қай кезге және қай жерге барып тірелген болса, сол кезден әрі сол жерден бастауымыз керек.
Әлбетте, Алтын Орда беріде қалады. Ол рас. Москва мен Московияны орнықтырып басқарған Бату, Сартақ, Берке, Мәңгі Темір, Талабұға, Тоқта хандарды қайда қоямыз? Бұл тұлғалардың бізге қатыстылығын дәлелдеудің өзі артық. Бұл құдды өз бауырыңның өзіңдікі екенін дәлелдеудей көрінеді. Болған-Ана, Талмас-Ата кесенелеріндегі шапан, етіктердегі қазақы ою-бедерлері («UMAI» лабораториясы жетекшісі Татьяна Крупа зерттеулері, басқа да көптеген дерек бойынша) ордалықтар мен біздің қатынасымызды айқын көрсетеді. Жошы Хан кесенесінің Үш Алтай, Үш Алатау арасында – Ұлытауда жатқаны да көп жайтты аңғартады. Алтын Орданың қазақ тарихының бір белесі екенінде еш талас болмаса керек. Өкініштісі, сол әскери демократия негізінде туындаған «дала демократиясын» іс жүзінде қолдану (вассалдардың діліне, тіліне, сеніміне тиіспей, экономикасы мен шаруашылығын өздеріне сеніп қалдырып, салық алумен ғана шектелу, яғни өз иеліктерін өздеріне қалдырып, иеліктерге бөліп муниципалдық әдіспен басқару) орданы бізден жырақтатты, бұған бақталастық пен ішкі алауыздықты да қосайық. Қалай болғанда да тарихымыздағы қалың бір тарау «Орда кезеңі» болғаны абзал. «Орданың мемлекеттік емес резиденциялық мәні болған» деген тұжырымдарға иек артсақ, «Ұлыстар кезеңі» атауы да сұранып тұр. Алтын Орда бірнеше ірі ұлыстан құралғаны рас. Осыны негіз етіп «Алтын Орда федерациясы» десек те қисынға келеді. Алдымен бұл тұстағы кедергілерді (моңғолдық факторды, Алтын Орда тіркесін ХVІІІ ғасырларда Ян Длугош, Иоган Краузе секілді еуропалықтар ойдан шығарды-мыс деген тұжырымдарды т.б.) еңсергеніміз дұрыс. Алтын Орда – казустар шырмауынан босап, тарих сахнасына қайта шыққан қызықты тақырып. Тарихымыз әлдекімдердің фантазиясында емес, өзіміздің жадымызда өмір сүруі шарт.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын ауқымды мәнде атап өттік. Өзіңіз де байқап отырғандай, сол жылы 550 саны орнына 5 500 санын көрсетіп, тарихымыз Қосөзенге барып тірелетіні, тағы 55 000 санын көрсетіп одан да әрі солтүстік жарты шармен байланысқа түсетіні турасындағы жазбаларыммен бөліскен екенмін. Негізгі арқау етіп лингвистикалық артефактілер алынған. Тек сөздер ұқсастығын алға тартып қана қоймай, сөйлем құрап көруге талпыныс та жасалған. Өкінішке қарай, лингвистикалық артефактілердің табиғаты идеалдық, рухани. Олар материалдық емес. Олар бізге там-тұмдап жеткен материалдық тасымалдаушылар – қыш тақтайшалар, папирус, пергамент, сарғайған қағаздарға сыймайды. Тірі адам да биологиялық жадыда өмір сүруді қалайды. Сол себепті материалдық белгі таппағанның бәрі ғылымда ескерілмейді.
– Ең бірінші сұрағымдағы Қосөзен тарихы мен қазақ тарихының байланысы жайлы айтыңызшы...
– Иә, енді сауалыңызда қозғаған Тигр мен Евфрат жайына келейік. Ол тұсқа әзірге бармай тұрып, осы Алматыға ғана тоқталайықшы. Алматы қай мағынада алсақ та қасиетті кітаптардағы ең алғашқы тыйым сөзді – тиіспе, ұстама, жолама, мына жемісті «алма» сөзін сыйғызып тұрған жоқ па? Ал ол қандай жеміс? Әрине, алма жемісі (кей жазбада бір уыс бидай). Ал алма қайда, алманың отаны қайда – Алматыда. Тыйым мен жеміс мәніндегі қос алманы сыйдырып тұр. Алманы алған кімдер? Адамдар. Ал «адам» тілімізде human, man, mensch емес тұп-тура «адам» делінеді. Араб тілінің өзінде нас, инсан делінеді. Міне, Қосөзенге түспей Алматы маңында қалсақ та, сонау Адам атаға дейін кетіп қалдық. Қос алманы сыйдырған Алматымыз Адам ата заманына дейін барғанда, Қосөзен не тәйірі, мұнда тұр ғой, – деп қысқа ойнақы қайырсақ та болар еді. Тегінде адамзаттың шынайы тарихы миллиондаған жылдарға кеткен. Ал біздің оқып жүрген жазба тарихымыз әрі кетсе сол бес-алты мыңжылдықтар тұсынан басталады. Одан бұрынғы жайттар бізге беймәлім, белгісіз. Осы белгісіздікті жорамалмен, гипотезамен, сеніммен, ғылыммен (тарих ғылымымен ғана емес, философиямен, физикамен, географиямен, биологиямен, генетикамен, лингвистикамен, жасанды интеллект арқылы информатикамен т.б. кешенді ғылымдармен) ғана игере аламыз.
Тіліміздің шекарасы қайда?
Ғұмыр бойы болмысты зерттеген Мартин Хайдеггер «Тіл – болмыстың үйі» деген оралымды ой қалдырған. Бүтін дүниетаным, халықтың бүкіл болмыс-бітімі оның тілінен көрінеді. Тіліміз болған соң тіріміз. Сонау есте жоқ ескі замандардан тілімізге Қырым, Рим, Балқан секілді топонимдер орныққан. Қызымызды Қырымға, ұлымызды Ұрымға қондырсақ, «Барған жерім Балқан тау, о да біздің барған тау» десек, батыстағы топонимдер тіліміз арқылы ділімізден орын алса, Қосөзен бұлардан да жақын шығыста емес пе? Бұл жердегі тілдік тиістілігі айқын топонимдер мен ілгерідегі Алматыға қатысты айтылғандар – құрғақ қиял емес, логос нәтижесі, жалаң фактуалдікке деген қарсылық. Тарих қиранды мен үйіндіні бетке алып, сынған кірпіштерді, сүйек пен қаңқаны ғана негіз қылмай, бір уақыт сөз құдіретін, ой энергетикасын, тіл магнетикасын, линвистикалық артефактілерді басшылыққа алып қордаланғаны ләзім. Уақыт тұрғысынан ежелгі Шумерде, Кеңістік тұрғысынан басқа жарты шардағы теріскей түркілерінде – америка үндістерінде. Осы ретте В.Гумбольдт «Әрбір ұлт тілінің шекарасы – сол тілді туғызған ұлттың дүниетанымының шекарасы» деп бабымен айтқан сияқты.
Өркениеттің осынау алғашқы ошағына қатысты зерттеулердің дені Қосөзен тұрғындары ол жаққа «біздің» мекендерден, «біз» жақтан – сақ даласынан барғанын көрсетеді. Бірақ «біз» емес, әлдебір басқалар туралы айтады. Бұл түрік жерінде өркен жайған антика мәдениеті секілді. Онда гректер, римдіктер бар, тек «түріктер» жоқ. Олар кейіннен келген-мыс.
Қосөзенге қатысты бұрынғы жазбаларымды қайталамай, өзгеше штрихтарға тоқталайын. Аккад патшасы Нарамсинді алайық. Тоқсын, Жүрсін, Тұрсын, Демесін секілді есімдерімізбен үндесіп қана қоймай, басына мүйізді бөрік (дулыға деуге келмейді, материалы тиар болған) киіп бейнеленген. Бұл жердегі мүйіз оғыз (өгіз) атауына сілтеп тұрғандай. Түбін қазатын болсақ, қазақ әу баста оғызақ сөзінен шыққан деген болжамдарға, тіпті Оғыз Ханға жетелеп апарады. Луврда сақтаулы бұл бедерлі бейне б.д.д 2300 жылдар шамасындағы Суз мекеніне қатысты. Осыған назар аударайықшы. «Суз» сөзі өзіміздің «сүз» сөзі болып шыға келмей ме? Оғыз атауына негіз болған «өгіз» қайтеді? Әрине, «сүзеді». Осы аналогияның өзі біздің Қосөзенмен байланысымызды көрсетіп тұрған жоқ па?! Тағы бір штрих: Сарай қызметшілері әтектер (евнух) «кургарру», «гирбадара», «сагурсаг» деп аталған. Тілімізге икемдесек, ол сөздер құрғару, қырбадар, кірбадар, сағұрсақ секілді үйлесімге келеді. Қауашақ, қабыршақ сөздеріне ұқсас – сағұрсақ сөзін алайық. Әңгіме әтектер туралы болып тұрғанын назарда ұстасақ, са+құрсақ сөзін аңғарған болар едік. Құрғару сөзінен де құрғау, құрғыр, құрдым, құрығанды меңзейтін құр (түк жоқ), құры (құры өзін ғана, тек қана мағынасында) түбірін аңғарамыз. Ол дегеніміз құры өзі ұрпақсыз, ұрықсыз, белсіз деген түсінікке әкеледі. Келесі бөлігін аршысақ, «қару» сөзін табамыз. Олай болса бұның мәні, құры қару, яғни «ішінде оғы жоқ» деген мәнділікті аңғартады.
Қосөзен жазба ескерткіштерінен «жоқтау» үрдісінің болғанын аңғарамыз
– Қосөзен мәдениетіне қатысты тағы қандай маңызды һәм қызық детальдарды байқадыңыз?
– Қосөзен жазба ескерткіштерінен онда өзіндік әдеби жанр «жоқтау» үрдісі болғанын аңғарамыз. Оның мұсылмандық салтпен үйлеспесе де, қазақы салтпен үйлесетіні енді анық нәрсе. Көзі қарақты жұртты бұл бейжай қалдырмаса керек. Шумерден аккадқа өткен мадақ өлеңдерінің «таниттум» деп аталғанынан таным сөзін оңай байқаймыз. Әлемдегі алғашқы әдеби туынды «Білгеміс туралы аңызға» қарасақ, Білгеміс (О.Сүлейменов зерттеулерінен кейін түркі дүниесінде Гильгамаш – Бильгамаш болып, қазақы ортада Білгеміс, Білгемес болып орныққан) есімінің өзі Бектеміс, Тоқтамыс, Алпамыс, Естемес, Ескермес есімдерімен үйлесе кетеді.
Ұр әулетінің цилиндрлік мөріндегі қияштай орақ ай бейнесі наным-сенім ортақтығын көрсетеді. Бұған қосөзендіктер тіліндегі – діңгір (тенгри, тәңірі) атауын қосатын болсақ, тұтас бір концепцияға сұранып тұрғандай.
Міне, осындай штрихтарды жалғастыра беруге болады. Ендігі кезекте қосөзендік топонимдерді електен өткізіп барып, бұл сұрақты жабайық. Тигр, Евфрат сөздеріне зер салайық. Тигр сөзін топоним дей саламыз. Ал шындығында Тигр суға, өзенге қатысты болғандықтан гидроним, ал айналасында төбесі мен шоқысы көп болғандықтан, ороним саналады. Көптеген тарихи деректен нық тұғырлы биіктен салынған зиккураттарды көреміз. Ой елегінен өткізсек, Тигр «Тұғыр» деген түсінік беріп тұрса, Евфрат ой-қырат түсінігін беріп тұр. Көптеген алаңқай тақыр болып келіп, шоқы мен шатқал аралығында үзілетін. Бұл жерден «тұғыр» сөзінен бөлек «тақыр», «тықыр» сөзін де байқай аламыз. Ал әлдененің бір нәрсеге тіреліп бітер жерін ежелгі түркіде «тығыр» деген. Түркі әлемінде тығыр сөзін башқұрт ағайындар осы күні де қолданады (орысша тупик мағынасында). Өстіп, ой-қыраттан өтіп тіреген «тұғырымыз» – Тигр болса, ой-қырат – Евфрат.
Бұл әншейін сөз үндестігі емес, шындығында да Тигр бойында тұғыр боларлық құрылыстар мен шоқылар көп болса, одан әрі тақыр, тықыр атыраптан соң басталған Евфраттың арғы, бергі жағында ой, қырат көп болған. Алғаш рет осы сұхбатта сөз болып отырған бұл гипотеза ілгерідегі интеграциялық кешен қажеттілігі туралы ойларыма тұздық. Мұның теориялық деңгейге жетуіне тарих білімі ғана емес, ономастикалық-топонимикалық, геодезиялық, лингвистикалық, т.б. білім кешендері қажет. Осы тектес мәселеде, тарихшылар мынау лингвистика, мынау болса география деп аттап кеткен мәселелер қаншама... Бұл құдды құқық қорғау органдарындағы іс жүргізушінің: бұл сарапшының міндеті, сөзді түсініп тұрса да бұл аудармашы ісі, түпнұсқаны көріп тұрса да, бұл нотариустың ісі, анау криминалист ісі, мынау басқа маман ісі деп істі келте қайыруындай. Егер топонимикалық-ономастикалық ұйымдар (комиссиялар т.б.) елді мекендерге ақын атын, әлде батыр атын берсек пе, көшені масақбай әлде жасақбай атасақ па деген мәселеден гөрі елге, тарихқа маңызды мәселелер барын сезіп, әдістерін өзгертсе, тарихқа қосылған үлкен үлес болар еді. Осылай, ілгеріде айтқандармен қоса Тигрдің – тұғыр, тығыр, тықыр, тақыр сөздерімен, Евфраттың – ой-қырат сөзімен жанды байланысы барын көрсету арқылы сауалыңызға: әлбетте, тарихымыз Қосөзенге барып тіреледі деп жауап берер едім.
Теріскейге сілемденген Оралды да Алтай деп түсінуіміз керек
– Жаңа сөз арасында Үш Алтай, Үш Алатау деп айтып қалдыңыз. Осыны тарқатып айтып жіберсеңіз...
– Бұл жайлы алдыңғы жазбаларымда тұспалдап едім. Түсіндіріп өтетін болсам, бізге осы Үш Алтай не Үш Алатау ұштағанын бәлкім пирамидасын нық ұстанғанымыз жөн. Мұның практикалық мәні аса зор, әрі біржақты, бірмойын деректерді интерпретациялауға септігі мол. Еуропацентризмге дәл қазіргі мекенімізді тарихтан тыс қалдыру не ваккумда ұстау өте тиімді болған. Іліп алынған, қазып алынған дүниелер болса, күнгейге ысырып қытайға, теріскейге ысырып орыс жеріне, еш болмаса арабқа не парсыға теліген. Негізгі лейтмотив түріктік аргументтің өзін бүгінгі географиялық мәндегі Алтайға, сонау Тайгаға жақын тұсқа апарып мекенімізді «терра Инкогнита» атаған. Әйтеуір бізден жырақ болса болды. Ақиқатында, Өскемен жақтағы Шығыс Қазақстандағы Алтайды ғана емес, Алматыны айналған Алтатауды да, Батыс Қазақстандағы Орал мен Ақтөбеден тарта теріскейге сілемденген Оралды да Алтай деп түсінуіміз керек (Алтай деп атамасақ та). Не болмаса керісінше Алтайды да, Оралды да – Алатау деп түсінуіміз қажет. Себебі түрік тек шығыстағы тау бөктерінде емес, осы үш тау арасында пайда болып өрбіген. Осы үш тау арасы – Ұлы Дала – Great Steppe болса, Ұлы дала орталығы – Жошы Хан мәңгілік мекенін тапқан Ұлы Тау... Тауларға келсек, Алтайдың мәні – Алатау. «Алатау» сөзіндегі «Ала» - «Ал» сөзіне, ал «Тау» - «Тай» сөзіне трансформациялана отырып – Ал+Тай сөзін туындатқан. Оралға келсек, мұндағы «Ор» сөзі «Өр» сөзін білдіреді. Ал «өр» дегеніміз биіктік, сәйкесінше «тау» деген сөз. Өрден кейінгі «ал» болса, Алтайдағы мысалдай өр таудың сынын көрсеткен «ала». Осылайша Өр+Ала биік ала, тау ала, яғни Алатау мәнінде. Кейіннен Өрала, Өрал, Орал болып трансформацияланған. Батыстағы Орал тауларының мәнінде жатқан «өр» сөзінің, шығыстағы Алтайға да қатысты – Өр Алтай түрінде жиі қолданылатыны кездейсоқ емес.
Әс-Сақ Есік болған
– Түсінікті. Әңгіменің арқауынан алыстамай, тағы бір мынадай сауал қойғым келіп отыр. Жалпы, қазақ ұлт ретінде өзінің болмысын, дәлірек айтқанда, тарихи-әлеуметтік болмысын қашан таныды деп есептейсіз?
– Қазақ болмай тұрып-ақ протоқазақ, прототүрік кезінен, 55 000 жылдардағы Ұлы көш кезінен, нық «қазық» екенін сезініп, жер «тамырына» (Таймыр) жеткен тұстан, 5 500 жылдардағы сонау Қосөзеннен, одан бері түссек, сақ заманынан таныған. Сақтар жайлы ойласақ, кімнің болсын есіне Есік қорғандары, ондағы Алтын адам келе қалады. Осы жердегі Есік топониміне назар аударайықшы. Есік – Дверь емес, тұп-тура Хас Сақ, егер Х түсіп қалған деп есептесек, Ас Сақ, Әс Сақ, Әз Сақ сөздерін сыйғызып тұр. Жаһандық коммуникацияда ортағасырлардан жалпы әлем бойынша жұмсартып айту қалыптасқан. С дыбысы З болып трансформацияланған. Мысалы, Симмель – Зиммель болып жазыла бастады. Х дыбысы батыста Г-ға, бізде Қ-ға айналған. Яғни, Хейдельберг – Гейдельберге, Хитлер – Гитлер, Холливуд – Голливуд. Ал елдердің басым бөлігінде тіпті жазылғанымен дыбысталмай, одан кейінгі келетін дыбыс айтылатын. Бізде: Хиуа -Қиуа, Ходжа-Қожа, болып Х-Қ болып айтылса, кейде айтылмайды. Халва-Алуа. Х-Қға, ал С-З-ға айналған болса, демек ХаССақ – ҚаЗЗақ – Қазақ болғаны. Осы ретпен әс-Сақ – Есік болған.
Қазақ дүниенің қазығы ортасы, эпицентрі екенін білген. Біле тұра өзге халықтан өзін еш жоғары қоймаған. Саналы түрде жан-жаққа тараған. Ертегілері «как то раз», «однажды» деп басталатын көршілерімізді алсақ та немесе бүкіл ертегісі Once Upon a time деген сөзден өрбитін ағылшындарды алсақ та, бағзылық балама сөздеріне жұтаң. Мұның өзі біздің ертерек екенімізді көрсетсе керек. Орыстың сказка сөзінде баяндау мәні жатса, ағылшынның story, fable тіпті fairy tale сөздерінің ешқайсысында ертегідегідей «ерте» сөзі жоқ. Ертеде, ерте ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, баяғы өткен заманда, ежелде, бұрында, бұрындары, бұрын, баяғыда, қадым заманда, есте жоқ ескі заманда, көне, ерте, бағзы, байырғы, әріде, арыда (арий сөзі) арғы сөздері бізді ілкі заманға қаншалықты жетелесе, ілкі замандағы осыны естігендерді де соншама алыс алғы замандарға жетелеген-дүр. Неге бұған назар аудармасқа?!
Палео-протоқазақтығымызды айтпасақ, қазақ ұлт ретінде тарихи-әлеуметтік болмысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен, 1991 жылдан тәуелсіздік алғаннан, 1986 жылдан, ХХ ғасырдың басында алаш интеллигенциясы кезінен таныды, тіпті әлі де мүлдем танымады деген секілді мың сан тұжырымдар астында қаламыз. Онда да бұның барып тірелер кезі әрі кетсе – хандық дәуір. Сондықтан протоқазақ, арғықазақ тұрғысынан ғана әңгіме қозғау әділетті. Әйтпесе Қорқытты, Фарабиды, Анахарсисті және басқасын жоғалтамыз.
Қазақ өзінің болмысын тарихи дәуір басталмай тұрып таныған
Асылында, қазақ ұлт ретінде өз болмысын, тарихи-әлеуметтік болмысын тарихи дәуір басталмай тұрып таныған. Үш Алтай атырабындағы ұлан-ғайыр жерде пайда болған халық алдағы уақытта гипотетикалық түрде талай бөлініске түсетінін, не мәжбүрліктен, не қажеттіліктен әр тарапқа шашырайтынын саналы түрде түсінген. Тиісті мәнділіктерді орнықтырған соң саналы түрде шартарапқа шашылған, жайылған, таралған. Асан Қайғыдан бұрын-ақ Жерұйықты іздеген. Уақыттық-футуристік біліммен қатар ол халықтың кеңістіктік-географиялық, космологиялық білімдері болған. Күллі жер-жаһанды шарлап, қай жерде не бар екенін біліп барып нақты әрекеттерге көшкен. Ғылыми дәлелденгендей қазақ жерінде ең алғаш жылқы қолға үйретілгенін, дөңгелек ойлап табылғанын, тұрағының бұрышсыз жұмыр домалақ болғанын ескерсек, бұл жайттар өте күрделі интеллектуалдық әлеуетсіз болуы мүмкін емес. Жылқыны қолға үйретудің өзі жылдамдық, энергияны сақтау, басқару (тізгіндеу), баланс (ер тоқым ауып кетпеудің алдын алу), теңгерім мен салмақ (үзеңгі) туралы білімдерсіз мүмкін емес. Ал бұл білімдер қатынас құралы тіл қызметінсіз неғайбыл. Сондықтан ең алғаш тілін дамытқан халық-тын. Білімдері негізінде болмыстағы заттар мен құбылыстарға берген атаулары нақпа-нақ болған. Уақыт пен кеңістік мәнінен жер-жаһанның қай тұсында болсын, атаулар мен топонимдер салған жерден қазақ тілімен үйлесе кететіні осыдан болса керек. Мұндай үйлесім мен үндесімді алдыңғы жазбаларымда компаративтік салыстырма жолымен негіздеуге тырысып баққаным белгілі. Тіпті сөйлемдер құрауға талпыныс жасап көрген едім. Назарда жүруі керек бір жайт – әлем тілдерінің бастапқылығы мәселесі. Сол алғашқылыққа төл тіліміз сұранып тұрғандай. XX ғасырда мұндай қызығушылықтардан көптеген тұжырым туындаған.
Алайда көп зерттеулер бір-біріне қарама-қайшы келгендіктен, бұл мәселе берері мен болашағы жоқ саналып, жылы жабылып қалған. Ал зерттеулердің бәрі дәлелденуі екіталай, ғылыми емес деп келте қайырылған. Солардың бірі кеңестік лингвист Николай Марр ұсынған «Тіл туралы жаңа ілім» еді. Николай Марр қазіргі тілдер өз лексикасын бар болғаны «төрт» базалық элементтен алатынын тұжырымдаған. Ол төрт базалық элемент – адамзат тарихындағы ең алғашқы төрт сөз. Ол сөздер мыналар: сал, бер, йон, рош. Йон мен рош жайлы әр аспектілі талдап барып (жан, рас т.б.) жақындығын негіздеуге болады. Ал мұндағы САЛ және БЕР – тұп-тура қазақ сөздері. Бұған ешкімнің де таласы жоқ. Демек Марр ұсынған сөздердің 50%-ы – қазақ сөздері. Сұхбат басындағы (біраз адамға күлкілі болатынын да білемін) Алматы туралы ойды еске түсірсек, «Адам», «алма» сөздері жер тұрмақ жұмақтан бастау алған десем, әрине, асылық болар. Дегенмен осындай құнды лингвистикалық артефактілер тұрғанда, қазақ өз болмысын есте жоқ ескі заманнан таныған деуге толық негіз бар секілді.
Жоғарыда айтқанымдай, күллі жер-жаһанды шарлап, қай жерде не бар екенін біліп барып құрлықтың нақ ортасында екенін сезінген. Содан дүниенің түп қазығы ретінде өздерін «қазық» ретінде санаған. Осыдан «қазақ» этнонимі өрбиді. Астроәлемді ұғынып, жұлдыздарға ат береді. Тас төбесіндегі жұлдыз шоғырын «темірқазық» атайды. Осылайша, нақты әрекеттерге көшеді. Алдымен күншығысты бетке алып, 50 мың жыл бұрын (оншақты жыл бұрынғы: «АМЕРИКА протоқазақтар мен теріскей түркілерінің байырғы мекені немесе «550-5500-55000 формуласы» атты жазбамдағы 55000 саны осы алғашқы көштің болжалды уақыты) ағайын бұғазынан (Дежнев, Беринг жүзіп өткенге дейін бұғаз Аниан, Аийн аталған) Альяска арқылы солтүстік жарты шарға өтеді. Бұл ғасырларға созылған көш болған. Көш соңынан қалған іздер сайрап жатыр. Ол іздер берісі Түрік мұхиты (Солтүстік мұзды мұхит) мен Қиыр Шығысқа дейін таралған сандаған түркизмдер мен түркілік топонимдерді, ұлттар мен ұлыстарды қалдырды: Хабар, Кәмшат, Іркіт, Байкөл, Енесай, Таймыр т.б. Бұл байланыстар жеткілікті зерттелген, бірақ танылмай жатыр деп айтуымызға болады.
Біздің дәуірімізге дейінгі V мыңжылдықтарда біздің мекендегі халық Қосөзенге түседі, кейін Иранға, Үндіге тарайды. Қай зерттеуді алып қарасақ та, таяу шығыс халқы скифтер жақтан ауып келген арийлер деп көрсетеді. Арий сөзі өзіміздің «ары» деген сөзімізбен мәндеседі. Тіпті архи (архив, археология т.б.) сөзі де біздегі «арғы» сөзі. Мұндай тайға таңба басқандай айқын аксиоматикалық шындық арий тайпаларын, біздің мекендегі арғы тайпалар деп болжауға негіз береді. Ал енді осынау арғы тайпалардың Қосөзенде жеткен жетістіктері бәрімізге мәлім. Бұлар жазба тарихта қамтылған. Тек оқылғанда үнемі Қосөзенмен байланысымыз ескерілуі керек. Қаперге сала кеткім келетіні – бәрі қазақтар, бәрі прототүркілер деген сыңаржақ пікірдің жоқтығы. Ұлттар мен ұлыстар, олардың тілі мен ділі, қызылды-жасылды мозайкалы мәдениеті әртүрлі. Бәрі сыйлауға тұрарлық және ешбір ұлт ешқайсысынан артық емес. Бұл жердегі міндет – «байланысымыздың» болғанын көрсету.
Шикілік емес, өміршеңдік бар
- Этрускілердің, баскілердің, Хатт халықтарының, шумерліктердің, Американың байырғы тұрғындарының протоқазақтар екенін жазасыз. Сонымен қатар мұны сол кездегі тілдік қолданысқа сүйене отырып, дәлелдейсіз. Дәлеліңіз қаншалықты сенімді? Сонау біздің заманымызға дейінгі қолданылған сөздердің жиырма бірінші ғасырдағы оқырманға дейін түсінікті болуында «шикілік» бар деп ойламайсыз ба?
- Шикілік емес, өміршеңдік бар. Өшіруге бағытталған сандаған әрекетке төтеп бере алған тілдік жандағы сірілік бар. Шикілік емес, тіл құдыреті. «Тіл – болмыстың үйі» деген М.Хайдеггер сөзін тағы мысалға келтірейін. Ол сөздерді өзіңіз де оқып отырсыз, түсініп отырсыз. Татар да башқұрт та түсінеді. Марр көрсеткен жаратылыстағы ең алғашқы сөздер қазақ сөздері болып тұр. Этрускідегі ақ бізде ақ болса, тамах, кус, су, ет, булт, ат, кун бізде: тамақ, құс, су, ет, бұлт, ат, күн болса, хатт тіліндегі таккыл, ашаг, бізде тұқыл, ашық болса қандай шикілік болуы мүмкін?.. Шумер тілінде құраған 14 сөйлем мен сөз тіркестерінің кейбірі: Ен узук сакар (ең ұзақ сахара), Наме де? (немене дейсің, не дейсің?), Дингир таг! (Тәңір жалғыз) УДУНга УДка ТУШ! (Отан үшін отқа түс) және т.б. Теріскей түркілері бойынша: Сиу үндістері тілінде 5 сөйлем, Майя үндістері тілінде 15, Кечуа үндістері тілінде 8 сөйлем мен сөз тіркесін құраған екенмін. Кейбірін келтірейін: ИК САНКЕ ИАСОдым (Екі шаңғы жасадым), БИН ИАШпын (Мен жаспын), КОК АСИК (Аспан ашық), ТАТА, АГЕ, ИПА – КАРИН АС! (Әке, аға, апа – қарным ашты!), АРИК МИСИК (Арық мысық), ИАШ БАЛДИЗ КЕЛди (Жас балдыз келді) және т.б.
Бұл сөйлемдерді ішкі түйсігім сенімді етіп тұр. Шумер тіліндегіні айтсам, егер алда мықты маман табылып түзетулер болып жатса, онда нұр үстіне нұр. Ал теріскей түркілері сөйлемдерін сол кезде қолым жеткен әдеби мәтіндермен, аудиожазбалармен салғастырып баққанмын. Ұмытпасам, 2014 жылдың күзінде Арбатта өнер көрсеткен үндістердің этно-фольк делегациясымен жолығып, кечуа тіліндегі сөздерді түзетіп алғанмын. Сонда олардан үндістерде де біздегідей қап-қара, сап-сары т.б. күшейту элементтері бар екенін білдім. Түркі тілі мен үндіс тілінің жоғарыда айтқан басқа туыстас тілдердің жақындығы дау туғызбаса керек және мұндай жақындыққа өзге тілдер таласа алмайды дер едім. Енді сөздер өзі түйдек-түйдек сұранып тұрса, қалай тоқтам боламыз. Ешбір кхмер тілі мұндай емес қой, шакамуро, шинтурати тектес жапон сөздері үйлесе ме екен; вонг, хван, хи-чи-зо тектес корей, қытай сөздерін қалай жақындатамыз, мысалы?» Айтпақшы, қазақ-түркі тілі мұндай туыс тілден бөлек тіпті мүлдем өзіне жат тілмен де байланыс орната алады. Мысалы, ағылшын тілімен. Ағылшынша: mean бізде мән, boots, foots – аяқ, бұт, teeth – тіс, ox – өгіз, elk – елік (турасы елікті емес бұланды айтады, бірақ мәні бәрібір жақын), dad – ата, әке, basic, basis – басты, негізгі («бас» түбіріне назар аударайық), belt – бел, белдік, белбеу, booze – боза (алкоголь) т.б. осылай жалғастыра беруге болады.
Үндістерге тағы тоқталсам, оларды бізбен тек тіл, тіліміздегі мыңдаған түркизмдер ұқсастырып тұрған жоқ. Алдымен антропологияны алға тартамыз. Яғни түріміз, келбетіміз, нәсіліміз ұқсастығы бар. Сәбилерде кездесетін көк дақтың ұқсастығы бар. Генетикалық ұқсастымыз 70%-ға жуық. Дүниетанымдағы ұқсастықты ерекше атап көрсете аламыз. Бабалар рухына тағзым ету, үлкендерге құрмет, ою-өрнектерінің символдық мәні ұқсастығы, тотемдік тұрғыдан көк бөрі культі ортақтығы, үшбұрышты бойтұмар тағатыны, біз үкі тақсақ, олардың қауырсын, қанат тағатындығы. Басқа да ұқсастықтарымыз көптеген дереккөзде қолжетімді.
Жалғасы бар...